Қазақстан әйелдер құрамасының теннисшілері Канадаға қарсы алдағы матч туралы өз ойларын білдірді

Billie Jean King Cup іріктеу кезеңінің ресми жеребе тарту рәсімінен кейін Қазақстан әйелдер құрамасының теннисшілері Канадаға қарсы алдағы матч туралы өз ойларын білдірді.
Жұптық сында әлемдік рейтингтің 7-ші сатысында тұрған Қазақстан құрамасының көшбасшысы Анна Данилина ұлттық команда сапында өнер көрсетудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
"Мен үшін Billie Jean King Cup турнирінде Қазақстан атынан шығу – әрқашан шексіз мақтаныш пен жоғары мәртебе. Мейлі өз жеріміздегі дода болсын, мейлі сырт алаңдағы кездесу болсын, мен әр шақыртуды үлкен толқыныспен күтемін. Әрине, бұл ел алдындағы және жанкүйерлер алдындағы зор жауапкершілік. Дәл осы сезім мені әр ойында кортта барымды салып, барынша тер төгуге жігерлендіреді. Көк туымыздың абыройын тағы да қорғау үшін алдағы матчтардың басталуын асыға күтемін", – деді Анна Данилина.

Қазақстанның жекелей сындағы бірінші ракеткасы Юлия Путинцева Бьянка Андреескумен болатын кездесуге қатысты пікір білдірді:
"Өмірде Бьянка екеуміз өте жақынбыз, жиі бірге жаттығамыз. Бірақ ойыншылар кортқа шыққан сәтте – достық мүлдем ұмытылады. Бұл жүз пайыздық ымырасыз жекпе-жек болады. Ешкім ешкімге жол бермейді, ойын соңына дейін шиеленісті өтпек", – дейді Путинцева.

Жібек Құламбаева топырақ төсеніші – ең қолайлы таңдау екеніні айтады.
"Топырақ корттары – біз үшін ең қолайлы жабын және матчтың дәл осы кортта өтуі бізге артықшылық береді. Алдағы уақытта да топырақ төсенішіндегі турнирлерге қатысып, жарыс деңгейін көтеруді және жоғары нәтиже көрсетуді жоспарлап отырмын. Ұлттық құрама сапында "Beeline Аренада" өнер көрсету – өзіңді дәлелдеудің маңызды мүмкіндігі", – деді Жібек Құламбаева.

Ал Соня Жиенбаева US Open турнирінің экс-чемпионына қарсы алдағы бәсеке туралы айтты.
"Бьянка Андреескуге қарсы ойнау – мен үшін үлкен мүмкіндік. Бұл кездесуден күтеріміз өте көп, оған 100 пайыз дайынмын. Ойын нәтижені көрсетеді, ал менің ниетім мен жігерім барынша жоғары", – деді Соня Жиенбаева.
Матчтардың кестесі:
10 сәуір:
- Юлия Путинцева – Кайла Кросс
- Соня Жиенбаева – Бьянка Андрееску
11 сәуір:
- Анна Данилина / Жібек Құламбаева – Ариана Арсено / Александра Ваграмов
- Юлия Путинцева – Бьянка Андрееску (қажет болған жағдайда)
- Соня Жиенбаева – Кайла Кросс (қажет болған жағдайда)
Бес кездесуден тұратын серияда бірінші болып үш жеңіске жеткен құрама іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанады.
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!