Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рамазанда уақытты тиімді пайдаланудың әдістері

Алла мадақтаған мәртебелі Рамазан айына саусақпен санарлық күндер қалды. Әрбірімізде айлардың сұлтанын ізгілікпен өткізсек деген ақ ниет бар. Біріміз ауыз ашар мен сәресіге қажетті азық-түліктерімізді қамдап жатырмыз, басқамыз оқитын кітаптарымызды сайлап алдық. Алайда қалай үлгереміз? Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын Рамазанның уақытын қалай дұрыс пайдаланамыз? Ендеше, осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Рамазанда уақытты тиімді пайдаланудың әдістері

Бұл туралы “Асыл арна” телеарнасы хабарлайды.

  1. Алдын-ала жоспарлау. Уақытты игеру үшін жоспарлаудың маңызы зор. Дұрыс жоспарсыз істің нәтижесі де жоқ. Жоспар құруға бірнеше күніңіз бар. Ол үшін мақсатты анықтау керек. Алла Тағала Құранда Рамазан оразасы тақуалықты (Аллаға деген қорқыныш) арттыру үшін парыз етілгендігін және осы айда жолбасшы ретінде Құран түсірлгендігін мәлімдейді. Демек, екі мақсат бар. Аллаға деген танымымызды, қорқынышымызды күшейту және Құранмен дос болу. Жоспардағы әрбір тапсырма осы екі мақсат мүддесіне жұмыс істеуі қажет.
  2. Нақты сағатты анықтау. Құлшынысымыздың күшейіп тұрғаны соншалықты, күніне 24 сағатты құлшылыққа арнауға бармыз. Алайда, бұл мүмкін емес. Әрбірімізге жүктелген жұмыстар бар. Әу баста уақытымыздың көп бөлігін ғибадаттарға арнағанымызбен, айдың ортасында бітпеген тірліктер көңілімізді аулайды да, жүйеден шығып қаламыз. Бұл тығырықтан шығу үшін нақты сағатты анықтау керек. Формула анық: ұйқы, тамақ, жұмыс, жол, отбасы, ғибадат = 24 сағат. Негізінде, орташа есеппен 6 сағат ұйықтап, 8 сағат жұмыс істейтін жандар 6 сағатын Аллаға ұнамды істерге арнай алады. Алайда, жаз маусымы болғандықтан түрлі істер кезекке тұрып алуы ғажап емес. Сондықтан да 3 сағатты жеке қалып, құлшылыққа арнаймыз деп белгілейік. 3 сағатты 29-ға көбейтсеңіз, 87 сағат шығады. Бір айдағы 87 сағатта өмірімізді, білімімізді, танымымызды өзгертетін көп нәрсеге үлгеруге болады. Және бұл сағаттың орнын ешбір нәрсе баспауы тиіс.
  3. Нақты, айқын тапсырмалар қою. Мақсат белгілі, уақыт анық. Енді нақты тапсырма қажет. Тапсырмалар мәнді, айқын, қолжетімді, шынайы, өз қабілетіңіздің деңгейіне сай болсын. Мәселен, «осы Рамазанда Құран тәпсірін оқумен айналысқым келеді» деуіңіз мүмкін. Қандай тәпсір, қай сүрелерге қатысты? Бұл тұманды. Екінші жағынан 29 күнде барлық тәпсірді сіңіру мүмкін емес. Сол себепті, дұрысы – «осы Рамазанда мына автордың Құран тәпсірі кітабын терең түсінемін. Онда 800 бет бар. 29 күнде үлгеру үшін күніне 28 беттен оқуым керек» деу.
  4. Әр тапсырмаға сағаттарды бөлу. Тапсырманы белгілеген болсаңыз, төртінші қадамыңыз сол тапсырмаларға нақты уақытты үлестіру. Мәселен, сіздің күніне 28-30 бет тәпсір кітабын оқуыңыз керек. Ауыз ашқаннан кейін, тарауық намазы алдындағы 1 сағатыңызды осыған арнаңыз. Немесе Құран оқуға таң намазы алдындағы немесе кейінгі 1 сағат, дұға мен зікірге ауыз ашар алдындағы уақыт т.б. Иә, күндер біз қалағандай өтпейді. Тағдырымыз біз күтпеген жаңалықтарды, оқиғаларды дайындап тұрады. Осыған байланысты, күн сайын жоспарды орындай беру де мүмкін емес. Дегенмен, тапсырма бар кезде адам кемінде 20-30 минут уақыт табады. Алла Тағалаға аз да болса, бірақ жиі атқарылатын істердің ұнамды екендігін ескерсек, бұл әдісіміз Алла қаласа, көп игіліктер әкелгелі тұрғанын естен шығармайық.
