Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Блогерлер мен коучтар енді психолог бола алмайды: Психологтар мемлекеттік тізілімге тіркеледі

Фото: freepik.com

Мәжілісте психологиялық көмек көрсетуді алғаш рет заңмен реттейтін құжат қаралып жатыр. Депутаттар бұл бастама қоғамдағы сұранысқа жауап беріп, қызмет сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат Айна Мысырәлімованың айтуынша, кейінгі жылдары Қазақстанда психологтарға жүгінетіндер көбейген.

“Бұл білім беру ұйымдарындағы өтініштерден, дағдарыс орталықтарының жұмысынан, әлеуметтік қызметтер мен желідегі белсенділіктен байқалады. Алайда осы уақытқа дейін психологиялық қызмет нарығы реттелмеген. Демек кез келген адам арнайы білімі мен жауапкершілігі болмаса да өзін психолог ретінде таныстыра алады”, – дейді депутат Мысырәлімова.

Депутаттың айтуынша, мұның салдары нақты адамдардың тағдырына әсер етіп жатыр. Сапасыз көмек жағдайды ушықтырып, жалпы жүйеге деген сенімге нұқсан келтіріп отыр.

“Жаңа заң жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Құжатта алғаш рет “психолог” ұғымы нақты анықталып, бұл қызметпен кім айналыса алатыны белгіленеді. Сонымен қатар мамандарға қойылатын білім мен біліктілік талаптары, кәсіби этика және құпиялық қағидалары бекітіледі. Заң жобасы психологтардың құқығы мен міндетін, қызмет алушылардың құқығын нақтылайды. Қызмет көрсету формалары және әдістері де заңмен реттеледі. Мысалы, психологтар психодиагностика, кеңес беру, түзету, психотерапия және дағдарыстық көмек көрсетуге құқылы”, – дейді депутат.

Депутат Айна Мысырәлімованың айтуынша, мұндағы маңызды талаптардың бірі клиентпен міндетті түрде келісімшарт жасау және жазбаша келісім алу. Бұл қызметтің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Мақұлданған заң жобасында психологтардың біліміне, қайта даярлауға және біліктілігін растауға қойылатын талаптар белгіленеді. Олар міндетті түрде мемлекеттік тізілімге енгізілуге тиіс. Сондай-ақ кәсіби даярлық пен қайта даярлау талаптары жүйеленіп, кемінде бес жылда бір рет біліктілікті арттыру міндеті қарастырылған.

“Сонымен қатар барлық практик-психологтарды қамтитын мемлекеттік реестр енгізу ұсынылады. Бұл біліксіз және жалған мамандардың қызметіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Құжатта азаматтардың құқығын қорғауға ерекше мән берілген. Психологтар алынған ақпараттың құпиялығын сақтауға және тек клиенттің мүддесі үшін әрекет етуге міндеттеледі. Тағы бір маңызды норма – психологиялық және медициналық қызметтің ара-жігін ажырату. Бұл саладағы құқықтық белгісіздікті жоюға көмектеседі”, – деді депутат.

Заң жобасында психологтардың құзыреттері мен қызмет мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіби стандартқа қатысты нормалар енгізілген.

Бұдан бөлек, заң жобасында психологтардың құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Олардың қатарында этикалық нормаларды сақтау, ақпараттандырылған келісім алу, құпиялықты қамтамасыз ету, кәсіби құпияны сақтау және клиенттің келісімінсіз ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу талаптары бар.

Құжатта психологиялық көмек алушылардың құқықтары да айқындалған. Атап айтқанда, маманды таңдау, толық ақпарат алу, көмектен бас тарту, өз құқықтарын қорғау және шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар заң жобасында медициналық қызметті жүзеге асыруға және дәрілік ем тағайындауға тыйым салынады. Бұдан бөлек, психологиялық қызмет туралы жалған ақпарат таратуға және қызмет нәтижесіне кепілдік берілетінін мәлімдеуге жол берілмейді.

Депутаттар заң жобасы нарықты шектемейтінін, керісінше оны жүйелеп, кәсіби ортаны дамытуға жағдай жасайтынын айтты.

Құжат қабылданса, елде психологиялық көмектің сапалы әрі қауіпсіз жүйесін қалыптастыруға негіз қаланады.

Заң жобасы не ұсынады

1. Психологтарға нақты талаптар енгізу
Құжатта кімдердің психологиялық қызметпен айналыса алатыны нақты көрсетіледі. Білімге, біліктілікке және кәсіби этикаға қойылатын талаптар белгіленеді.

2. Құқықтар мен міндеттерді бекіту
Психологтардың да, олардың клиенттерінің де құқықтары мен міндеттері айқындалады. Қызмет көрсету стандарттары мен мамандардың жауапкершілігі енгізіледі.

3. Жеке практикаға рұқсат беру 
Психологтар жеке түрде жұмыс істей алады, алайда клиентпен міндетті түрде келісімшарт жасасуы керек. Көмек ерікті әрі саналы таңдауға негізделіп көрсетілуге тиіс.

4. Клиенттің міндетті келісімін енгізу
Кез келген көмек тек жазбаша түрде берілген ақпараттандырылған келісімнен кейін ғана көрсетіледі. Шұғыл жағдайларда ғана бұған ерекше жағдай қарастырылуы мүмкін.

5. Психологтардың мемлекеттік тізілімін құру
Практикамен айналысатын барлық маман арнайы тіркелуге тиіс. Заң авторларының пікірінше, бұл нарықта псевдопсихологтардың болмауына көмектеседі.

6. Құпиялықты қамтамасыз ету
Психологтар кәсіби құпияны сақтауға және клиенттің мүддесі үшін әрекет етуге міндетті болады.

7. Психология мен медицинаны ажырату
Заң психологиялық және медициналық қызметті нақты бөліп, құқықтық түсініксіздікті жоюды көздейді.

Мысырәлімованың айтуынша, бұл заң жобасы қоғамның сапалы әрі қауіпсіз психологиялық көмекке деген сұранысының артуына жауап ретінде ұсынылып отыр.

"Бұл жай ғана заң емес, елдегі психологиялық көмек жүйесін қалыптастыратын негіз", — деп түйіндеді депутат.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 08 Сәуір, 2026 11:02