Қазақстан Байқоңырдан нысандарының бір бөлігін қайтарып алмақ
Сенат депутаттары жолдаған сауалға жауап берген үкімет басшысы Олжас Бектенов Ресей "Байқоңыр" кешеніндегі 234 нысанды Қазақстанға қайтаратынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі
Премьер-министрдің сөзінше, "Байқоңыр" ғарыш айлағының ұшыру алаңдарын жаңғырту мақсатында "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің объектілерін жаңғыртуды көздейтін "Бәйтерек" жобасы іске асып жатыр.
Салаға инвестициялар тарту үшін инвесторлардың "Байқоңыр" кешенінің объектілеріне баруы ұйымдастырылады.
“2022 жылғы 2 желтоқсандағы "Байқоңыр" кешені бойынша үкіметаралық комиссияның 8-отырысының хаттамасын орындау шеңберінде Ресей тарапы жалға алушылар құрамынан шығаруға ұсынылатын 234 объектінің тізбесін ұсынды. Олардың базасында 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құра отырып, өндірістерді ұйымдастыру жоспарланып отыр”, – деді Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов ғарыш саласы инвестицияларды мемлекеттік қолдау шеңберінде басымдыққа ие екенін атап өтті.
Үкіметтің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №13 қаулысымен бекітілген инвестициялық жобаларды іске асыру үшін басым қызмет түрлерінің тізбесіне ғарыш аппараттарын, жүйелерін өндіру, жөндеу, техникалық қызмет көрсету және т.б. сияқты қызмет түрлері жатқызылған.
“Туризмді дамыту мақсатында 2023 жылғы қыркүйекте "Байқоңыр" кешені бойынша үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру шеңберінде тараптар оның базасында ғарыш техникасының үлгілері мен макеттерін орналастыра отырып, музей кешенін құру үшін "Гагаринский старт" 1-ші және 2-ші алаңын одан әрі пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлейді. "Зенит-М" ғарыштық зымыран кешені нысандарының туристік тартымдылығын жақсарту үшін тур бағдарламасы әзірленді, зымыран қозғалтқыштары, "Союз-5" зымыранының макеті орнатылды, киіз үй орнатылып, "Этноауыл" экспозициясы және т.б. жасалды”, – деді Олжас Бектенов.
Бұдан басқа Олжас Бектенов "Байқоңыр" кешенінің "Крайний" әуеайлағының әуе кеңістігін пайдалану және кешенде тұрақты әуе қатынасын қалыптастыру мақсатында Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында мемлекеттік органдар мен аккредиттелген ұйымдардың келісімінде тұрған келісімнің жобасы әзірленгенін айтты.
Еске салайық, Ресей Қазақстанға 2025 жылдан кейін Байқоңыр ғарыш айлағынан "Протон" зымыран тасымалдағышын ұшыруды жалғастыруды ұсынды. Бұл туралы Хруничев атындағы зымыран орталығының бас директоры Алексей Варочко мәлімдеді. Келісім бойынша Ресей тарапы екі жылдан кейін Қазақстан аумағынан "Протонды" ұшыруды тоқтатуға тиіс.