Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кез келген жағдайда көмектесеміз": Елімізде суицидтің алдын алатын қандай орталықтар бар?

Мамандардың зерттеуі бойынша елімізде суицидке баратындардың көпшілігі қарызға батып, жақындарынан айрылып немесе түрлі жағдайда күйзеліске түскен жандар. Олар жасаған қателіктері мен қиындықтарды еңсере алмай, айналасынан қолдау сезбегендіктен соңғы шешім ретінде өмірмен қош айтысуды таңдап жатады. Ал Қазақстанда кез келген сауалыңыз бен ішкі мұңыңызды тыңдайтын арнайы орталықтардың барын білесіз бе? Алматы қаласының психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Құттыбайұлының айтуынша суицидке қарсы бөлімге өмірден баз кешкендерден түсетін қоңыраулар саны жылдан-жылға көбеюде. Маман бүгінде қоғамға психологиялық көмек ауадай қажет деңгейге жеткенін алға тартты. Stan.kz тілшісі орталық басшысымен тілдесіп клиниканың жұмысы туралы сұрап білді. 

Сурет pexels

Медицина саласында 25 жылдан астам қызмет етіп жүрген Сапар Құттыбайұлы психикалық сауықтыру орталығына бас дәрігерлік қызметке 2018 жылы келген. 

“2018 жылы қала әкімінің қаулысымен наркологиялық орталық пен психатриялық орталық екеуі бірігіп, бір мекеме болды. Мұнда есірткіге, алькоголге тәуелді адамдар, психикалық ауытқулары барлар емделеді. Одан бөлек, тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонымыз бар. Ол суицидке баруды ойлап жүргендердің алдын алып, психологиялық көмек береді. Орталығымызға қала тұрғындары, еліміздің басқа да аймақтарынан күйзеліске түскен жандар хабарласып көмек ала алады. Мұнда жатып ем алуға, амбулаторлық келіп-кетіп қаралуға, мүмкіндік бар”, – деді маман.

Орталық басшысының айтуынша, бүгінде қоғам психологиялық көмекке зәру.

“Елге, халыққа психологиялық көмек керек. Сенім телефонының жақсы жері олар аты-жөнін, тұратын мекен-жайын айтпай анонимді хабарласа алады. Сол арқылы өздерін мазалаған сұрақтарға тікелей жауап табуға көмектесеміз. Бізде ойынқұмарлыққа, отбасылық жағдайларға, мәселен, әйелі мен күйеуінің қарым-қатынасы, бір-бірін түсінбей жүргендер, ішімдікке салынғандарға байланысты сұрақтармен көп жүгінеді. Өздеріне қол жұмсағысы келетіндерден келетін қоңырау өткен жылмен салыстырғанда көбейіп отыр”, – деп қосты ол. 

Сапар Құттыбайұлы сенім телефонында жауап беріп отыратын мамандардың науқастардың күйзеліс деңгейін бірден анықтай алатынын айтады.

“Суицид бойынша көбіне біздің орталықта психологтар мен психотерапевт мамандар жұмыс істейді. Олар алдымен жағдайды анықтап көреді. Кейде ауруханаға жатқызып емдеу керек жедел жағдайлар да кездесіп жатады. Әсіресе жастардың арасында өз-өзіне қол салғысы келетіндердің қарасы көп. Себебін зерттеп көрсек, көбіне несие көп алған, ойынқұмарлықпен біраз қарызға батқандар, тіпті сүйіктісімен ұрысып қалғандар барып жатады. Мұндай жайттарда алдымен күйзеліс дәрежесі анықталып, сол бойынша емдеу шаралары жүргізіледі. Көбінесе бізде психотерапевт маманымыз психотерапиялық әдіс арқылы ем көрсетеді”, – деп толықтырды басшы. 

Маман осы тұста жұмысында кездескен мысалдарды да атап өтті. Айтуынша, кейде адамдарда өздерінің жай нәрсе үшін өмірден түңіліп жүргендерін ұғынбайтын кездер болады екен. 

