Qazaq Air әуекомпаниясының атауы өзгерді
Фото: gov.kz
Qazaq Air әуекомпаниясы атауын VietJet Kazakhstan деп өзгертеді. Тиісті келісімге сейсенбі, 6 мамырда Астанада өткен Қазақстан-Вьетнам іскерлік дөңгелек үстелінде қол қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәмле жекешелендірудің кешенді жоспары аясында жасалғанын атап өтті.
"Біз Sovico Group пен VietJet Air компаниясының VietJet Kazakhstan жаңа брендімен Qazaq Air компаниясын басқару және оның операциялық қызметіне қатысу ниетін жоғары бағалаймыз. Аймақтағы бағыттар желісін кеңейту көлік байланысын нығайтады және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастырады", - деп атап өтті Жақыпов.
Ол мәміленің барлық кейінге қалдырылған шарты орындалғанын, төлем алынғанын және акциялар инвестордың жеке шотына аударылғанын нақтылап өтті. Бұған қоса Жақыпов бүгінгі кездесу жаңа бірлескен жобалар мен екі ел бизнесі арасындағы ынтымақтастықты жалғастыруға бастама болатынын айтты.
"Самұрық-Қазына" мен вьетнамдық VietJet әуе компаниясына иелік ететін вьетнамдық Sovico Group өткен көктемде Qazaq Air әуе компаниясын сатып алу-сату жоспарын жариялады. 2024 жылдың желтоқсанында қор Вьетнамның Sovico тобы кіретін компаниялар консорциумымен авиакомпанияны сатып алу-сату шартына қол қойды. Мәмленің қаржыға қатысты мәліметтері жарияланбады, тек инвесторлар "бірнеше жылдың ішінде" әуекомпания паркін 20 Boeing 737 Max немесе Airbus A321 ұшағымен көбейтуге міндеттелгені айтылды.
Бұл ретте "Самұрық-Қазына" қоры әуекомпанияның 49 пайыздық үлесіне иелік етеді. Алдағы бес жылда Опциондық келісімге сәйкес қор өзінің авиакомпаниядағы қалған акцияларын жергілікті инвесторға немесе консорциумға сата алады.
"Самұрық-Қазына" өкілдері Qazaq Air келісімінің міндетті шарты әуекомпаниясының 38 миллиард теңге көлеміндегі қарызын өтеу екенін айтқан еді.
Айта кетейік, бұған дейін вьетнамдық Sovico Group компаниясы қазақстандық әуежайлардың бірін сатып алу немесе оны басқаруға алу мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы жазған едік. Бұл жөнінде кулуарда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

"Ауыз қуысынан, іш киімінен бірнеше ер адамның шәуеті табылған": Соңғы бес жылда қоғамдық шу тудырған сарбаздар ісі
