Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан алтыны қайда өндіріледі? "Пустынное" кен орны өндірістің толық циклін көрсетті

Пустынное кен орны

Бүгінде "Пустынное" алтын кен орны Балқаш қаласынан шығысқа қарай 100 шақырым жерде орналасқан ірі өндіріс орталығына айналған. 2014 жылдан бері кәсіпорын бірнеше кезеңдік дамудан өтіп, бүгінде жылына 6 миллион тоннаға дейін руда өңдейді. Жаңа кен қалдықтарын сақтау қоймасының салынуы және халықаралық ICMI сертификаты өндірістің экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтерді. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы "Пустынное" алтын кен орнына жасалған сапар жай ғана өндірістік танысу емес, бүгінгі қазақстандық тау-кен саласының қалай дамып келе жатқанын көруге мүмкіндік берді.

Кен орнына кіреберістен бастап тәртіп пен талаптың қатаң сақталатыны бірден байқалады. Қауіпсіздік ережелерімен таныстыру, арнайы киім мен қорғаныс құралдарын кию, қозғалыс бағыттарын нақтылау – мұның бәрі бұл өндірісте кездейсоқтыққа орын жоқ екенін аңғартады. Бүгінде "Пустынное" тау-кен байыту кешені – жүздеген гектар аумақты алып жатқан, күрделі өндірістік инфрақұрылымы қалыптасқан ірі кәсіпорын. Мұнда барлығы 960 қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында кеншілер, жарушы мамандар, инженерлер, механиктер, операторлар, балқытушылар мен көмекші қызмет көрсететін мамандар бар. 

Пустынное кен орны

Алғашқы нұсқаулық барысында карьер мен өндірістік аймақтардағы қауіпті учаскелер егжей-тегжейлі түсіндірілді. Әр қызметкер мен қонақтың қай жерде қалай жүруі керектігі нақты белгіленген. Мұндай талаптар адам өмірін қорғап қана қоймай, өндірістің үздіксіз әрі сенімді жүруіне негіз қалайды. Осы тәртіппен біз "Пустынное" карьері мен жерасты тау-кен жұмыстары жүргізілетін портал аумағына бет алдық. Мұнда жер қойнауын игеру жұмыстары тек жоспар мен есепке сүйене отырып жүргізіледі. Әр метр, әр қабат алдын ала зерттеліп, қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады.

Сапар "Долинное" карьерінде жалғасты. Мұнда біз өндірістің ең жауапты сәттерінің бірі – жарылыс жұмыстарын тамашаладық. Мамандардың айтуынша, жарылыс жасау – бір сәттік әрекет болғанымен, оның артында ұзақ дайындық жатады. Алдымен геологиялық зерттеу жүргізіліп, кеннің орналасуы, көлемі мен құрылымы анықталады. Одан кейін жару сызбасы жасалып, қауіпсіздік аймағы белгіленеді. Барлық техника мен адамдар қауіпсіз қашықтыққа шығарылған соң ғана жарылыс іске асырылады. Сол сәттегі тыныштық пен артынша шыққан қуатты дүмпу өндірістің қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін сездірді.

Келесі аялдама – "Долинное" жөндеу-механикалық учаскесі болды. Бұл жерде өндірісте қолданылатын ауыр техникалар қайта құрастырылады. Карьерде жүретін 94 тонналық алып көліктердің зауыттан бөлшектеліп жеткізіліп, дәл осы жерде қайта жиналатынын естігенде, бұл учаскенің маңызын түсіне түстік. Әр бөлшектің дәлдігі, әр болттың орны – инженерлер мен механиктердің кәсіби біліктілігінің айғағы. Мұнда темір ғана емес, үлкен жауапкершілік те "құралады".

Сапардың ең мазмұнды әрі әсерлі бөлігі алтын өндіру фабрикаларында өтті. "Пустынное" және "Долинное" алтын өндіру фабрикаларында біз руданы өңдеудің толық технологиялық циклімен егжей-тегжейлі таныстық. Карьерден жеткізілген кен алдымен ірі ұсатқыштарда майдалап бөлшектенеді. Одан кейін ұнтақтау цехында кен арнайы диірмендер арқылы қажет фракцияға дейін жеткізіледі. Бұл кезеңде әрбір тонна руданың құрамындағы алтынның барынша толық ашылуы басты назарда болады. Ұнтақталған масса келесі кезеңге – химиялық өңдеуге жіберіледі. Мұнда кен CIL технологиясы бойынша өңделеді. Яғни руда цианид ерітіндісінде шаймаланып, алтын ерітіндіге өтеді. Алтынды ерітіндіден бөліп алу үшін активтелген көмір қолданылады. Бұл процесс бірнеше сатыдан тұрады және әр кезең қатаң бақылауда болады. Барлық операциялар автоматтандырылған SCADA жүйесі арқылы басқарылып, операторлар орталық пульттен тәулік бойы өндірістің тұрақты әрі қауіпсіз жүруін қадағалайды. Экрандарда қысым, температура, құрам және көлем секілді барлық негізгі көрсеткіштер нақты уақыт режимінде көрініп тұрады.

