Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Qarmet металлургия комбинатын газдандырудың бірінші кезеңі аяқталуға жақын

Qarmet металлургия комбинатында кәсіпорынның 65 жылдық тарихында алғаш рет ауқымды газдандыру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл қадам өндірістік үдерісті жаңғырту мен Теміртау қаласындағы экологиялық жағдайды жақсартудың маңызды кезеңі болмақ.

Жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Президент кәсіпорынды қысқа мерзім ішінде табиғи газға көшіру және қалаға түсетін экологиялық жүктемені азайту қажеттігін ерекше атап өткен болатын.

Бүгінге дейін комбинат табиғи газсыз жұмыс істеп келген. Бұл – толық циклді металлургияда сирек кездесетін жағдай. Негізгі жылу көзі ретінде кокс-домен қоспасы пайдаланылған. Бұл өндірістің әртүрлі бөлімдері арасында өзара тәуелділікке алып келген. Олардың бірінің істен шығуы бүкіл зауыттың тоқтап қалуына себеп болған. Газдандыру Теміртау тұрғындары үшін үлкен маңызға ие. Себебі мазут пен коксты қолдануды азайту қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Qarmet металлургия комбинатын газдандыру жобасы Астана бағытына тартылған магистральдық газ құбырына қосылуды көздейді. Сол себепті ұзындығы шамамен 27 шақырым болатын, диаметрі 600-ден 500 мм-ге дейінгі құбырлар тартылған бөлек жол салынды. Газдың бастапқы 98 кгс/см² қысымы, артынша өндірістік мақсатта пайдалануға қажетті 6–12 кгс/см² жұмыс қысымына дейін төмендетіледі. Газдандырудың негізгі кезеңі – "Сарыарқа" магистральдық газ құбырына қосылу 18 шілдеде сәтті аяқталды.

Инфрақұрылымның негізгі элементі – автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) болды. Ол бірден газ қысымын төмендету, иістендіру және табиғи газды тазарту сияқты бірнеше функцияны атқарады. Одан әрі отын блоктық үлгідегі газ тарату пунктіне (БГТП) жіберіледі, содан кейін домна, конвертер, прокат цехтарына, сондай-ақ ЖЭО мен басқа да нысандарға таратылады. Автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГТС) жабдықтарын орнату жұмыстарының соңғы кезеңі жүзеге асырылуда.

"Кеңес дәуірінде басты басымдық – жоспарды орындау болатын. Шығарындылар мен күйе өндірістің ажырамас бөлігі ретінде қабылданатын. Біз сол кездің өзінде газдың болғанын армандадық. Газ – таза әрі технологиялық жағынан тиімді. Бұл әрі домна процессіне, әрі қалаға көмектеседі", – дейді металлургия комбинатының құрметті ардагері Анатолий Ильич Онищенко.

Газ ЖЭО қазандықтарындағы домна пештерінде, әк пен доломитті күйдіруде мазуттың орнын басады. Сонымен қатар ол прокаттау цехындағы пештерге енгізіліп, слябтарды біркелкі қыздырып, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Qarmet компаниясының болат департаментінің директоры Андрей Бергтің айтуынша, бұл кокс шығынын едәуір үнемдеуге, өндірістік үдерістің сенімділігі мен икемділігін арттыруға жол ашады.

"Бұл жоба – тарихи әділдіктің қалпына келтірілуі. Табиғи газ толыққанды металлургиялық циклдің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Бұл оңай процесс емес. Алайда оны сәтті жүзеге асыру үшін тәжірибе мен кәсібилігіміз жеткілікті", – деп атап өтті Берг.

Бүгінгі таңда газдандыру жұмыстары бастапқы кезеңі жүзеге асырылуда. Биыл ЖЭО мен домна цехын табиғи газға көшіру жоспарланған. Алдағы бес жыл ішінде комбинаттың негізгі және қосалқы өндірістік нысандары кезең-кезеңімен экологиялық таза отынға ауыстырылады.

Газдандыру жобасы бес жыл ішінде жалпы шығындылар көлемін 27 мың тоннаға дейін қысқартуға, сондай-ақ көмірқышқыл газының бөлінуін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ұлттық көміртек квоталары жоспарын орындауға ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіптегі декарбонизация мен Қазақстанда "жасыл экономиканың" дамуына үлес қосады.

"Газға көшу Теміртаудың барлық экологиялық мәселесін шешпейді. Бірақ қаладағы ауаның сапасы мен халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту жолындағы іргелі қадам. Ең бастысы – бұл үдерістің жүзеге асуына жаңа басқару тобының жобаны дұрыс бағытта жылжытуға мүмкіндік берген көрегендігінің арқасында қол жеткізіліп отыр", – деп атап өтті Qarmet компаниясының экология жөніндегі директоры Ринат Сарлыбаев.

Qarmet өндірістік қуатын газбен қамтамасыз ету үшін салынған газ тарату станциясында (ГТС) негізгі жұмыстар аяқталды. Станция магистральдық құбыр арқылы келетін газдың есебін жүргізу, тарату және қысымын төмендету қызметтерін атқарады.

Қауіпсіздік пен технологиялық бейімделуге ерекше назар аударылған. Құрылғылар жаңартылып, жаңа газ оттықтары орнатылуда, газдың қозғалысын нақты уақытта бақылауға мүмкіндік беретін орталықтандырылған басқару жүйесімен диспетчерлеу жүйесі енгізілуде. Газ құбыры теміржол жолдары, автокөлік жолдары мен Нұра өзені сияқты күрделі аумақтардан өтеді, бұл күшейтілген техникалық шешімдерді, соның ішінде сақтандырғыш-ажыратқыш қақпақша мен құбырларды коррозияға қарсы бояумен жабуды талап етеді.

Құбыр желісіне "Qarmet Tubular Products Aktau" АҚ зауытының Қазақстанда өндірілген құбырлары пайдаланылды. Отандық жеткізушіні таңдаудың арқасында логистикалық мерзімдер айтарлықтай қысқарып, техникалық байланыс жеңілдеді. Жалпы жеткізу көлемі шамамен 600 тоннаны құрады. Құбырлардың ерекшелігі – оқшауландыру жүйесінің зауытта жасалуында. Осылайша олар дайын күйінде жеткізіліп, орнында қосымша өңдеуді қажет етпеді. Бұл құбырларды топырақтық коррозиядан және, әсіресе, қуатты электр қосалқы станцияларына жақын орналасқан дала аймағында маңызды саналатын кезбе тоқтардан қорғауды қамтамасыз етті.

Сапа бақылауы барлық кезеңдерде жүргізілді. Монтаж кезінде дәнекер қосылыстар визуалды және радиографиялық әдістермен тексерілді. Жиналғаннан кейін жоғары қысымды учаскелерде гидравликалық, ал төмен қысымды бөліктерде ауа арқылы сынақтар жүргізілді. Мұндай тәсіл жүйенің герметикалығын және сенімділігін қамтамасыз етті.

Жергілікті құбырларды қолдану жобаның мерзімі мен құнына да оң әсерін тигізді. Монтаж жұмыстары импорттық құрамдас бөліктерді күтпей, ешқандай кешігусіз жылдам өтті.

Qarmet газдандыру жобасы – бұл елдегі ең ірі металлургиялық кәсіпорынның технологиялық трансформациясы ғана емес, сонымен қатар таза, қауіпсіз және тұрақты болашақтың символы болып табылады. Ол озық инженерлік шешімдерді, экологияға қамқорлықты және қала өміріне жауаптылықты көрсетеді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 23 Шілде, 2025 20:22
Талқылау