"Бипэк авто" ісі": Шығыс Қазақстанда "Рахман қайнары" шипажайы мемлекетке қайтарылды
Электронды сауда алаңында "Рахман қайнары" шипажайын мемлекеттік органдардың балансына беру бойынша сауда-саттық өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, шипажай Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының балансына берілді.
“22 тамызда сауда-саттық өтті. Қазір нысанды қабылдауға мемлекеттік органдардан құралған комиссия барды. Шипажайды шетелдік компанияларға беру жоспарда жоқ, – деді ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев.
Айта кетейік, "Рахман қайнары" шипажайы 1964 жылы ашылған. Ондағы минералды радон сулары түрлі сырқатқа ем.
Еске салайық, мемлекеттік мүлікті сату бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы "Рахман қайнары" санаториіне аукцион өткізілген еді. Бұған дейін кешен иесі алаяқтық жасады деп айыпталған "Бипэк авто" автохолдингіне тиесілі болған. “Азия Авто” АҚ және “Бипэк Авто Қазақстан” АҚ бақылаушы акционері болған Анатолий Балушкин халықаралық іздеуде жүр.