"Ректор грантынан айырғанын 1 жыл бойы айтпаған": Қазақстандық әйел Narxoz университетінде оқитын қызы оқудан шығып қала ма деп қорқады
Редакциямызға хат жолдаған шымкенттік әйел Narxoz университетінде оқып жүрген қызы үшін араша сұрап, ЖОО-дағы әділетсіздікке шағымданды. Сөзінше, 2 жыл бұрын ректор грантын жеңген қызынан биыл университеттегі оқу ақысын тез арада төлеуді талап етіп, жазғы емтиханға кіргізбеген. Енді ол баласы оқудан шығып қала ма деп қорқады.
Фото: Яндекс карта
Әділдік іздеген әйел редакциямызға жүгініп, оқиғаның мән-жайын айтып берді. Сөзінше, қызы 2022 жылы 125 High School мектебін аяқтаған. Ол қызының есімін жасырын қалдыруды сұрады. Мектептен Narxoz университетіне ректор грантымен оқуға жолдама алған екен. Алайда 2-курстың соңына қарай 1 топ студентті жазғы емтиханға кіргізбей, басшылық тез арада оқу ақысын төлеуді талап еткен.
“Қызым қазір Narxoz университетінің 2-курс студенті. Жақында оған ”гранттан айырылдың, енді оқу ақысын төле” депті. Не үшін десе, былтыр 1-курстың жазғы емтиханында төмен балл алды деген екен. Бірақ былтыр емтиханын тапсыра алмаса, неге сол кезде гранттан айрылатынын ескертпеген?! 2-курста қызым оқуын жалғастыра берді, қысқы емтиханды да тапсырды. Енді жазғы емтиханға екі күн қалғанда оқу ақысы деп 1миллион 400 мың теңге талап етіп отыр. Егер былтыр құласа, неліктен қысқы емтихандарды тапсыртты?” – деді ашынған ана.
Бір топта оқитын бес студент дәл осы мәселеге тап болған екен. Олардың төртеуі оқу ақысын төлеп қойыпты. Ал редакциямызға жүгінген әйел мұны бейжай қалдырмай, мәселенің дұрыс шешілуін қалайды.
Студент қыз жартылай жетім екен, аз қамтылған көпбалалы отбасынан шыққан. Енді 27 мамырға дейін оқу ақысы төленбесе, оны университеттен шығарып жіберуі мүмкін. Санаулы күнде қомақты соманы таба алмаған ана күйзеліске түстім деп отыр.
“Жағдайы барлар оқу ақысын төлеп тастады. Ертерек айтып, сессиядан аз балл жинаған сәтте ескертсе, біз басқа амалын қарастыратын едік. Қызымның айтуынша, көбі құжаттарын алып, оқудан шығуға мәжбүр. Бұл сонда университеттің құйтырқы саясаты ма? Әдейі ескертпей, “2 жыл оқыды, оқу ақысын бәрібір төлейді” деген ғой. Әйтпесе грантты басқаға беру үшін әдейі жасалған ба?” – деп күйінді шымкенттік ана.
Университет әкімшілігі оларға мұндай ақпаратты ескертуге міндетті емес екенін, студент өзі білуге тиіс екенін айтқан. Сөзінше, базада 1-семестрде сессияға рұқсат етілгенімен, 2-семестрде автоматты түрде шығарып тастайды.
Stan.kz тілшісі университетке сауал жолдап, жағдайды түсіндіруін сұрады. Алайда баспасөз қызметі тілшіміздің сауалына жауап бермеді.