"Өз қолымнан татқаны жақсы": Әйел 10 жастағы қызына 2 ай бойы есірткі беріп келген
Ресейдің Барнаул қаласында 33 жастағы ана 10 жастағы қызына есірткі беріп келген. Олар 2 ай көлемінде "жылдамдық" деп аталатын синтетикалық есірткіні бірге тұтынған. Алайда балада галлюцинация басталып, ауруханаға түскен. Жергілікті прокуратура өкілдері қыз ауруханаға түспегенде бұл жалғаса берер еді дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бастапқыда отбасы толыққанды болған. Алайда әйел күйеуімен ажырасып, кейін мүлде араласпай кеткен. “Есірткіні мектептегі біреудің қолынан емес, өз қолымнан татқаны жақсы” деген сенімде болған әйел ішімдік ішіп, барда жұмыс істеген. Оның өзінің де есірткіге тәуелділігі болған.
Тергеу комитетінің мәліметінше, әйел қызын бірге есірткі қабылдауға көндірген және мұның ешқандай тәуелділік тудырмайтынын айтқан.
"Далада серуендегеннен кейін әйел баласымен бірге үйдің кіре берісінде есірткі тұтынған. Келесі жолы мұны үйде қайталаған. Бұдан соң қызда галлюцинация пайда бола бастаған", - деді Ленинский ауданы прокурорының көмекшісі Евгений Березко.
- Көп балалы ана төрт жастағы бүлдіршінді 14 жастағы қызына қалдырып кеткені үшін түрмеге қамалмақ
- "Мен террорист емес, кішкентай баламын": Оқушы "Майнкрафт" ойыны үшін түрмеге тоғытылды
Қыз барлық жерде жәндіктер жүргенін айтып, айқайлай бастаған көрінеді. Бұдан кейін атасы пен әжесі жедел жәрдем шақырып, немерелерін ауруханаға алып барған. Сараптама нәтижесі қыздың есірткі тұтынғанын көрсетіпті. Ал психологпен әңгіме барысында ол барлығын мойындаған.
Дәрігерлер дереу полицияға хабарласқан. Бұдан кейін тергеу комитетіне материалдар жіберіліп, есірткі айналымы мен баланы есірткі тұтынуға мәжбүрлеу деректері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу кезінде анасы есінде ештеңе жоқ екенін және қызы айтса, мұның рас екенін мәлімдеген.
"Отбасы тіркеуде тұрмайды. Мектепте де жақсы мінездеме берген. Анасы қызының тәрбиесімен шұғылданып, мектептен кейін алып кетіп жүрген. Білім алуына қызығушылық танытқан", - дейді Ленинский ауданы Барнаул қаласы бойынша тергеу бөлімі басшысының орынбасары Евгений Фомочкин.
Баланы отбасыдан алып әкесінің қамқорлығына берген. Сотта анасы істегеніне өкінетінін және есірткі тұтынуды доғаратынын айтып жылаған. Оның кінәсін толығымен мойындауы, тергеу жұмыстарына көмектескені және сотталушының ата-анасының және өзінің денсаулық жағдайы жазаны жеңілдететін дерек ретінде қарастырылған.
Баланы есірткі тұтынуға итермелегені, есірткі өткізгені үшін ол 12,5 жыл бас бостандығынан айырылды.
Қыздың жағдайы жақсы, есірткіге деген тәуелділік байқалмаған. Мамандар бұл жағдайды уақыт өте ұмытып кеткенімен, анасының дәл осылай жамандықтан қорғағысы келгені оның өмірінде өз ізін қалдыратынын айтады.
“Мұндай психологиялық жарақат адамда тәуелді іс-әрекеттерге деген бейімділікті тудырады. Мәселе тек есірткі мен спирттік ішімдіктерде емес. Ол тәуелділігі бар адамдармен қарым-қатынас орнатуға бейім болады. Анасының бұл ісінен соң балада әлемге деген жеккөру сезімі туындауы ықтимал. Барлығына сенімсіздікпен қарайды деген сөз. Бұл табиғи психологиялық қорғаныштың әлсіреуіне әкеп соғады. Дәл осыны анасы жасағандықтан, болашақта деструктивті қарым-қатынасты өз балаларына қайталайды. Бұл психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа себепкер болуы мүмкін”, – дейді психолог Елизавета Паневина.
Маман баладағы психологиялық жарақаттың деңгейі мен оның қаншалықты бекіп қалғанын анықтау үшін психологтың көмегі керек екенін айтады.