Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуім, қайын ағам, қайын сіңілім - бәрі 2000 доллардан салды": Қазақстандықтар желілік маркетинг құрығына отбасымен ілініп жатыр

Қазақстандықтарға тез байып, жетістікке жетуге ұсынатын желілік маркетинг компанияларының арасында "Qnet" компаниясының атауы жақсы таныс. "Бізге кірсең, ақшаға кенелесің" деп құлағыңа майдай жағатын сөздермен арбап, бұл компания талайды тақырға отырғызған. Барлығы заңға сай деп айтудан тайынбайтын компания туралы заңгердің айтар уәжі бар. Stan.kz тілшісі "Qnet"-ке кіріп, күйініп қалғандармен тілдесіп, оқиғасын тыңдады.

Т.Жүргенов академиясында білім алған Айкерім Оразғалиева дәл осы компанияға отбасымен алданып қалғанын айтады. Алдымен күйеуі, сосын қайын ағасы, кейін қайын сіңілісі ақша салып, бастарына бірнеше жылға несие арқалап қалған. Оқиғаның жай-жапсары туралы былай дейді. 

"Отбасымызбен алдандық десем болады. Бірінші күйеуім тіркелді. Компания өкілдері оған өтірікті судай сапырып, басын айналдырған. Сосын қайын ағам 2000 мың доллар беріп тіркеледі. Ал қайын ағам қарындасының атынан 2000 долларды өзі төлеп тіркеп қояды. Бас-аяғы 6000 мың долларды сол компанияға салдық. Ақша салған соң, бізге адам әкелесіңдер деді. Сол компанияның тауарларын сату керек болдық. Не сатып жатқанымызды өзіміз түсінбедік. Былайша айтқанда жарнамасына алданып қалдық", - дейді ол.

Алматылық келіншектің сөзіне сенсек, алғашында компанияның "арам" жолмен ақша табатынын білмей қалған көрінеді. Абырой болғанда, көзі ашылып компаниядан тезірек құтылуға тырысқан. Бірақ...

"Бақытымызға орай, біз адам тіркемедік. Өйткені дер кезінде көзіміз ашылды. Мұндай жерге адам тіркеу харам болып кететінін білдік. Тіркеген адам үстінен пайыз алып отыру - харам. Бірақ салған ақшамызды сұрап: "Біз жұмыс жасамаймыз, басталмай тұрып ақшамызды қайтар" дедік. Тіркеген адам ақшаны шет елге аударып жібергенін айтты. Солай алдап, өздері біздің ақшаны бөліп алады екен. Бізге осы компанияны жарнамалаған адамнан ақшаны қайтаруды талап еттік, нәтиже болмады", - деген ол компания берген сыйлықтар пайдамызға жарамады деп отыр.

Компаниядан 6000 мың долларға су тазартқыш, саяхат картасы және алтын кулон бұйырған екен. Келіншектің айтуынша, берген заттардың рахатын көрмеген. Саяхат картасын жаратқысы келгенімен барып-келу билеті, жол ақысы миллион теңгеден асып жығылатын болғандықтан сандық түбінде жатыр дейді ол.

"Сол сәтте ақша қатты керек болып, қысылып жүрдік. Компания өкілдері біраз ақша шығарып аласыңдар деп сендірді. Бірақ адамды арам жолмен өтірік айтып тіркеу керектігін білмедік. Небір құйтырқы әрекеттерін көрдік. Бірақ дер кезінде көзім ашылып құтылғаныма қуанамын", - дейді келіншек өткен өмірі туралы. 

"Qnet" компаниясының Қазақстанда "өмір сүріп" жатқанына 12 жылдан асқан. Осы күнге дейін талайды сан соқтырып, тақырға отырғызса да жұмысын тоқтатар емес. Компания үстінен қозғалған қылмыстық істер көп. Бірақ тамыры терең шет елдік компанияның тіреуі мықты ма, әйтеуір бұл іске ешкім тоқтау сала алмай келеді. 

Ал Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айжан Qnet-тің құрығына енем ілініп қалды дейді. Айтуынша, үлкен кісінің қомақты қаржы табасыз деп басын айналдырып, несие алдырғанын айтады. 

