Ресейде қыз бен жігіт селфи жасау үшін үш автокөлікті өртеп жіберген
Ресейде 19 жастағы жігіт пен оның кәмелетке толмаған құрбысы бірнеше өрт оқиғаларын жасады деп күдікке ілінуде.
Фото: yaplakal.com
Бұл туралы lenta.ru хабарлайды.
Тергеушілердің мәліметінше, өрттің себебі селфиден шығуы мүмкін екен. ІІМ-нің аймақтық басқармасының мәліметінше, 7 қыркүйек күні түнде Никольский ауылында бір уақытта үш автокөлік өртке оранған. Таңертең өрт туралы шағыммен полицияға екі көліктің иесі хабарласады. Полицейлер барлық оқиғаға кінәлі бір ғана адам болуы мүмкін деген тұжырымға келген.
Кейін тәртіп сақшылары қыз бен жігітті қолға түсірді. Белгілі болғандай, олар түн ортасында ауыл ішінде серуендеп жүрген. Әкімшілік ғимарат алдында тұрған Mitsubishi Outlander көлігін көрген жігіт, онымен құрбысын қыдыртпақ болады. Алайда көлікті айдап кете алмаған.
“Көлікті тастай сала екеуі басқаша жол іздей бастайды. Volkswagen Golf көлігін көріп, оны да жүргізуге талпынған. Алайда бұл жолғы ұмтылысынан де ештеңе шықпаған соң, көлікке от қойып, соның фонында екеуі селфи жасайды”, – деп хабарлады полиция.
Әрі қарай да жас жұп екі көлікті өртеп жіберген. Ал таңертең олар подъезден велосипед ұрлап, сол арқылы ауылдың шекарасына дейін жетіп алып, әрі қарай Костромға такси шақырған.
Ұсталғандардың телефонын қарай отыра полиция тағы бір өрт оқиғасын анықтаған. Олар 5 қыркүйек күні де көпқабатты ағаш үйге от қойып, суретке түсіпті. Екеуі бұл әрекетке не үшін барғандарын нақты түсіндіріп бере алмаған. Қазіргі таңда олар уақытша тергеу изоляторына жөнелтілді. Ал жасаған әрекеттеріне қарай қылмыстық іс қозғалды.