"Түнде жылап көмек сұрады, таңертең қазасы туралы естідік": Қарағандыда 28 жастағы келіншектің отбасы оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді
Суретте Динара/Әсел Тұрдықұлованың жеке архиві
Қарағандыда 28 жасында көз жұмған Динара Меңбаеваның туыстары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Олардың айтуынша, Динара сол түні ата-анасына хабарласып, күйеуінің ұрғанын, ажырасқысы келетінін жеткізіп, алып кетулерін өтінген. Алайда келесі күні отбасы қыздарының асылып қалғаны туралы хабар естіген. Редакциямызға жүгінген Динараның сіңлісі Әсел Тұрдықұлованың айтуынша, бұл іске жездесінің тікелей қатысы болуы мүмкін. Себебі ол бұған дейін де Динараға қол көтеріп келген екен. Әсел Stan.kz тілшісіне болған жай туралы баяндап берді.
Апалы-сіңлі Динара мен Әсел Шымкент қаласында туған. Динара Түркістан облысының Сарыағаш қаласына тұрмысқа шыққан екен. Алайда кейін жұбайының жұмысына байланысты Қарағанды қаласына көшкен.
“Туған әпкем Динара жалпы медицина мамандығында 7 жыл оқып бітірді. Алайда тұрмысқа шыққан соң баламен декретте отырып жұмыс істеп үлгермеді. Қазір әпкемнің артында екі кішкентай ұл балалары қалды. Тұңғышы үш жастан асқан, екіншісі бір жарым жаста. Жездем Қарағандыда алтын шығаратын зауыт зертханасында жұмыс істейді. Ол басында бізге жайлы, сабырлы адам болып көрінетін. 1,5 жылдай әпкем екеуі жақсы, тату тұрды. Кейін араларында ұрыс-керістер басталды. Әпкем жездем туралы “сендер оның түріне қарап, жақсы, сабырлы деп ойлайсыңдар, барлығың сеніп қаласыңдар. Бірақ бар өнерін маған көрсетеді” деп айтатын. Видео арқылы хабарласқанымызда енесімен қарым-қатынасы да нашар екенін жеткізетін. Айтуынша, енесінен бөлек тұрса да ол үнемі ұлын қызғанып, шағыстырып, ұрыс шығарады екен”, – деді марқұм Динараның сіңлісі Әсел.
“Бәріне қызыңыз кінәлі, миымды жей береді”: Әкеміз жездеме сеніп қалды”
Әсел осыдан бір жыл бұрын әпкесін жездесі ұрып, араларында алғаш рет үлкен жанжал болғанын алға тартты.
“Алдыңғы жылдан бастап ұра бастаған. Алғаш рет шапалақпен ұрған. Сол кезде Динара ашуланып, жылап, құрбысының үйіне кетіп қалған. Кейін әкемізге хабарласып, “мені алып кетіңіздерші” деп өтінген. Әкем мен інім оны алып кетті. Дегенмен уақыт өте күйеу жақ пен біздің жақ “ары қарай жұп ретінде жарасып кетер” деп оларды қайта қосты. Күйеу жақ та енді қайталанбайды, жақсы қараймын деп, кешірімін сұрады”, – деп қосты ол.
Әсел соған қарамастан жағдайдың қайталанғанына сенімді. Себебі әпкесі соңғы үш айда жездесінің тағы қол көтеріп жүргенін айтқан.
“Сәуір айында Қарағанды қаласына әпкемнің үйіне қыдырып бардым. Негізі Динара тұйық мінезді. Маған қатты ашыла бермейтін. Алайда сол кезде күйеуінің кешірім сұрап әкеткеннен кейін де ұрғаны туралы жылап тұрып айтты. Жездем әрдайым жанжалға әпкемді кінәлі етіп қояды екен. Тіпті Шымкентке Динараны алып кетуге келгенде әкеміздің алдында жылап, өзін кінәсіз етіп көрсеткен. “Бәріне қызыңыз кінәлі, менің миымды жей береді” деп өзін ақтап шығарған. Әпкем әкеміздің соған сеніп қалғанын айтып қалды”, – деді ол.
Фотода Әсел мен Динараның жазбасы
“Түнде хабарласып, алып кетуін өтінді: Таңертең қазасы туралы естідік”
Динараның отбасы 3 шілде күні оның өз-өзіне қол жұмсағаны туралы суық хабар естіген. Алайда сіңлісінің айтуынша, сол түні Динараның өзі анасына күйеуі ұрғанын айтып, алып кетуін өтініп хабарласқан.
“2 шілде күні олардың отбасында қатты ұрыс-керіс болған. Жездем әпкемді ұрған. Сосын әпкем полиция шақыртқан. Негізі Динара құқық қорғаушыларға ұрғаны туралы айтқан. Алайда полицейлер “күйеуің ғой, татуласып кетесіңдер, арызды боқтады деп жаз” деп әпкемді көндірген. Сонымен әпкем “боқтады” деп арыз қалдырған. Ал негізінде ұрған. Өйткені Динара сол күні түнде анамызға хабарласқан. Ұрсысып қалғандарын, күйеуі ұрғанын айтқан. Бір бетін түгел құлағамен көгертіп тастаған, мойынынан қылқындырғанын жеткізген. Жылап “болды ажырасамын! Алып кетіңіздерші!” деген. Ал арғы жағынан күйеуінің “қой дедім ғой саған Динара” деп айғайлап жатқан дауысы шыққан.
