Израиль Рафахқа оқ жаудырды, Түркия жаңа конституция қабылдамақ, Трампқа қатысты алқабилер үкім шығарды: Әлемдегі саяси жаңалықтарға апталық шолу
Өткен апта Израильдің Рафах маңындағы босқындар лагеріне әуе шабуылын жасауымен басталды. Бұл әрекет әлем наразылығын күшейтті. Макрон Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей базаларын жоюға мүмкіндік беру керек деген мәлімдеме жасады. Ал АҚШ алқабилері Дональд Трампты 34 бап бойынша кінәлі деп тапқан. Stan.kz тілшісі өткен аптада болған әлем жаңалықтарына апталық шолу ұсынады.
Фото: Anadolu Ajansi
Рафахқа шабуыл
26 мамыр күні кешке Израиль әуе күштері Газадағы халықаралық соттың бұйрығына қарамастан аймақтағы әскери операциясын жалғастырып, Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласына шабуыл жасады. Рафах қаласының солтүстігінде, Тал ас-Сұлтан деп аталатын аймақта босқындар лагеріне оқ атылып, нәтижесінде бейбіт тұрғындардың баспаналары өртке оранған. Палестина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 45 адам қаза тауып, 250-ге жуық адам жараланған. Қаза болғандардың жартысы әйелдер, балалар және қарттар.
Артынша 28 мамыр күні Әл-Мавасидің "қауіпсіз аймағы" деп аталатын аймаққа әуе шабуылы жасалды. Израиль шабуылынан қаза тапқан 21 адамның он үші әйелдер мен қыздар.
Фото: Ашық дереккөздерден
Нетаньяху: Бұл – қайғылы жағдай
Алайда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Рафах босқындар лагеріне жасалған әуе шабуылын "қайғылы жағдай" деп атап, ХАМАС-қа қарсы соғысты жалғастыруға уәде берді.
"Барлық мақсаттарға қол жеткізілмейінше, мен соғысты тоқтатқым келмейді. Рафахта біз миллиондаған тұрғындарды эвакуацияладық, бірақ біздің күш-жігерімізге қарамастан, кеше қайғылы оқиға болды. Біз бұл оқиғаны зерттеп, қорытынды шығарамыз, өйткені бұл біздің саясатымыз", – деді ол.
Израиль билігі Рафахтағы жексенбі күнгі соққыдан Хамастың екі жоғары лауазымды тұлғасы Ясин Рабия мен Халед Нагар өлтірілгенін хабарлады.
"Ереуіл халықаралық құқыққа сәйкес заңды нысандарға қарсы дәлме-дәл оқ-дәрілерді қолдану және ХАМАС-тың аймақты пайдаланып жатқанын көрсететін нақты барлау мәліметтеріне негізделген", – делінген хабарламада.
Халықаралық қауымдастықтар Израильдің әрекетін айыптады
Израильдің соққысы халықаралық, соның ішінде гуманитарлық ұйымдар, БҰҰ және ЕО тарапынан айыпталды.
Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррел Израильдің Рафахтағы шабуылды тоқтатуға бұйрық берген БҰҰ сотының шешімін құрметтеуге тиіс екенін айтты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Рафахтағы соққыға байланысты шұғыл жиналыс жасады.
"Газада қауіпсіз орын жоқ. Бұл сұмдықты тоқтату керек", – деп жазды БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш әлеуметтік желідегі жазбасында.
Халықаралық сот Израильге Рафахқа шабуылын тоқтатуды бұйырды.
Израиль мен ХАМАС келіссөздеріне делдал болып отырған Катар Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаның тоқтап қалған келіссөздерді қалпына келтіру және кепілге алынғандарды босату әрекеттеріне кедергі келтіруі мүмкін екенін ескертті.
АҚШ шенеуніктері "Израиль бейбіт тұрғындарды қорғау үшін барлық сақтық шараларын қабылдауы керек" деген мәлімдеме жасады.
