Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кесар тілігін жасағанда баланың басын қоса тіліп жіберген": Ұлына ем іздеген алматылық әйел перзентханадағы дәрігерлерді кінәлайды

Алматылық әйел желі арқылы перзентханадағы дәрігерлерге шағымданды: қазір жас ана баласына ем іздеп жүрФото Анар Мейренбекованың жеке архивінен

Анар Мейренбекова былтыр 24 қазанда Алматыдағы №5 перзентханада кесар тілігімен босанған. Өзінің айтуынша, жүктілік өте жақсы өткен, бәрі күтпеген жерден перзентханаға барғанда өзгерген. Өзінің айтуынша, операцияға бірнеше студент пациенттің рұқсатынсыз кірген және отаны жасаған адам шақалақтың басын қоса тіліп жіберген. Stan.kz ақпарат агенттігі баласы үшін шарқ ұрып жүрген анамен сөйлесіп, анық-қанығын білді.

Бұл оқиға Анардың өмірін 180 градусқа өзгертіп жіберді. Перзентханаға барғанда оған кесар тілігін жасамаса болмайды, балаң шетінейді деген.

"Жүктілігім өте жеңіл өткенімен ауыр босандым. Біз күтпеген жағдай болды. Мен жүкті кезімде екі жұмыс істеп, магистратураны оқып, сонымен қатар IELTS-қа дайындалып, үлгеріп жүрдім. Бір ай кейін босануым керек еді, бірақ бір ай ерте болды. 34-аптада кардиотокография (КТГ) жасады, сол кезде баланың жүрегі жақсы соғып тұрды. Ал 36-аптада 4 рет КТГ түсіргенде жүрегі әлсіз соғып тұр деді. Содан "шұғыл түрде кесар тілігін жасамаса болмайды, балаң өледі, жатырың зардап шегеді" деп жеткізді", – дейді Анар.

Перзентханадағы дәрігерлер пациентті операцияға шұғыл алып кеткен. Анардың сөзінше, дәрігерлер пациенттің аяғына операцияға арналған шұлықты кигізбеген, дөрекі сөйлеген, операцияға студенттер кіретіні және ота ағылшын тілінде өтетіні ескертілмеген, баласының басы кесіліп кеткен және сол туралы айтылмаған. Сонымен қатар баласының басы кесіліп кеткені неге айтылмады, балаға көмек керек болса, бірден хирургияға неге алып кетпеді дейді шырылдаған ана.

"Операцияға кіргізерде медбикеге аяғыма операцияға арналған шұлық алып келдім, кигізіңізші деп сұрадым. Ол қазір уақыт жоқ деп дөрекі сөйлеп, кигізбеді. Ал операция ағылшын тілінде өтті, дәрігердің қасында 7-8 үндіс практикант студент тұрды. Ал оларды кірсін деп менен ешкім рұқсат сұраған жоқ, тіпті ескертіп айтқан да жоқ. 5 роддомда Жанар Ахатаева деген кісі кесар тілігін жасады. Операциядан соң баламды интенсивті терапия және зерттеу бөліміне алып кетті. Менен "сізде генетика жағынан қолыңызда бірнәрсе болған ба еді?" деп сұрады. Баланың оң қолында флегмона бар дейді, қарасам қызарып тұрды. Құдды баламды қайнаған сумен күйдіргендей болып тұрды. Ал ол кезде мен баланың желке тұсында кесілген жер бар екенін білмедім. Дәрігерлерден сұрасам, "Балаңыз осылай дүниеге келді" деді, кейін "аппаратта жатқанда ізі қалып қалған" деді. Бірақ із деген жарты жыл тұрмайды ғой", – деді Анар Мейренбекова.

Туған соң бала бірнеше күнде инсульт алған. Өмірге жаңа келген нәресте 1,5 ай бойы аппаратта жатыпты. Анар 2 айдан соң ғана баласын қолына алғанда балалар невропотологына барған, ол баланың басы дұрыс емес, тексертіңіздер деген. Одан соң балалар нейрохирургына кірген. Сонымен қатар ол баласы жарыққа реакция танытпайтынын байқаған. Сол кезде толық тексерілген соң ғана оған микроцефалия, бас миының нысанасы, инсульт, деплегия, ДЦП, көз тамырының отрафиясы диагноздары қойылды. Осылайша ана баласының диагнозын жеке емханаға барып, бір-ақ білген.

Ал Stan.kz сайты Оспан дүниеге келген №5 перзентханаға хабарласып, ананың шағымына жауап сұрады. Перзентхана журналистерге ақпарат бере алмайтынын айтып, Анар Мейренбекова өзі келсін деп отыр.

"Бізде операцияға арналған шұлықты міндетті түрде кигізеді, кигізбеуі мүмкін емес. Операцияда болған жағдай міндетті түрде анаға айтылады, ескертіледі", – деп қана қысқа жауап берді перзентхана өкілі.

Ал Анар Мейренбекова адвокат пен заңгерсіз перзентханаға бармаймын дейді. Сөзінше, кіші көрінгендіктен жас, тәжірибесі аз деп басынады.

Қазір Анар Мейренбекова мүгедек баланың реабилитациясымен жүр, баласын бір жасқа дейін емдеу үшін шарқ ұрып қаржы жинап жатыр. Қытайлық дәрігерлер емдеуге келіскен, толықтай айықтырмаса да, бұл ем аурудың салдарын әжептәуір азайтады екен. Қазір Оспанның еміне 50 миллион теңге керек. Көмектесемін десеңіз, Анар Мейренбекованың реквизиттері:

Телефон номері: 8(707)396-96-56
kaspi банк 4400 4303 8230 7574
halyk банк 4405 6397 5039 3827
paypal: [email protected]

 

Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 23 Шілде, 2025 11:51
Талқылау