Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ресей өкілдері кінәлі деп айта аламын": Әзірбайжан президенті ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап етті

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azertag басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Azertag

Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізді. 

“Біз әділдікті, кінәлілердің жазалануын, толық ашықтық пен адамгершілікті талап етеміз”, – деді Әзірбайжан президенті. 



Президент Ильхам Әлиев бұл туралы ұшақ апатында қаза тапқан экипаж мүшелері мен тірі қалған бортсеріктердің отбасы мүшелерімен кездесуде айтты. Сондай-ақ қазір қара жәшікті декодтау процесі жүріп жатқанын мәлімдеді. 

“Апат себебін жақын арада анықтайтынымызға сенімдімін. Нәтиже белгілі болған соң бәрі орнына келеді. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталады. Трагедияны жан-жақты тергеу және оған кінәлілерді жазалау мәселесі шешуші әрі маңызды сәт болмақ”, – деді Әлиев. 

Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. Ұшақ апатында қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері белгілі болды. Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.

29 желтоқсанда қаза болған әзірбайжандықтардың денесі елдеріне жеткізілді. Сондай-ақ Әзірбайжан Ақтаудағы ұшақ апатында мерт болған азаматтарының мәйітіне қайтадан сараптама жасады. 

Талқылау