Алтынмен қаныққан көмір одан әрі өңдеуге жіберіліп, нәтижесінде алтын-күміс қоспасы – Доре алынады. Балқыту цехында жоғары температурада жүргізілетін бұл процесс ерекше дәлдікті талап етеді. Әрбір операция белгіленген регламентке сай орындалады. Осылайша, жер қойнауынан алынған кен бірнеше кезеңнен өтіп, соңында дайын бағалы металлға айналады. Бұл – жоғары технология мен адам тәжірибесінің бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейтінінің айқын көрінісі. Біз балқыту цехында дайын өнім – алтын-күміс қоспасы Доре алынған сәтті көзбен көрдік. Сол жерде салмағы 23 келі болатын алтын құймасын қолымызға ұстап көруге мүмкіндік туды. Оның салмағы бірден сезіледі. Мамандардың мәлімдеуінше, мұндай құймалардың салмағы 26 келіге дейін жетуі мүмкін. Бұл – жүздеген мың тонна кенді өңдеудің, мыңдаған адамның еңбегінің нақты нәтижесі. Осы жерде біз балқытушы Мұқаш Абдолламен тілдестік. Ол бұл өндірісте 2025 жылдан бері еңбек етіп келеді.

“Балқыту – өте жауапты процесс. Мұнда температура да, уақыт та, құрам да қатаң бақылауда болады. Біз үшін ең бастысы – сапалы өнім алу және қауіпсіздікті сақтау”, – дейді ол.

Оның айтуынша, әрбір құйма – бірнеше бөлімнің бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Кен орнында еңбек ететін жұмысшылардың тұрмыс жағдайы да назардан тыс қалмайды. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жайлы жатақханалар, кең асханалар, сапалы әрі құнарлы ас мәзірі қарастырылған. Демалыс уақытында спортпен шұғылдануға барлық мүмкіндік бар. Спорт залдары, теннис пен бильярд үстелдері, ауыр атлетикаға арналған жабдықтар жұмысшылардың денсаулығын сақтауға бағытталған. Бұл – адам капиталына жасалған инвестицияның нақты көрінісі.

Кен орындары кәсіпорынның шикізаттық базасын нығайтып отыр. 2014 жылы іске қосылғаннан бері кәсіпорын бірнеше кезеңнен тұратын даму жолынан өтті. Алғашқы жылдары өңдеу көлемі 2 миллион тонна болса, бүгінде бұл көрсеткіш 6 миллион тоннаға дейін жетті. Мұндай өсім жүйелі модернизация мен дұрыс жоспардың арқасында жүзеге асқаны анық.

Кәсіпорын директоры Айдын Дарханұлының айтуынша, өндірістің тұрақты дамуы үшін қауіпсіздік, экология және технология бірдей деңгейде қарастырылуға тиіс. Осы бағытта соңғы жылдары жаңа ұнтақтау корпустары салынып, конвейер желілері жаңартылды. Сонымен қатар цианидтерді басқару бойынша халықаралық ICMI сертификатын алу – кәсіпорынның экологиялық жауапкершілігін айқындайды. Жаңа кен қалдықтарын сақтайтын қоймалардың салынуы мен ескілерінің қайта жаңғыртылуы өндірістің қауіпсіздігін арттырып, болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік берді.

2025 жыл "Пустынное" үшін жаңа кезеңнің бастауы болды. Бактай кен орнында ашық әдіспен кен өндіру жұмыстары басталып, жаңа шикізат көздері іске қосылды. Сонымен қатар жерасты тау-кен жұмыстарының басталуы кәсіпорынның даму көкжиегін кеңейтті. Алдағы жылдары жерасты руднигі толық қуатына шыққанда, өндіріс көлемі тағы да арта түспек. Кәсіпорынның бүгінгі жетістігі мен болашақ жоспары туралы "Пустынное" тау-кен байыту кешенінің директоры Айдын Дарханұлы да өз ойын ортаға салды.

