Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жаңа айыппұл пайда болмақ: Сапасыз қызмет көрсеткен психологсымақтар жазаланады

псевдопсихологтарФото: pexels.com

Қазақстанда психологтардың қызметін жүйелі түрде реттейтін дербес заң қабылдануы мүмкін. Мәжіліс "Психологиялық қызмет туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттар талаптарды бұзған мамандарға айыппұл қарастырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Айна Мусралимованың айтуынша, елде психологиялық қызметке сұраныс артқанымен, бұл сала әлі толық реттелмеген. Қазір кез келген адам өзін психолог ретінде таныстыра алады. Заң жобасы алғаш рет психологиялық көмектің құқықтық негізін қалыптастырады. Құжатта:

  • психологтардың білімі мен кәсіби талаптары нақтыланады;
  • барлық мамандарды мемлекеттік реестрге міндетті тіркеу енгізіледі;
  • қызмет көрсету кезінде келісімшарт жасау талабы қойылады;
  • психологиялық көмектің түрлері (офлайн, онлайн, аралас) айқындалады;
  • клиенттің жазбаша келісімі мен ақпараттың құпиялығы қамтамасыз етіледі;
  • психологтарға дәрі тағайындауға тыйым салынады.

Сонымен қатар талаптарды бұзған мамандарға айыппұл қарастырылған. Заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Өз кезегінде депутат Айна Мусралимова қолданыстағы заңнамада мұндай жағдайларға жауапкершілік бар екенін түсіндірді. Егер адам денсаулығына зиян келтірілгені дәлелденсе, кінәлі тұлға Қылмыстық кодексі бойынша жауапқа тартылады. Зиянның ауырлығына қарай айыппұл, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Депутат Ирина Смирнова да заң жобасына сәйкес, психологиялық қызметпен тек мемлекеттік тізілімге енгізілген мамандар ғана айналыса алатынын атап өтті. Ол тізілімде жоқ психолог қызмет көрсеткен жағдайда және оның салдарынан адам денсаулығына зиян келсе, қандай жауапкершілік қарастырылатынын сұрады.

Сонымен қатар депутаттар психологиялық көмек көрсету тәртібін бұзғаны үшін жеке әкімшілік жауапкершілік енгізу қажет деген ортақ пікірге келді. Қазір осы бағытта айыппұл санкцияларын қарастыратын түзетулер талқыланып жатыр, олардың нақты мөлшері екінші оқылымға дейін нақтыланады.

Құжат президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында әзірленіп, психологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасына сәйкес, енді психологтар міндетті түрде мемлекеттік тізілімге тіркелуге тиіс. Сонымен қатар олардың біліміне, қайта даярлауына және кәсіби біліктілігін растауына нақты талаптар қойылады. Мамандар кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттырып отыруға міндеттеледі.

Құжатта психологтардың кәсіби стандарттары да айқындалады. Яғни олардың құзыреттері, қызмет мазмұны мен кәсіби талаптары нақты белгіленеді. Сондай-ақ заң жобасында психологтардың құқықтары мен міндеттері бекітілген. Олардың қатарында:

  • этикалық нормаларды сақтау;
  • клиенттен ақпараттандырылған келісім алу;
  • құпиялылықты қамтамасыз ету;
  • кәсіби құпияны сақтау;
  • клиенттің келісімінсіз ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу талаптары бар.

Ал психологиялық көмек алушылардың құқықтары да нақты көрсетілген. Азаматтар маманды өз еркімен таңдай алады, толық ақпарат алуға, көмектен бас тартуға, шешім қабылдауға қатысуға және өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік алады.

"Кім көрінген психолог болып кетті": Енді психиологтар мемлекеттік тізілімге тіркеледі

Оқыңыз

Маңызды нормалардың бірі – психологтарға медициналық қызмет көрсетуге және дәрілік ем тағайындауға тыйым салу. Сонымен қатар қызмет нәтижесіне кепілдік беруге немесе жалған ақпарат таратуға жол берілмейді.

Заң жобасында "психолог", "психологиялық қызмет", "ақпараттандырылған келісім", "психологиялық көмектің сапасы" және "кәсіби құпиялылық" сияқты негізгі ұғымдар да алғаш рет заңнамалық деңгейде бекітіледі.

Жобаға сәйкес, психологтардың біліктілігін тану және мемлекеттік тізілімді жүргізу құзыреті Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарауына беріледі. Тізілім электрондық форматта жүргізіліп, деректердің ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Заң жобасының негізгі мақсаты – халықтың психологиялық жағдайын жақсарту және өмір сапасын арттыру. Сонымен қатар құжатта заңдылық, еріктілік, құпиялылық, кәсіби құзыреттілік және зиян келтірмеу қағидаттары басшылыққа алынған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда "Психологиялық қызмет туралы" заң жобасы қаралған еді. Бастама авторы Асхат Аймағамбетов. Құжат психологтардың жұмысын заңмен реттеп, бірыңғай тізілім енгізуді көздейді. Енді психологтар міндетті түрде тіркеліп, тек арнайы білімі бар мамандар ғана қызмет көрсете алады. Клиенттің келісімі, этика және қауіпсіздік талаптары күшейтіледі.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 08 Сәуір, 2026 11:36