Ресейге кеткен қазақстандықтардың жүргізуші куәлігі жарамсыз болып қалды
2025 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанның жүргізуші куәліктері Ресейде жарамсыз болып қалмақ, бірақ бәріне бірдей емес. Бұрын көрші елде тұруға ықтиярхат немесе азаматтық алғандар енді өз елінде берілген куәлікпен көлік жүргізе алмайды. Осылайша бұған азаматтар айыппұл төлейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Газета.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мәліметтерге сенсек, енді Ресейде бір жылдан астам уақыт бұрын елде тұруға ықтиярхат немесе азаматтық алған жүргізушілерге шетелдік куәлікпен рөлге отыруға тыйым салынды. Бұл талап Қазақстан тумаларына да қатысты. Егер жол полициясы мұндай жүргізушіні тоқтатса, оған әкімшілік жаза қолданылады.
Ресейлік "Коммерсантъ" басылымының мәліметінше, бұл заң бұзушылық үшін салынатын айыппұл мөлшері 5 мыңнан 15 мың рубльге дейін (29,6 мың – 89 мың теңге).
Аталған заң екі жыл бұрын қабылданған, ал 1 сәуірге дейін шетел азаматтары Ресейде жүргізуші куәлігін "жеңілдетілген" тәртіпте – емтихансыз ала алатын. Бұл жеңілдік 2024 жылдың соңына дейін күшінде болды. Енді "жаңа" ресейліктер М, A және B санаттары бойынша тек теориялық емтихан тапсыруы қажет, ал C және D санаттарының иелері авто-мектепте оқып, теориялық және практикалық емтихан тапсыруға тиіс. Тек Беларусь азаматтарына және беларусьтік куәлікпен жүрген ресейліктерге ғана ерекше жағдай жасалған.
Егер қазақстандықтар Ресейге көшуді жоспарламаса, өз елінде берілген жүргізуші куәліктерімен еш қиындықсыз жүре алады. Ал Қазақстаннан Ресейге көшкен азаматтар 2024 жылдың 1 сәуірінен кейін елде тұруға ықтиярзат немесе азаматтық алса, онда олар жүргізуші куәлігін жаңа мәртебесін алған күннен бастап бір жылда ауыстыруға тиіс.
Бұл шаралар жол қауіпсіздігін арттыру және құжаттардың сәйкестігін заң талаптарына сай тексеру мақсатында енгізілген. Себебі ресейлік полиция қызметкерлері шетелдік жүргізуші куәліктерінің түпнұсқалығын және олардың әділ жолмен алынғанын тексеруде қиындықтарға тап болады.
Айта кетейік, Қазақстанда Ресей азаматтары өздерінің "үйдегі" жүргізуші куәліктерімен тек тұруға ықтиярхат алғанға дейін көлік жүргізе алады.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін төмендегі құжаттар қажет:
- Жеке куәлік
- 073/у нысанындағы медициналық анықтама
- Мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) – 4 615 теңге)
- Теориялық емтихан тапсыру
Еске салайық, Алматы полициясы жүргізуші куәлігі жоқ немесе куәлігін алмаған азаматтар ішімдік ішіп, рөлге отырса қатаң жазаланатынын айтты. Егер ол мәжбүрлі медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан жағдайда ереже бұзған азамат құжат алу үшін жеті жылға дейін емтиханға кіргізілмейді. Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін заң бойынша 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі жаза қарастырылған. Мас күйінде көлікті қайталап жүргізу жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырумен және 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Жыл басынан бері мұндай 227 адам анықталды, олардың көбі бұрын сотталған.