“Біздің басты қағидамыз – қауіпсіздік пен тұрақтылық. Өндіріс көлемін арттыру маңызды, бірақ ол адам өмірі мен экология есебінен жүзеге аспауға тиіс. Осы тұрғыда кейінгі жылдары жүргізілген кешенді модернизация, заманауи әрі экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу, өндірістік процестерді автоматтандыру – барлығы тәуекелдерді азайтып, жұмыс жағдайын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар біз ұзақ мерзімді дамуды көздей отырып, тек өндіріс қуатын арттырумен шектелмей, кадрлардың біліктілігін көтеруге, еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға және өндірістік әрі әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға басымдық беріп келеміз”, – дейді ол.

Директордың мәлімдеуінше, кәсіпорынның дамуында жерасты тау-кен жұмыстарының басталуы ерекше кезең болып отыр. Бұл кен орнын ұзақ мерзімге пайдалануға және өндірістің тұрақты болуына жол ашады.

Ал бас инженер Ұласхан Қосжанов геологиалық зерттеу жұмыстары мен жаңа кен орындарының маңызына тоқталды.

“Бірнеше жылға созылған жүйелі геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде кен орнының нақтықоры айқындалып, оның өндірістік әлеуеті жан-жақты дәлелденді. Мамандар рудалы денелерді 250 метр тереңдікке дейін зерттеп, олардың құрылымдық ерекшеліктерімен сапалық құрамына кешенді талдау жүргізді. Бұл зерттеулер кен орнын игерубарысында өндіріс процесін ғылыми негізде жоспарлауға мүмкіндік берді. Алынған деректер технологиялық шешімдерді нақтылауға, өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттыруға және жобаның экономикалық тиімділігін қамтамасыз етуге жол ашылады. Мұндай әдістер арқылы кәсіпорынның ұзақ мерзімді даму жоспары қалыптасып, өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтуға берік негіз қаланды”, – дейді ол.

Сонымен қатар, "Алтыналмас" әлеуметтік бастамаларын өндірістік қызметімен қатар өрістетіп, өңірлердің тұрақты дамуына бағытталған ұзақмерзімді стратегиясын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Компания жыл сайын өзі жұмыс істейтін аймақтардағы отбасыларға қолдау көрсетіп, балаларды жаңа оқу жылына дайындауға жәрдемдеседі, мерекелік күндері тұрғындарды құттықтап, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Бұдан бөлек, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды әзірлеп, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.

2026 жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Балаларға, отбасыларға және жергілікті халыққа қолдау көрсетуге арналған бастамалар корпоративтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала бермек.

Айта кету керек, бүгінде "Пустынное" тау-кен байыту комбинатында мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың шамамен 40% Қарағанды облысының тұрғындары. Бұл кәсіпорынның өңірдегі жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және жергілікті кадрлық әлеуетті дамытуға қосып отырған үлесін айғақтайды.

Бұл сапар "Пустынное" тау-кен байыту кешенінің өндірістік қуатын ғана емес, оның артында тұрған адамдарды, олардың еңбегі мен жауапкершілігін көрсетті. Мұнда алтын жер қойнауынан оңайлықпен алынбайды. Ол – тәртіптің, білімнің және маңдай тердің жемісі. Осындай өндірістер арқылы еліміздің өнеркәсіптік әлеуеті артып, өңірлердің дамуына нақты үлес қосылып отыр.

Айта кетері, Қазақстан алтын қорын 2025 жылы 57 тоннаға арттырды. Бұл – 1993 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Орталық банктер арасында еліміз екінші орында, ал бірінші орында Польша – 102 тоннамен. Соңғы тоқсанда Ұлттық банк қорды 17 тоннаға көбейтті. Ішкі өндірушілерден алынған алтын сатылмай, ел таза сатып алушы ретінде қалды. Алтынның қазіргі бағасы – унциясына 5580 доллар. Сарапшылар АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлеменің төмендеуімен алтын бағасы 10 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін дейді. Айта кетейік, 28 қаңтарда АҚШ Федералдық резервтік жүйесі базалық мөлшерлемені 3,5–3,75% деңгейінде сақтады.

Бұл сапар "Пустынное" тау-кен байыту кешенінің бүгінгі келбетін ғана емес, оның ертеңге деген бағытын да айқын көрсетті. Мұнда жер қойнауындағы байлықты игеру тек техника мен технологияға емес, ең алдымен адам еңбегіне, тәртіпке және жауапкершілікке сүйеніп жүзеге асып жатыр. Осындай өндірістер арқылы еліміздің өнеркәсіптік әлеуеті нығайып, өңірлердің дамуына жаңа серпін берілуде.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 14:59