ПСЖ алғаш рет УЕФА Суперкубогын жеңіп, Франция тарихына енді
Фото: Reuters
Париждің "ПСЖ" футбол клубы тарихында алғаш рет УЕФА Суперкубогын жеңіп, бұл трофейді иеленген Франциядағы тұңғыш команда атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Финалдық матч 13 тамызда Италияның Удине қаласында өтті. Ақтық сында париждіктердің қарсыласы ағылшынның "Тоттенхэм Хотспур" клубы болды.
Ойын өте тартысты өрбіді: лондондықтар 39-минутта Микки ван де Вен және 48-минутта Кристиан Ромеро соққан голдардың арқасында 2:0 есебімен алда тұрды. Алайда ПСЖ матчтың соңына қарай қарымта қайтара білді. 85-минутта Ли Кан Ин есеп айырмасын қысқартса, қосымша уақытта Гонсалу Рамуш таразы басын теңестірді.
Трофей тағдырын пенальти сериясы шешті. Луис Энрикенің шәкірттері 4:3 есебімен дәлірек соққылар орындады. Шешуші голды Нуну Мендеш соқты, ал "Тоттенхэм" сапында Ван де Вен мен Матис Тель өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады.
Бұл жетістік ПСЖ үшін тарихи сәт болды — клуб алғаш рет УЕФА Суперкубогын жеңіп қана қоймай, Франция футболының тарихына осы трофейдің алғашқы иегері ретінде енді.

"Металлургияға 50 балмен түсуге болады": Биыл қазақстандық талапкерлер қанша балмен грант иесі атанды
