Ресей "егемендігіне қауіп төндіретін" кез келген іс-әрекет ядролық қарумен жауап беруге негіз болады – Путин
Ресей президенті Владимир Путин 25 қыркүйекте қауіпсіздік кеңесі отырысында мемлекеттік ядролық доктринаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Оның сөзінше, Мәскеу ядролық қару қолдануға құқығы бар деп есептейтін әскери қауіптер тізімін ұлғайтуы керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: РИА Новости
Путин елдің ядролық доктринасына ядролық қаруды қолдану шарттарын нақтылау үшін бірқатар өзгеріс енгізбек.
Биыл 7 шілдеде Санкт-Петербург экономикалық форумында сөз сөйлеген Путин ядролық доктринаны өзгерту мүмкіндігін жоққа шығармаған. Бірақ қазір ядролық қаруды қолдану туралы "ойлаудың да қажеті жоқ" екенін атап өткен еді. Ал 25 қыркүйекте Путин Ресей Қауіпсіздік кеңесінің ядролық тежеу жөніндегі тұрақты отырысында сөз сөйледі. Кремль оның кіріспе сөзін жариялады.
Доктринаның жаңа нұсқасында Ресейге ядролық қарумен ғана емес, жай қарумен де жаппай шабуыл жасалған жағдайда ядролық қару қолдануды ұсынған. Путиннің сөзіне қарағанда, жай қаруға стратегиялық немесе тактикалық авиация ұшақтары, қанатты зымыран, дрон, гипердыбысты зымыран және басқа ұшатын аппараттар жатады. Мәскеу Ресейге әуе-ғарыш шабуылы басталғаны туралы сенімді ақпарат алса, жауап ретінде ядролық қару қолдануы мүмкін.
Путиннің айтуынша, жаңартылған ядролық доктрина жобасында ядролық тежеу қолданылатын мемлекеттер мен әскери одақтар санаты кеңейтіледі. Президент сенімді түрде Ресейге қарсы әуе-ғарыштық шабуыл құралдарының іске қосылуы ядролық жауапқа әкелетінін ескертті. Сонымен қатар Путиннің мәлімдеуінше, Ресей Беларуське жасалған агрессия кезінде де ядролық қаруды қолдану құқығын сақтайды.
12 қыркүйекте ол Киевке Ресей аумағына соққылар жасауға рұқсат беру НАТО елдерінің Украинадағы соғысқа тікелей қатысуы дегенді білдіретінін айтты.
"Бұл зымыран жүйелеріне ұшу тапсырмаларын іс жүзінде тек НАТО әскери қызметкерлері енгізе алады. Украиналық әскерилер мұны жасай алмайды. Сондықтан мәселе Украина режиміне Ресейге осы қарумен соққы жасауға рұқсат беру туралы емес. Мәселе НАТО елдері тікелей әскери қақтығысқа қатыса ма, жоқ па деген шешім қабылданады", – деді Путин.
Батыс баспасөзі Украинаға Ресей аумағына зымыран соққыларын жасауға тыйым салуды жою мүмкіндігі туралы не жазып жатыр?
Украина одақтастарынан өз ракеталарымен Ресей аумағына терең соққылар жасауға рұқсат беруді сұрап отыр. Бұл туралы қазір АҚШ-та сапармен жүрген Украина президенті Владимир Зеленский айтты.
Ақ үй мен Киев Зеленскийдің АҚШ президенті Джо Байденмен және вице-президент Камала Харриспен кездесетінін хабарлады. Ал БАҚ бұл кездесулерден кейін Ресейдің ішіндегі нысандарға Батыс зымырандарымен соққы жасауға рұқсат беру мәселесі бойынша шешім жариялануы мүмкін деп болжам жасап отыр.
25 қыркүйекте кешке Украина президенті кеңсесінің басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Путиннің сөздеріне пікір білдірді.
"Адам үш күндік – біз мұны сарказммен айтып отырмыз, "үш күндік" – "арнайы әскери операцияны" бастайды. Ал бүгін дірілдеген қолымен қағаздан мынаны оқып береді: қараңыздар, егер біз осы соғысты конвенционалдық қарумен арандатсақ, онда біз ядролық емес мемлекетке қарсы ядролық қару қолданамыз. Бұл абсолюттік беделдің түбіне жету. Ресей Федерациясы бұл соғыста одан әрі не болатынын қалай тоқтату керектігін түсінбейтіні анық", – деді Подоляк украиналық телемарафонда (Интерфакс-Украина агенттігі келтірген).
Ресей президенті ядролық доктринага ұсынған өзгерістер соншалықты жалпы сипатқа ие болғандықтан, бұл билікті ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Әсіресе Конституцияға енгізілген соңғы түзетулерді ескерсек, оған сәйкес Ресей құрамына Украинаның екі облысы – Херсон және Запорожье, сондай-ақ Луганск және Донецк "халық республикалары" кіргізілді.
"Ресейдің ядролық қаруды қолдануға көшуінің шарттары нақты бекітіледі. Мұндай мүмкіндікті әуе-ғарыштық шабуыл құралдарының жаппай ұшырылғаны және олардың біздің мемлекеттік шекарамызды кесіп өткені туралы сенімді ақпарат алынған кезде қарастырамыз. Мұнда стратегиялық және тактикалық авиация ұшақтарын, қанатты зымырандарды, дрондарды, гипердыбыстық және басқа да ұшу аппараттарын меңзеп отырмын", – деді Путин.
Еске салайық, бұған дейін Путин Швейцариядағы бейбітшілік саммиті қарсаңында Украинадағы соғысты тоқтатудың шарттарын атағанын жаздық. Ресей президенті Владимир Путин Украинамен бейбіт келіссөздерді бастаудың екі негізгі шартын атады. Ол Донецк, Луганск, Запорожье аумақтарынан, Херсон облыстарынан украин әскерлерін шығару шартын қойды. Сонымен қатар Киев НАТО-ға кіруден бас тартуы қажет екенін айтты.