"Оқиға 2010 жылы болды. Компания өкілдері енеммен бірге банкке барған. Несие алуға көмектескен. Бұл іске шатылғаны туралы енем ешкімге айтпаған. Тек 1-2 аптадан кейін қыздары естіп, компания кеңсесіне барса, ақша қайтарылмайтынын айтқан. Меніңше, qnet-тің банктермен де байланысы бар секілді. Алған 700 мыңды екі жылда миллион жарым етіп төлеп бітірдік", - дейді ол. 

Qnet- тен нәпәқасын тауып жүргендермен тілдескенімізде барлығы адал жолмен келетінін, жұмыс істесе, компания ақша төлейді деп өздерін сендіріп тастағанын байқадық. Қолындағы барын беріп отырған компанияның қаржылық пирамида екеніне сенгісі келмейді. Керісінше, жақсы жұмыс істесең, компания ақшаңды төлейді деп жұмыс істеуге шақырады. 

Алғаш танысуға барғанда сізге компания туралы барынша ақпар беріп, жарнамалайды. Олар: "Назарбаевтың өзі бұл компанияның жұмыс істеуіне рұқсат берген"-мыс, екінің бірі демеуші бола алмайтын Манчестер футбол командасына қолдау білдіреміз, Қазақстанда пирамидалардың жұмыс істеуіне рұқсат етілген, қайырымдылықпен айналысамыз" деген сынды рас-өтірігі белгісіз ақпараттармен улайды.

Отандық адвокат әрі заңгер Альбина Бахтиярқызы бұл компанияны жақсы білетінін, көптен бері зерттеп жүргенін айтады. Qnet-ке күйінгендер көп келетін көрінеді.

"Соңғы кездері әсіресе әртүрлі ұйымдар ретінде өздерін таныстырып, шын мәнінде,  қаржы пирамидасының жұмысын жасап жүргендер көп. Солардың қатарында Qnet компаниясы да бар. Неге десеңіз, бұл компания қарапайым халық арасында өзін жақсы табыс пен бақытты өмірге жол салатын компания ретінде таныстырады.

Qnet - шын мәнінде бірнеше шет елдік компаниялар жиналған үлкен интернет алаңы. Оның елімізде жұмыс жасауына өздерін консалтингтік компания ретінде таныстыратын компаниялар көмектеседі. Ал шын мәнінде ол қаржылық пирамиданың барлық белгілері бар ұйымдар. Мәселен, елге қысқа уақыт ішінде салған ақшаларын бірнеше есе көбейтіп қайтарамыз деп алдау арқылы үлкен соманы өздеріне тартады. Ол кем дегенде 900 мың-2 млн теңгеден төмен емес. Ал ең маңыздысы ол ақшалардың қайда кетіп жатқаны белгісіз.

Мысалы, Qnet-ке салынатын қаржыға келер болсақ, олар көбіне белгілі бір тауар, туристік картаны сатып алу сияқты әрекеттермен жамылып, кейін ол ақша Малайзиядағы белгісіз шоттарға кетіп жатады.

Менің тәжірибемде сол Qnet компаниясынан клиентімнің 900 мың көлеміндегі ақшасын Малайзиядағы шотынан кері қайтарып алған оқиға бар. Себебі ол кісі осындай алаяқтардың сөзіне сеніп, алданып, қалай несие алып қолдарына ақша ұстатқанын байқамай қалған. Ең қызығы сол Qnet-ті жарнамалап, сол жерде жұмыс істеп жүрген адамдар менің клиентіме айтпастан интернетте жеке кабинет ашып, поштасына хаттарды жіберіп отырған. Біз ақшаны қайтарып алдық. Алайда бұл ҚР заңнамасына сәйкес алаяқтық деп танылады. Мұндай қылмыс екі не одан көп адамдарға қатысты жасалса, 3-тен 7-жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал сол қылмыс аса ірі мөлшерде жасалса (мысалы ондаған миллион сомаға жетсе), онда тек бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады", - дейді заңгер.

Естеріңізге саламыз, ҚР-да қаржы пирамидасына, желілік маркетингке тыйым салынған. Бұл туралы Қылмыстық кодекстің 217-бабында (қаржылық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) нақты айтылған. 

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

Талқылау