Фото: AP Photo
АҚШ-та алқабилер Трампты 34 бап бойынша кінәлі деп тапты
Нью-Йоркте өткен сот отырысында алқабилер АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты порно актриса Сторми Дэниэлске ақша төлеу үшін ұйымының қаржылық есебін бұрмалады деген айып бойынша кінәлі деп тапты.
Трамп барлық 34 бап бойынша кінәсі дәлелденді. Ол АҚШ тарихындағы алқабилер соты жасаған қылмысы үшін сотталған алғашқы экс-президент.
Алқабилер 11 сағатқа созылған талқылаудан кейін шешім шығарған. Жеті ер адам мен бес әйелден тұратын қазылар алқасы әр есеп бойынша бірауыздан шешім қабылдауы керек еді. Судья Хуан Мерчан үкім 11 шілде күні жарияланатынын хабарлады.
Американдық сот процедурасының ережелеріне сәйкес, сотталушы алқабилер алқасы кеңесіп жатқан уақыт бойы сот ғимаратында қалуы керек еді. Үкім жарияланғаннан кейін Трамп өзінің кінәсіздігін қайталап, үкімді масқара деп атады.
Еске салсақ, қазір АҚШ-та сайлау алды шаралар өткізілуде. Трамп Президенттікке үміткер ретінде ұсынылған. АҚШ заңы тұтқындарға президенттік сайлауға қатысуға тыйым салмайды.
АҚШ-тың бұрынғы президентіне қатысты тергеуге 2018 жылдың қаңтарында The Wall Street Journal басылымында шыққан ақпараттан кейін басталған.
Фото: Түркия президентінің баспасөз қызметі
Ердоған: Түркияға жаңа конституция қабылдау қажет
Ердоған Түркия 1982 жылдан бері қолданылып келе жатқан Негізгі заңын жаңарту мәселесін қайта көтерді.
"Түркияға жаңа Конституция қажет, онсыз ел алға жылжи алмайды. Егер 1921 және 1924 жылдардағы конституциялар алынып тасталса, онда біздің барлық конституциямыз қамқоршылық директивалары бойынша құрылып, халыққа байланған. Мен жаңа заң қабылдауды парыз деп санаймын", – деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.
Түрік президенті жаңартылған құжат "азаматтар жасаған инклюзивті және либералды Конституция" болуы керек деді.
Конституцияға түзетулер депутаттардың дауысымен қабылданады. Түзетуді мақұлдау үшін жаңа заң дауыс берушілердің бестен үшінің қолдауына ие болуы керек.
Түркияның қазіргі Конституциясы соңғы рет 2017 жылы өзгертілген. Содан кейін Ердоған заңға бірнеше түзетулер енгізген. Нәтижесінде Түркия президенттік республика атанды.
Фото: Ашық дереккөзден
Макрон: Украинаға Ресейдің әскери базаларын бейтараптандыруға мүмкіндік беру қажет
28 мамырда Берлин маңындағы мезеберг сарайында Германия канцлері Олаф Шольцпен бірлескен баспасөз мәслихаты өтті.
Франция президенті Эммануэль Макрон Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресейдің әскери базаларына қатысты пікір айтты.
"Біз Украинаға зымыран ұшырылатын әскери базаларды бейтараптандыруға мүмкіндік беруіміз керек", - деді Макрон Германия канцлері Олаф Шольцпен бірлескен баспасөз мәслихатында.
Германия канцлері Олаф Шольц Украинаға қойылған тыйымды алып тастауға ешқандай себеп жоқ екенін айтты. Италияның Сыртқы істер министрі Антонио Таяни де тыйымның жойылуына қарсылық білдірді.
Шектеулерді алып тастау идеясын Латвия президенті Эдгарс Ринкевич, НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг, Нидерланд қорғаныс министрі Кайса Оллонгрен және Чехия премьер-министрі Петр Фиала қолдады.