Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокуратура онлайн ойындардың балалар мен жасөспірімдерге әсерін тексереді

Мәжіліс отырысында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев онлайн ойындардың балалар мен жасөспірімдер арасында суицидке әсерін анықтайтынын мәлімдеді. Қазіргі таңда тергеу тағайындалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Прокурорлар 15 мың зиян сайт пен сілтемені бұғаттап үлгерді. Балалар омбудсмені Әсем Асайынованың айтуынша, бұған ата-аналардың немқұрайлығы себеп болуы мүмкін. Себебі ата-ана балаға жасалған кибербуллингке мән бермей жатады, ал буллинг сенімсіздікке әкеледі.

“Бізде сын, айыптау бар, балалар осыдан қорқады. Олар қолдауды желіден емес, жақындары, туған-туыстары, ата-анасынан іздеуі керек. Біздегі басты мәселе баланың жалғыз қалуы деп ойлаймын...” – деді Ақмола облысының балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Әсем Асайынова. 


  • “Суицидке итермелейді”: Ішкі істер министрлігі телефондағы қауіпті ойындар туралы түсіндірді

Психологтар сенімді қалыптастыруға кедергі келтіретін үш факторды анықтады. Біріншісі - эмоциялық түрде суық ата-аналар, олар баладан алыстауға тырысады. Екіншісі – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың жеткіліксіздігі, бірлескен ойындар мен уақыттың болмауы. Ал үшіншісі – ата-ананың білімін, өмірлік тәжірибесін бөлісуге құлықсыздығы.

“Балаларыңызды қызықтыратын нәрселерді зерттеп, олармен уақыт өткізу керек. Тек сұрақ қоя салу емес, жалпы мектептегі болсын, күнінің қалай өткеніне қызығу қажет. Егер сенімді қарым-қатынас болса, ойын, іс-әрекет болса, бала ашық болады”, – деді практик психолог Филипп Кочерин. 

Ішкі істер министрлігі балалардың мінез-құлқының кенеттен өзгеруінің себептерін де атады: жалғыздық пен қажетсіздік сезімі, қаржылық жағдай, ата-анамен немесе мектептегі жанжалдар, отбасындағы ажырасу, жазадан қорқу.

“Кейде қарапайым қамқорлық қиын жағдайда шешуші фактор болуы мүмкін. Сондай-ақ балаларыңызбен желіде қауіпсіз мінез-құлықты талқылау маңызды. Оларға әлеуметтік желілер мен онлайн ойындармен байланысты тәуекелдерді түсіндіріңіз. Көмек сұраудан ұялмауды үйретіңіз”, – деп мәлімдеді ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Сіз әрқашан балаңыздың кіммен дос екенін, желіде кіммен сөйлесетінін және бос уақытын қалай өткізетінін білуіңіз керек. 

Талқылау