Астанада тіс емдеу кезінде көз жұмған 3 жасар қыздың өлімі: Сотта жаңа күмәндер мен сараптамалық қайшылықтар туындады
Фото: Видеодан скрин
Астанада үш жасар Зере Есентайдың өліміне қатысты сотта стоматолог пен сарапшыларға қойылған сұрақтар жаңа күмән тудырды. Бастапқыда 11 тіс деп жоспарланған ем 18 тіс болып өзгергені, оның өзі баланы наркозбен ұйықтатқаннан кейін айтылғаны анықталды. Сараптамалар да бір-біріне керағар, бірі ишемия, екіншісі жүрек тоқтауы деп отыр. Адвокаттар ми ісінуі мен миокардтың нақты себебі көрсетілмегенін айтып, анестезиологтың жауапқа тартылмауына назар аударды. Сот отырысына қатысқан Stan.kz стоматологтың өзге де жауаптарын ұсынады.
Астанада үш жасар Зере Есентайдың өліміне қатысты іс бойынша өткен кезекті сот отырысында оның емдеуші тіс дәрігері Әбубәкір Тілеуханнан жауап алынды. Дәрігер, әуелі, қыздың ата-анасы қыркүйек айында клиникаға 11 тісті емдеуге келгенін айтады. Кейін дәрігерлер 18 тісті де бір ем-шара барысында емдеуге болатынын түсіндірген. Сот отырысында сол күні болған оқиғаның видеосы көрсетіліп, Әбубәкір Тілеухан қызда кариозды (құрттаған) тістер болғанын, әр тіс бойынша қандай ем жүргізілетіні де түсіндіріп берді.
"Күдікке ілінген маман бізде қыркүйектен бері жұмыс істейді. Жалпы бәріміз аптасына 24/7 режимінде жұмыс істейміз. Жыл басталғалы 50-ден аса балаға наркоз салынды. Егер балалар талапқа сай емес нәрселерді ішіп-жеп келсе, біз наркоздан бірден бас тартып отырамыз. Мұны емхананың бас дәрігері де растайды. 3 жасар қызға северан түріндегі наркоз қолданылды. Оның жасына және салмағына байланысты дәл осы препарат ұсынылады. Себебі 11 жастан кейін ғана балаларға кәдімгі анестезия (Дененің тек белгілі бір бөлігі жансыздандырылып, адам есін жоғалтпайды, бірақ ауырсынуды сезбейді) жасалады. Северан барлық жерде қолданылады. 4 жасқа дейінгі балаларға кәдімгі анестезия салу құпталмайды. Өйткені олар емнің барысын түсінбейді әрі уколдан қатты қорқады", – деді стоматолог сотта.
Сонымен қатар стоматолог айыпталушының қорғаушысы Елеуовтың сұрағына жауап бере отырып, клиникада бір ғана тіс емдейтін кабинет бар екенін атап өтті. Бұдан бөлек Елеуов стоматологтан осы істе маңызды рөл атқарған контурлық көрсеткіштерге назар аударып немесе мән бермегені жайлы нақтылады.
"Бұл нәрсеге ешқашан назар аударған емеспін. Бұл анестезиолог дәрігердің құзыреті”, – деп жауап берді стоматолог Әбубәкір Тілеухан.
Сотта ата-аналар тісті емдеу алдында реаниматолог пен анестезиолог наркоздың зияны жоқ деп айтқанын жеткізді. Ал консультация стоматологпен өткен. Адвокат марқұм баланың анасынан оларды тексеруден өтуге нақты кім жібергенін сұрады. Әйел алғаш рет клиникаға қыркүйек айында жүгінгендерін айтты.
"Осы кезде басқа дәрігер болған. Біз үлкен баламыздың тісін емдеттік, ал Зеремен қайта келгенде басқа дәрігер қабылдады. Сол дәрігер қандай талдаулар тапсыру керек екені көрсетілген қағаз берді", – деді Зеренің анасы.
Елеуов отбасыға 18 тісті бір уақытта емдеу қалыпты жағдай екенін нақты кім түсіндіргенін сұрады. Әйелдің айтуынша, бастапқыда сөз 9-11 тіс туралы болған.
"18 тіс туралы бізге бала ингаляциямен ұйықтап жатқанда ғана айтты. Алғашында 9-11-ден көбірек болуы мүмкін деп ескерткен, бірақ нақты сан айтылмаған", – деді ол.