  5. Таңғы уақытты жібермеу. Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне таңғы уақыт берекелі етілген. Әрі адам миы да ақпаратты осы уақытта жақсы қабылдайды. Сол себепті, таң намазынан кейінгі уақытты барынша ұтымды пайдаланудан қалыс қалмайық. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, ерте тұрған адам көп нәрсеге үлгереді.
  6. Отбасымен бірге болу. Рамазан – отбасылық қатынастарды арттырудың таптырмас мүмкіндігі. Бұл айда шайтандар шынжырланып, адамның рухы жанданады. Жүректерге мейірім ұялайды. Осы сәтті жіберіп алмас үшін ауыз ашар алдында немесе сәресіден кейін аз уақыт белгілеп, отбасы мүшелерімен жиналып салихалы әңгімелер айтуға әбден болады. Немесе жақсы кітаптарды талқылап, білмейтіндеріңізді сұрап, көркем насихаттар тыңдап отыру әрбірімізге пайдалы болмақ. Және осы әдіс Рамазаннан кейін де жалғасын тапса нұр үстіне нұр.
  7. Рамазан – Құран айы. Ілгері буынның ізгілері осы айда Құранды бастан-аяқ оқуға көңіл бөлген. Сондай-ақ, Құранның мағынасына үңіліп, тәпсірін оқу иманға үлкен әсер етеді, жүректерге шипа болады.
  8. Асықпау. Ғалымдар қауымының соңғы зерттеулері бір уақытты бірнеше істі атқарудың (көпфункционалдылық) өнімнің деңгейін төмендететіндігін және немқұрайлылыққа, ыждағатсыздыққа апарып соқтыратындығын дәлелдеп шықты. Адам асыққанда оның миы бірнеше нәрсеге бірдей уақыт бөле алмай қалады да, әйтеуір бірі шала болып шығады. Ал бір іске ғана бүкіл назарыңды салу оның нәтижесін сапалы етеді. Бір кісімен сөйлескенде, қалған істі тастау қажет. Шығармашылық жұмыс жазған адам басқа істі ысыруы тиіс. Сол секілді, Құранды ашып, әлеуметтік желіні ақтарған және баланы жұбатып отырған адам Құран оқудағы тиісті ләзатты ала алмайды. Дұға мен зікірге де ешкім, ешнәрсе кедергі келтірмейтін орын мен уақыттың арналғаны абзал.
  9. Артық қарым-қатынастан алыс болу. Бұл әлеуметтік желіге де, шынайы байланысқа да қатысты. Рамазан – оңашалану айы. Әлеуметтік тіршіліктен бір сәт алыстап, Алламен қарым-қатынасқа көңіл бөлу айы. Негізінде, сөйлесуге уақытымыздың едәуір бөлігін арнап қойғанымызды өзіміз де байқамай қаламыз әрі бұл ойды бөледі. Әлеуметтік желіні аз ақтарып, ауызашарға мөлшермен баратын болсақ, Алла қаласа, қасиетті маусымның рахатын сезіне алмақпыз.
  10. Денсаулықты күзету. Әлсіздікке бой алдырған, ұйқысыраған, жалқаулыққа берілген, ауырған адам тағат-ғибадаттарды тиісінше атқара алмайды. Ал кейбіріміз алғашқы күндерде күшіміздің көп бөлігін сарп етіп, құлшылықта жалығуға ұшырап қаламыз. Орта жолды ұстану, ағзаның халін ойлау, ұйқыға тисінше уақыт бөлу, дұрыс тамақ – міне, осылар сапалы құлшылықтың «көмекшілері». Адамға 6-8 сағат ұйқы қажет. Ерте жатуға тура келсе де, осы тәртіпті ұстанған абзал. Тәтті, майлы, құнарлы, пайдалы тағамдарға ден қойып, сұйықтықты көп ішіңіз. Алла Тағала баршамызға пайдалы білім, адал-ризық несібе, Өзінің құзырында қабыл болатын құлшылықты нәсіп етсін!

 

Талқылау