Продюсер Баян Алагөзова өзі туралы жалған ақпарат таратқан журналисті сотта жеңіп шықты
Белгілі продюсер Баян Алагөзова өзі туралы жағымсыз мәлімдеме жасаған атышулы журналист Дана Орманбаеваға қатысты сотта жеңіске жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж Stan.kz
Соттың мәліметінше, журналист Орманбаева әлеуметтік желіде продюсер туралы заң мен моральдық қағидаларды бұзатын түрлі ақпарат таратқан.
Баян Мақсатқызы ар-намысын қорғау үшін журналистің үстінен сотқа шағым түсірді. Ол Орманбаевадан жеке блогында жарияланған ақпараттарды жоққа шығаруын, сондай-ақ моральдық шығын үшін екі миллион теңге төлеуін талап еткен.
"Журналист өз жарияланымдарындағы ақпарат шындыққа сәйкес келетінін айтып, өзіне тағылған айыпты мойындамады. Бірінші сатыдағы сот құрылып, сот отырысы барысында тараптар жауапкердің әлеуметтік желілерде жоғарыда аталған ақпараттарды таратқанын дауламады", – делінген сот хабарламасында.
Нәтижесінде сот талап арызды ішінара ғана қанағаттандырды. Сот Орманбаеваны өзі жариялаған ақпаратты жоққа шығаруды, сонымен қатар моральдық шығын ретінде Баян Мақсатқызына 500 мың теңге төлеуге міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Баян Алагөзованың белгілі блогерді өзін қорлады деп айыптап, сотқа бергені туралы жазған едік.