“Осыдан екі жыл бұрын өзіне қол жұмсағысы келген бір әйелден хабарлама келді. Биіктіктен секіріп кеткісі келген екен. Кейін біздің мамандар сөйлесіп оны емханаға шақырдық. Оны келуге әрең көндіріп, ем алу курсынан өткіздік. Сөйтіп біраз курс алғаннан соң әйел есін жиды. Кейін тіпті “осыған, бола өлгім келген бе сонда”, деп таңғалғаны бар”, – деді дәрігер.

Сапар Құттыбайұлы бұл әйелдің өмірден түңілуіне отбасылық жағдайы себеп болғанын алға тартты. 

“Анықталғандай келіншекке күйеуі көмектеспеген. Жұмысқа шығайын десе балалары кішкентай. Күнде азық-түлікті дүкеннен қарызға алады екен. Қаражат жағынан қысылып, бір жағынан ешкімнен қолдау көре алмаған. Соның бәрінен қажып кеткен ғой. Ал ем алғаннан кейін алғысын айтып, “көзімді аштыңыздар” деп кетті”, – деді маман.  

Дәрігер орталық мамандары да ауыр жұмыс пен түрлі оқиғалардан шаршайтынын жеткізді. Сондықтан мұнда мамандар күйзеліске түспес үшін айына бір рет курстан өтеді екен.

“Бізде релаксация кабинеті бар. Мұнда психотерапевт, психологтар жұмыс істейді. Өзіміздің қызметкерлер де айына бір рет барып шаршағандарын басып, ем алады. Бұл олардың ауыр жұмысында көп пайдасын тигізеді. Мәселен, өзім директор болсам да курс алып тұрамын. Ол жерде күйзелісті емдеу бойынша шаралар өткізіледі. Мысалы, қызметкуерлерге түрлі бойға жиналып қалған мәселелерді өзіне қабылдамауға көмектесіп, психолог терапевт мамандар жұмыс істейді. Бұл қызметкерлерге жеке өміріне жұмысты араластырмауға, өздерін жайлы сезінуіне көмектеседі”,- деп қосты ол. 

Орталық басшысының айтуынша мұнда сиуцид бөлімінен басқа да түрлі бөлімдер бар және емделушілерге барлық жағдай жасалған. 

“Орталықта наркологиялық, психотриялық, алькогол мен есірткі қолданғандарды анықтайтын экспертизалық бөлім бар. Әйелдер мен ерлер, балалар жатататын бөлімдер бөле-бөлек орналасқан. Мұнда мыңға жуық қызметкерлер жұмыс істейді. Біз келушілерімізді 3 жастан бастап қабылдаймыз. Балалар көбіне психикалық ауытқулармен, аутизм, шизофрения диагноздарымен емделеді. 2019 жылдан бері қарттарға арналған гернетологиялық бөлім бар. Сондықтан жас аралығы осындай. Бізде кішкентай баладан үлкен қарияға дейін емделеді”, – деді Сапар Құттыбайұлы.  

Маманның айтуынша мұндай орталықтар еліміздің әр аймақтарында, облыстары мен қалаларында бар. Тек көпшілік ол туралы біле бермейді екен.

“Мұндай орталықтарға жұртшылық көбіне келгісі келмейді. Себебі бізде кейбір диагноздарда диспансерлік бақылауға қойылады. Көпшілік жұмысқа тұра алмай қаламыз деп келуден қашқақтайды. Олардың тағы бір қорқынышы – жындыханаға жатып қаламын деген түсініктері бар. Тіпті баласын немесе әке-шешесін жындыханаға жатқызыпты деген айналадағылардың сөзінен қорқады”, – деп қосты ол. 

Сапар Құттыбайұлы сөз соңында күйзелісте жүрген жандарға айналаға іштегі мәселелерді айтуға кеңес берді. Ал егер айтудан ұялатындар болса, осындай орталықтардың бар екенін ескертті.

“376 – 56 – 60  бұл біздің кол центрдің номері. Бұл жерде біздің мамандар тәулік бойы жұмыс істеп, кез келген сауалыңызға жауап береді. Ішкі күйіңізді тыңдап, тығырықтан шығуға көмектеседі. Психологтарымыз бәрімен байланыста. Мұнда тек суицид емес, кез келген мазалаған сұрақтарға адамдар жауап ала алады”, – деді ол.

Талқылау