Оның сөзінше, күйеуі бірнеше рет дәрігерлерден емдеуді екі бөлек келуге бөліп жасауға бола ма деп сұраған.
"Бізге бәрін бір ретте жасауға болады, бұл қалыпты деп айтты. Уақыты 3-4 сағат болады деді", – деді марқұм Зеренің анасы.
Ата-аналар сот залында наркоздың зияны жоқ екен реанимотологпен пен анестезиолог тісті емдеу алдында айтқан дейді. Ал консультация кезінде жауап алынып жатқан стоматологпен де кеңес жүргізілгенін еске салды.
"Сіз тісті емдемес бұрын алдын ала аллергияға анализ жасатқызбадыңыз ба? – деп сұрады айыпталушы тараптың қорғаушысы Елеуов.
"Жоқ анализге жібермедік. Себебі сереранның аллергияға реакция бермейді", – деп жауап берді стоматолог Әбубәкір Тілеухан.
"Ата-анасы сізге баланың бұған дейін пневмониямен ауырғанын айтқан ба еді? Сіздерге осы жайлы ескертті ме, анализдерді көрсетті ме? 7 ай бұрын баланың бронхо-пневмониямен ауырғаны жайлы ескертті ме?" – деді адвокат.
Стоматолог сотта бұл жағдайды анестезиолог зерттеуі керек екенін айтып өтті. Тіс дәрігерінен жауап алынғаннан кейін айыпталушының адвокаты сотта сараптамаға эксперттерді қайта шақыру қажет екенін талап етті. Ол экспертизада ми ісінуі мен миокардияның нақты себебі көрсетілмегенін, аппараттағы ауаның дұрыс болмауы мен бұрынғы бронхиттің ескерілмегенін алға тартты.
"Тіпті экспертизада нақты ми ісінуі мен миокардияның себебі көрсетілмеген. Аппараттағы ауаның дұрыс жұмыс істемеуі, бұрынғы бронхит, наркоздан болатын шок сияқты факторлар нақты зерттелмеген. 4 сағаттық ота миокардияға әкелмейді, керісінше ол айлап қалыптасады. Осы себепті біз нақты дәлелдерге сүйене отырып, баланың қаза табуына жүрек тоқтауы себеп болды деп айта алмаймыз", – деді айыпталушының адвокаты.
Адвокат атап өткендей, бұған дейін прокуратура мен денсаулық басқармасы олардың өтінішін қабылдамаған. Эксперт те медициналық құжаттағы диагноздардың нақты болуына қарамастан, тексеріс барысы талаптарға сай еместігін айтып, қосымша талап қойды.
"Гипоксия салдарынан ми ісініп, кейін жүректің тоқтауына әкеп соққан. Сондықтан айыптаушы тараптың талаптарынан бас тартуды сұраймын", – деді мемлекеттік айыптаушы сотта.
Сотта айыпталушының адвокаты екі сараптама арасындағы қайшылықтарға назар аударып, істі жан-жақты және мұқият зерттеуді талап етті. Бірінші сараптама асқазан ишемиясын көрсетсе, екіншісі жүректің тоқтауын көрсеткен. Адвокат анестезиологтың жауапқа тартылмау керек екенін айтып, толық экспертиза жүргізуді сұрады. Жәбірленушінің адвокаты жүрекке жасалған массаждың және бұрынғы аурулардың өлімге әсерін анықтауды талап етті.
Еске салайық, бұған дейін Астанада жеке стоматологиялық клиникада 3 жасар Зере Есентай 2024 жылғы 30 қазанда 18 тісін бір күнде емдеу кезінде көз жұмды. Наркоз жоспардан ұзақ созылып, медициналық бақылауда бірқатар бұзушылықтар анықталды. ЭКГ жасалмаған, препараттар құжатта көрсетілмеген, жүрек-өкпе жағдайы қадағаланбаған. Сараптама бойынша өлім гипоксиядан, ми ісінуінен және қосарланған пневмония мен жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігінен болған. Іс анестезиологқа қатысты Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы) бойынша қаралып жатыр.
Астанада тіс емдеу кезінде көз жұмған 3 жасар қыздың өлімі: Сотта жаңа күмәндер мен сараптамалық қайшылықтар туындады