Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Реал Мадрид" "Ювентусты" жеңіп, 2025 жылғы клубтық әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды

Фото: Reuters

Мадридтік "Реал" 2025 жылғы клубтық әлем чемпионатының 1/4 финалына шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Испаниялық клуб туриндік "Ювентусты" 1:0 есебімен жеңді. Ойынның жалғыз голын 54-минутта "Реал" академиясының түлегі Гонсало Гарсиа соқты. Оған голдық пас берген — Трент Александер-Арнольд. Бұл гол мадридтік клубқа келесі кезеңге өтуге жеткілікті болды.

Жарақатынан айығып, команданы толықтырған Килиан Мбаппе осы матчта алғаш рет алаңға шықты. Ол екінші таймда ойынға қосылғанымен, айтарлықтай көзге түсе алмады.

Кездесу ыстық әрі ылғалды ауа райында өтті: температура шамамен 30 градус, ылғалдылық — 70 пайыз. "Ювентус" бас бапкері Игор Тудордың айтуынша, бірден он ойыншы ауа райының қолайсыздығына байланысты ауыстыру сұраған.

Айта кетейік, матчтың үздік ойыншысы ретінде орталық алаңда ерекше көзге түскен уругвайлық Федерико Вальверде танылды.

Еске салайық, ширек финалда "Реал" "Боруссия" Дортмунд пен мексикалық "Монтеррей" арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.

Абылайхан Палмағанбет
Сәрсенбі, 02 Шілде, 2025 07:41
Талқылау