Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Qaznews24.kz парақшасының авторына неліктен біреудің әні үшін айып тағылды

Бас прокуратура сатиралық ақпарат тарататын Qaznews24.kz парақшасының авторы Темірлан Еңсебек басқа біреудің әнін жариялағаны үшін ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Instagram парақша qaznews24 

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, әннің авторы әлі де іздестіріліп жатыр. 

"Бір ғана нәрсені айта аламын: Қылмыстық кодекстің 174-бабында “Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыруға” бағытталған материалдарды дайындағаны үшін ғана емес, оны таратқаны үшін де жаза қарастырылған. Ол жерде бәрі түсінікті айтылған", – деді Қойгелдиев. 



Сондай-ақ ол даулы жазба былтыр жарияланғанымен, Еңсебектің неліктен биыл ұсталғанын түсіндірді. 

"Бұл факт 2024 жылы көктемде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықталды. 174-бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды. Қорытындысын алғаннан кейін оған осы бап бойынша айып тағылды", – деді бас прокурордың орынбасары.

Еске салайық, Qaznews24.kz парақшасының авторы, белсенді Темірлан Еңсебек 17 қаңтарда ұсталған еді. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру" бабы бойынша іс қозғалған. 

Кейін полиция департаменті Темірлан Еңсебекті “ұлтаралық алауыздықты қоздыратын айқын белгілері бар материалды орналастырғаны” үшін ұстағанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының дерегінше, қазір Еңсебек Instagram-парақшасында жариялаған “Йоу, орыстар” әнінің авторы іздестіріліп жатқан көрінеді. 

Талқылау