Тоқаевтан сөгіс алған көлік министрі әзірге отставкаға кету туралы ойы жоқ екенін айтты
Фото: primeminister.kz
Көлік министрі Марат Қарабаев сенат кулуарында президенттің сөгісін қалай қабылдағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Мемлекеттік саяси қызметкердің мемлекет басшысының шешімдерін талқылауға құқығы жоқ. Ал біздің министрлікке, министрлік қызметкерлеріне келсек, президент жүктеген тапсырмаларды дер кезінде әрі сапалы орындау үшін жұмыс істейміз. Осы мемлекеттік органның бірінші басшысы ретінде маған артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерімді саламын", – деді Қарабаев.
Журналистер министрдің есіне шекарада қордаланып қалған мәселелер мен көлік саласындағы ретсіздікті салып өтті.
"Тасымалдау көлемі айтарлықтай артып келеді. Қазір қарасаңыз, бірінші тоқсанның өзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорттық және импорттық тасымалдау көлемі 83 пайыз өсіп, 822 мың тоннаға жетті. Бұл көлем кеден органдары мен шекара қызметтеріне қосымша жүк артады. Біз әріптестерімізбен бірлесіп осы сұранысты қанағаттандыру жолында жұмыс істеп жатырмыз", – деді ол.
Қарабаевтың бұл қызметте жүргеніне бірнеше жыл болды. Осы ретте оған "Неліктен осы уақыт ішінде авиацияда саласында да, теміржол саласында да айтарлықтай ілгерілеу байқалмады?" деген сұрақ қойылды. Министр бұл сынмен келіспейтінін айтты.
"Келіспеуге рұқсат етіңіз, мен әр салаға жеке тоқтала аламын. Төрт айдың қорытындысын қарасақ, көлік саласының өсімі 22 пайыз болды. Өткен жылы өсім 8,5 пайыз болған", – деді Қарабаев.
Қарабаевтың айтуынша, соңғы екі жылда автокөлікпен транзит көлемі екі есеге, ал Қытаймен үш есеге артып, 3,6 миллион тоннаға жеткен. Сондай-ақ министр өткен жылы Астана – Алматы, Талдықорған – Өскемен және Ақтау – Ақтөбе – Қандыағаш тасжолдарын қоса алғанда, ірі инфрақұрылымдық жобалар аяқталғанын атап өтті. Авиация саласына келетін болсақ, барлық көрсеткіштер оң, деп есептейді министр.
Журналистер одан отставкаға кетпек ойы бар-жоғын сұрады.
"Президенттің барлық тапсырмасын сапалы әрі уақтылы орындауды назарда ұстап қала беремін", – деп мәлімдеді министр.
Еске салсақ, 2025 жылғы 14 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік министрі Марат Қарабаевқа сөгіс жариялады.
Қауіпсіздік кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне арналған отырыста президент шекарадан жүк өткізудің қиындығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтты.
Жиын соңында президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады. Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақстандық баласына беделді мектепке оқуға түс деп қысым жасаған: Соңында жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған
