Қазақстанда 230 миллиард жымқырды деп іздеуде жүрген кәсіпкер Ресейде соғыс техникаларын шығарумен айналысқан
Қазақстанда "Бюджеттен 230 миллиард теңге жымқырды" деген күдікпен іздеуде жүрген кәсіпкер Анатолий Балушкиннің екі ресейлік компаниясы өткен жылы кірісін он есе арттырған. Компаниялар соғысқа қажетті құрал-жабдықтар мен әскери техника шығарумен шұғылданады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Выход к морю Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: facebook.com/bipek.kz
Басылым мәліметінше, екі компания да әуелі азаматтық мақсатта пайдалануға арналған шынжыр табанды жол көліктерін шығарумен айналысқан. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Балушкин өз бизнесін әскери қажеттіліктер өндіретін компания ретінде өзгерткен. Украина әскері екі компания шығарған көліктердің бірнешеуін жойып үлгерді.
"Русские Вездеходы Пластун" ЖШС және "БВО-Логистик" ЖШС компаниялары өткен жылы кірістерін айтарлықтай арттырды. Бірінші компания табысын 20 рет – 8,3 миллион рубльден (43 млн теңгеден астам) 172 миллион рубльге (894 млн теңгеден астам) дейін, екіншісі – 3,8 миллион рубльден (19 млн теңгеден астам) 373 миллион рубльге (2 млрд теңгеге жуық) дейін өсірген. Олардың негізін қалаушы – Анатолий Балушкиннің 23 жастағы ұлы Антон. Екі жыл бұрын әкесі сияқты Ресей азаматтығын алған”, – делінген басылымда.
Басылымның хабарлауынша, Балушкиннің компаниясы Ресейдің Қорғаныс министрлігімен арнайы келісімшарт жасасқан.
“Жерүсті көліктерін шығаратын “Пластун" компаниясы мен логистикалық операциялармен айналысатын екі компанияның да кірісінің өсуі Ресейдің Қорғаныс министрлігімен тікелей байланысты. Себебі компания мен министрлік әскери жабдық тасымалдау және сатып алу бойынша арнайы келісімшарт жасасқан. Балушкин "Пластун" көліктерін (ол кезде Huskies деп атайтын) әзірлеуді Қазақстанда бастаған. Қозғалтқыш пен беріліс қорабы сияқты агрегаттардың едәуір бөлігі кейіннен Балушкинге тиесілі "Азия-Авто" зауытында құрастырылған "Лада" автокөліктерінен алынған”, – делінген басылым хабарламасында.
“Выход к морю” Telegram-арнасының мәліметінше, Балушкин Қазақстаннан қашқаннан кейін Новосибирскіде азаматтық көліктерді шығару өндірісін ұйымдастырды.
Фото: “Выход к морю” Telegram-арнасынан
“Алайда "шынжыр табанды Ладаларға" сұраныс болмаған. Олардың бағасы: 7,5-тен (39 млн теңге) 12 миллион рубльге (62 млн теңге) дейін. Балушкин “Армия-2023” форумында жерүсті көліктерінің брондалған нұсқасын ұсынды. Өткен жылдың желтоқсанында көліктер қолданысқа ене бастады. Өнімдер оқ өткізбейтін броньмен нығайтылған. Олар сағатына 90 шақырым жылдамдыққа жете алады. Ресей билігі бұрын қол жетімді деректерді жауып тастағандықтан, Балушкин бронетранспортерлерінің нақты санын есептеу мүмкін емес”, – делінген жазбада.
Басылым мәліметінше, Балушкиннің компаниясы өндірген броньды машиналардың құны туралы ақпарат жоқ.
“Өткен аптада "Армия-2024" кезекті форумы аясында Балушкиннің компаниясы өзінің соңғы әзірлемелері – "Пластун-ТТ" таныстырды. "Лада" және "Газель" қондырғыларынан құрастырылған көлік Ресей армиясы қолданатын қытайлық Desertcross-қа балама түрде жасалған”, – делінген хабарламада.
Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, қорғаныс министрлігі осындай 40 көлікке алдын ала тапсырыс беріп қойған. “Пластун-TT” Ресейдегі негізгі қару өндірушілердің бірі саналатын алаңда көрмеге қойылған.
Ресейлік "Русские Вездеходы Пластун" ЖШС Ростехпен байланысы үшін АҚШ-тың санкциясына ұшыраған. Дегенмен америкалық санкция тізімінде Анатолий Балушкин мен ұлы әзірге жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін 2021 жылы Forbes тізіміндегі ықпалды кәсіпкер, миллиардер Анатолий Балушкинге іздеу жарияланған еді. Шығыс Қазақстан облысының беделді кәсіпкері, "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасына іздеу Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпарат сервисінде жарияланған.