Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ресей азаматы қай елде сенатор бола алады? Әрине, Қазақстанда!": Сенат депутаты Талғат Мұсабаевтың қос азаматтығы туралы дерек пайда болды

Ресей Федерациясының батыры және Қазақстанның халық қаһарманы, РФ және ҚР Әскери-әуе күштерінің генералы, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевтың екі азаматтығы бары анықталды. Бұл туралы “Выход к морю” Telegram  арнасы жазған. Ақпаратқа Сенат аппаратының басшысы Максим Споткай пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Ресейден басқа қай елде Ресей азаматы сенатор бола алады? Әрине, Қазақстанда! Талғат Мұсабаевтың уикипедиядағы өмірбаянында (ресми өмірбаянында ол дерек жоқ) оның 2007 жылы Қазақстан азаматтығын алғаны жазылған. Біз оның ресейлік төлқұжатын ешқашан кері өткізбегенін дәлелдедік. Бұған ресейлік мәліметтер базасы көмектесті. Ол жердегі дерек бойынша Талғат Мұсабаев 1997 жылдан бастап ресейлік болғаны жазылған”, – делінген Выход к морю мәлімдемесінде. 

Телеграм арнаның мәліметінше, депутат сол жылы маусымда № 26266 әскери бөлімінде (Ю.А. Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығы, 2009 жылы жабылған) 00ГВ099527 нөмірлі Ресей азаматтығының құжатын алған.

“Нөмірге қарағанда, бұл кеңестік төлқұжат болған. Сол жылдың қазан айында Ресейде КСРО төлқұжаттарын жаңа ресейліктер құжаттарға ауыстыру науқаны басталды. Ресейлік паспорт (4600 сериялы 831126 нөмірлі) Қазақстанның бас ғарышкеріне 2000 жылдың тамызында табыс етілген. Депутаттың сенат сайтындағы ресми өмірбаянына сәйкес, 2007 жылғы 10 ақпанда Талғат Мұсабаев ҚР Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы болған. Яғни, мемлекеттік лауазым, шетелдіктер отыруға болмайды. Уикипедияда оның 2007 жылы Қазақстан азаматтығын алғаны жазылған. Демек ол ресейлік төлқұжаттан бас тартуы керек. Заң бойынша екі азаматтықпен жүруге тыйым салынған. Бәрі орынды”, – деп жазады арна. 

Алайда бірнеше күннен кейін, 2007 жылғы 16 ақпанда Талғат Мұсабаев Ресейде 4606 сериялы және 926549 нөмірлі жаңа төлқұжат рәсімдейді. Қарапайым бюрократиялық процедура. Бұл төлқұжатты 2016 жылы Талғат Мұсабаев Ресей Федерациясында жаңа жүргізуші куәлігін жасату үшін қолданғаны белгілі болған.

“Ресейлік салық комитетінің жылыстаған деректері бойынша 2019 жылы Талғат Мұсабаевтың бұл төлқұжаты әлі де қолданыста болғанын және оның жинақ шотына қаражат (2500 рубльден сәл артық) түскенін анықтадық. РФ ІІМ жанындағы көші-қон бас басқармасының төлқұжаттарды тексеру жөніндегі сервисі Талғат Мұсабаевтың паспорты жарамсыздар тізімінде жоқ екенін растап отыр”, – деп жазылған арна дерегінде. 

Выход к морю деректі салыстыру үшін 2000 жылдың қазан айында Ресей азаматтығын алған депутаттың ұлы Данияр Мұсабаевтың Ресей паспортын (4601 сериялы 209253 нөмірлі) тексеруге болатынын жазды.

“Бұл құжат жарамсыз. Алайда Данияр Ресей Федерациясымен байланысын жоғалтқан жоқ, Воронеждегі (Правда көшесі, 4-үй, анық жалған тіркеу екені көрініп тұр) жеке секторға тіркеліп, тұруға рұқсат қағазын алған. Сондай-ақ Талғат Мұсабаевтың әйелі Виктория (4601 сериялы 809552 нөмірлі) және олардың қызы Камилланың (4602 сериялы 919028 нөмірлі) ресейлік төлқұжаттар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар өткен жылы олар төлқұжаттарын Виктория Вальдемаровна Мәскеу клиникасына барған кезде, Ал Камилла Талгатовна автокөлікті сақтандыруды рәсімдеген кезде қолданған. 

Қазақстанда екінші азаматтықпен қазір көп адамды таң қалдыра алмаймыз. Бірақ Талғат Мұсабаев қазіргі соғыс қимылдары аяқталғанға дейін Мәскеуге бармағаны жақсы болар еді. Дегенмен генерал. Ресей Батыры. Ресми түрде мобилизацияға офицерлер тек 65 жасқа дейін қабылданса да, біз әскери комиссариаттардың жоспарды орындауға тырысып жатқанын көріп жүрміз. Украин тұтқыны болғанша Сенатта қалғаны жақсы”, – деп жазған Выход к морю телеграм арнасы. 

Осы дерекке байланысты Stan.kz порталы Қазақстан Парламенті Сенатына жүгініп көрген еді. Алайда ведомство ақпаратты растамай отыр. 

“Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев – қазіргі таңда Қазақстан Республикасының азаматы. Бұл мәселе бойынша біздің қолымызда басқа ақпарат жоқ”, – деп қысқа қайырған ҚР Парламенті Сенаты аппараты басшысының орынбасары Максим Споткай. 

Талқылау