Сосын анамыз “алып кетеміз, ажырассаң ажырас” деген ғой… Алайда осы хабарламадан соң анамыз қайта әпкеммен байланыса алмады. Жездемнің де, әпкемнің де телефондары өшіп тұрды. Сөйтіп анамыз ертесіне барып әпкемді алып келеміз дегенше ол өмірден өтіп кетті.
Бір қызығы марқұм әпкем сол түні сағат 1:30-да маған WhatsАрp арқылы психологиялық және наркологиялық есепте тұрмағаны туралы анықтаманы жіберіп қойыпты. Мұны таңертең оянғанымда көрдім. Не үшін жібергенін әлі түсіне алар емеспін. Бекерден-бекер жібермейді ғой. Бірдеңені дәлелдейсіңдер деген ниеті болды ма екен?”, – деді бойжеткен.
“Қылқындырып өлтіріп қойып, әпкемнің өзіне жаба салды ма деп күдіктенеміз”
Динараның отбасы күдікті жайттардың көп екенін алға тартты.
“Әпкемнің өлімі туралы таңертең 9-10-дар шамасында белгілі болған. Алайда бізге олар үш-төрт шамасында естіртті. Арасында қанша сағат өтіп кетті. Анамыз Қарағандыға жеткен кезде әпкемнің денесін мәйітханаға өздері апарып тастаған. Үйінде кілемдерін жинап барлығын реттеп отыр екен. Әпкемнің денесін де көрдік. Көгерген соққының іздері тұрды.
Жездем не болғанын айтпай отыр. Бірақ таңертең де жанжалдың болғаны анық. Себебі жездем кейін жұмысқа кетіп қалдым депті. Үйінде қайын інісі болған. Ол ұйықтап жатқан кезде балалардың жылаған дауысынан оянған. Қараса әпкем асылып қалған. Бізге камераларды да көру керек. Шынымен жездем үйінен кетіп қалған ба әлде жоқ па, белгісіз. Алдымызға келіп кешірім де сұрамады. Оны тергеуге сұрақ алуға шақыруы керек еді. Бірақ ол Сарыағашта тайраңдап жүр.
Динара жездемнің мінезі қызуқанды екенін, қатты ашуланса ұрып тастайтынын айтып жүрді. Солай қылқындырып өлтіріп қойып, кейін әпкемнің өзіне жаба салды ма деп күдіктеніп отырмыз. Өйткені тіпті ата-енесі телефондарын алмай отыр. Анам немерелерін көргісі келеді. Бірақ бізбен байланысқа шықпайды. Солай өздері қашып, өздері күдік тудырып отыр”, – деп қосты ол.
Фото: Суретте Динара/Әсел Тұрдықұлованың жеке архиві
“Резидентураға тапсырамын, оқимын, жұмыс істеймін деп жүрген адамның өмірден түңілуі мүмкін емес”
Динара бұған дейін күйеуінің күш қолданатынын құрбыларына да бірнеше рет айтқан. Мұны олар да растап отыр екен. Алайда ешқашан өз-өзіне қол жұмсайтындай жағдайда жүрмеген. Әсел оның арман-мақсаттары көп болғанын алға тартты.
“30-ға да толмай өмірден өтіп кетті. Ал былай ешқашан аузынан “өмір сүргім келмейді” деген сөз шыққан емес. Тек ажырасқысы келетінін айтатын. Ол резидентураға тапсырамын, оқимын, жұмыс істеймін деп айтып жүретін. Кішкентай баласы жүретін болғасын осындай жоспарларын іске асырғысы келіп жүр еді.
Соған қарамастан оның өз-өзінің өмірін қиюы қисынға келмейді. Әкеміз де оқиға орнын барып көріп келді. Динара асылып қалды деген жер Қарағандыдағы жаңа тұрғын үйлердің жуынатын бөлмесіндегі кішкентай ғана темір екен. Ол жер тіпті адам асылатындай жағдайға келмейді. Қазір медициналық сараптамаға беріп қойдық. Қорытындысын күтіп отырмыз. Арызды 105-бап бойынша “өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі” деп жаздық. Алайда қазір іс дұрыс қозғалмай жатыр. Тергеушінің де ауысып кеткенін байқадық. Біз әділдік іздейміз”, – деп қорытты марқұмның сіңлісі.
Stan.kz тілшісі бұл іске байланысты арыз жазылған Қарағанды қаласының полиция департаментінен пікір сұрады.
“Д.Міңбаеваның қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс аясында қажет сараптамалар тағайындалды. Оның нәтижелері тергеу үшін маңызды. Қазір тергеу амалдары толық көлемде жүргізіліп жатыр. Барлық мән-жайды анықтауға бағытталған. Оқиғаны толыққанды және объективті тергеу үшін куәгерлерден жауап алынып жатыр.
Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді. Қоғамның дұрыс хабардар болуын қамтамасыз ету мақсатында тергеу барысы туралы қосымша мәліметтер кейінірек, тергеуге нұқсан келтірмейтіндей жағдайда беріледі”, – деді полиция департаменті.

"Кесар тілігін жасағанда баланың басын қоса тіліп жіберген": Ұлына ем іздеген алматылық әйел перзентханадағы дәрігерлерді кінәлайды
