Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Red Jolbors коммуникациялар фестивалінде Қазақстан екінші жыл қатарынан «Жыл елі» атанды

Алматыда Red Jolbors XII Орталық Азия коммуникациялар фестивалі өтті. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан мен Армениядан жарнама саласының үздік мамандары жиналды. 12 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан Red Jolbors бағдарламасы аясында әлемдік мықты мамандар өз тәжірибесімен бөлісіп, үздіктер марапатталды. Stan.kz тілшісі шара ұйымдастырушылары және жеңімпаздарымен тілдесті. 

Іс-шараның қорытындысы бойынша екінші жыл қатарынан Қазақстан "Жыл елі" мәртебесін алды. Отандық агенттіктердің үздік жобалары арқасында 241 балл жинап, Қазақстан осы жүлдені иеленді.

Жобаны ұйымдастырушы Сабина Рейнгольд осы жылы Jolbors Awards марапаттау рәсімі керемет өткенін айтады. Байқауға қатысушылар өз кейстерін ерекше етіп дайындаған, ал жеңімпаздарды анықтау кезінде қазылар алқасы арасында қызу талқылаулар болған.

"Біздің фестивальге Голландия, Англия, Италия және Малайзиядан осы жарнама және коммуникация саласының мамандары келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. 2 пікірталас алаңында брендтер мен инфлюенсерлер және брендтер мен шығармашылық адамдары өзара байланыс орнатып, ой бөлісті. Оған музыкант Молданазар, суретші Мими Ильницкая және әнші BikaBrizzy сынды отандық танымал тұлғалар қатысты. Осы жылы Қазақстандағы коммуникация және жарнама салаларының даму деңгейі әлдеқайда шарықтағанын түсіндік. Оған әрине біздің Jolbors Festival-дің де әсері болғаны анық", – дейді Red Jolbors негізін қалаушы Сабина Рейнгольд.

Фестиваль қорытындысы бойынша жылдың "Ең үздік агенттігі" номинациясын қазақстандық "SEED" креатив агенттігі ұтып алды.

"Біз Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де жұмыс істейміз. Өз жұмысымыздың нәтижесін көрсету үшін Jolbors Festival-не үздіксіз қатысып келеміз. Әсіресе, соңғы 4 жылда үздік кейстерімізді жолдадық. Себебі бұл Орталық Азияда теңдесі жоқ жоба. Осы фестивальге қатысып, үздік нәтижелер көрсетіп, оған жүлде алған кезде біз шабыттана түсеміз. Осы жылы жүлде аламыз деген үміт болды. Бірақ "Үздік агенттік" атанамыз деп ойламадық", – дейді "SEED" агенттігінің директоры Дмитрий Волков.

Ол фестивальдің тек үздіктерді марапаттап қана қоймай, жыл бойы жақсы жұмыс істеуге шабыттандырып, әрі қарай әлемдік аренаға шығуға мүмкіндік беретінін айтады.

Ал фестивальдің "Гран-при" жүлдесі әзірбайжандық Endorphin агенттігіне бұйырды. Агенттік директоры Фархад Шабанов биыл фестивальге қатысу үшін арнайы келгенін айтады.

"Бұрын Jolbors Festival-не қатысқанбыз, бірақ осы жолы саладағы үздік мамандармен танысу үшін өзім арнайы келдім. Әр елден үздік мамандар келіп, тәжірибе алмасып, жаңа агенттіктерді көріп, үздік кейстермен таныстық. Меніңше, жобаның басты ерекшелігі – осындай мықты мамандардың басын қосып, оларды бір мақсатқа жетелеуінде. Мұнда жеңіске жету әрине біз үшін үлкен құрмет. Алайда бірінші кезекте, бір-біріміздің жұмысымызды бағалап, жаңа идеялар тапқанымыз әлдеқайда маңызды деп ойлаймын", – дейді Endorphin агенттігінің директоры Фархад Шабанов.

Red Jolbors – шығармашылық, коммуникациялық және жарнама агенттіктерінің өкілдері, өндіріс және дизайн студиялары, маркетологтар, бренд менеджерлері, PR мамандары бас қосып, пікір алмасып, үздіктерді таңдайтын фестиваль. Оның миссиясы – креативті индустрия өкілдерінің кәсіби қауымдастығын құру және дамыту. Алғашында Қырғызстанда құрылған фестиваль, 2018 жылдан бері Қазақстанда өтіп келеді. 

Талқылау