Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Рапорт жазып, басқа жұмысқа кету керек": Әскери сарапшы қорғаныс министрі Жақсылықовқа көңілі толмайтынын жеткізді

Әскери сарапшы, отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталов журналист Наима Нұрәліге берген сұхбатында елдегі қорғаныс министрлігінің беделі мен әскердің әлеуеті жөнінде айтты. Ол Қазақстан армиясына реформа енгізу керек деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Әскери сарапшы Қазақстан әскеріне түбегейлі өзгерістер енгізу керек дейді. 

“Әскерді өзгертіп, бүгінгінің талабына сай етіп жасау қажет. Мен өте терең әскери реформа керек деп көп жерде айтып жүрмін. 32 жылдағы 13 министрдің 30%-ы – қарапайым азаматтар. Олардың әскери дайындықтан, әскери білімнен және әскери тәжірибеден хабары жоқ. 13 министрдің 9-ы – "профильді емес" министрлер. Ал олардың болған уақытына қарасақ, 32 жылда 6,5 жыл ғана кәсіби әскери министр болған. Сонда 20%-ы ғана әскерилер болған. Көп жетіспеушілікті байқаймыз. Енді бүгінгі заманда біздің қауіпсіздігімізді дамып жатқан елдер сияқты сұрауға келмейді. Себебі олардың ондай ұғымы, даярлығы жоқ”, – дейді отставкадағы полковник. 

Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, 2010 жылдан бастап қорғаныс министрлігінің қызметкерлері жыл сайын істі болып, сотталған соң министрліктің беделі төмендеп кетті.

“Қазіргі қорғаныс министріне өз тарапымнан кеңес айтқаным дұрыс болмайды. Десе де ол кісі рапорт жазып, басқа жұмысқа кетуі керек деп ойлаймын. Мысалы, ішкі істер министрлігіне баруға болады. Себебі оның даярлығы, білімі сондай. Оның бірінші базалық білімі – әскери білім. Ол бір барлау полкінің бастығы, штаб бастығының орынбасары болды. Одан кейін академия бітірді де, өз еркімен ішкі істер министірлігіне кетті. Сол жақта өсіп, бригада, генерал, қолбасшы, генерал лейтенант, бас қолбасшы, содан соң министрдің орынбасары болды. Бірақ осы аралықта ол Ресейдегі генералды штабтың академиясын бітірді. Бұл кісінің әскери білімі қағазда ғана қалды. Ал тәжірибесі ішкі істер министрлігіне сай. Бұл кісі ішкі істер министрлігіне кетсе, өз орнында болар еді. Министр болса да, ол өз орнында болар еді. Бірақ әскериге келмейді", – дейді Ермек Сейітбатталов.

Отставкадағы полковник жастардың әскерден не себепті қашатынын нақтылады. Әлімжеттік көрсетуден бөлек, әскери басшылардың білім деңгейінің төмендігі де жігіттердің Отан алдындағы борышын өтеуден қашуына үлкен себеп.

“Өткен ғасырда әскерге әлеуметтік жағдайы төмен, кедей, жұмысшылар баратын. Олардың білімі жоқ, киерге киімі, ішерге тамағы болмады. Әскерге барған олардың аталған барлық мәселесі шешіледі. Әскерде мамандық үйретеді. Сөйтіп олар әскерден келгенде көп нәрсе үйреніп келеді. Қазір де әскер сарбаздарды сол дүниелермен қамтамасыз етеді. Бірақ өмір өзгеріп кетті. Қазіргі жігіттердің қолдарында гаджет, қалаған жеріне барады, қаражаты жеткілікті, киімі бүтін, білімі бар. Олар әскерге барса, түрмеге түскендей болады. Әскер тәртіпті талап етеді. Ал үйде еркелеп өскендер ешкімге бағынғысы келмейді. Одан бөлек, әскерде зорлық-зомбылық көрсетеді, банк картасын тартып алады. Мұндайды естіген жігіттер әскерден қашады”, – дейді ол.



Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, жастарды әскерге тартудың жолын қарастыру керек. Сарапшы мұнда да өзгеріссіз болмайды деген пікірде.

“Әскерде сарбаздарға соғыс басталған жағдайда соғысудың, жауды жеңудің әдіс-тәсілдерін үйреткен дұрыс. Киімдермен, тамақпен қамтамасыз етсе, университетте оқитын жігіттердің арасында әскерге барып келгендердің мәртебесі басқалардан жоғары болса, жастар әскерге барудан қашпас еді. Жастарды әскерге тартудың жолын білмейді. Әскердегі командирлер жас сарбаздарды тәрбиелемейді. Жастарды тәрбиеге баулуға олардың педагогика-методикалық, психологиялық білімі мен тәжірибесі де жетпейді”, – деп қорытындылады сарапшы.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда борышын өтеп жүрген сарбаздың құмды дауыл кезінде көз жұмғаны туралы жазған едік. 5574 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаз оқу орталығында далалық жаттығуда болған кезде көз жұмған. Күні кеше эксгумация қорытындысы белгілі болды. 

Талқылау