Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Премьер-министр КТК жағдайына қатысты түсініктеме берді

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан мұнайын Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы жөнелту жұмыстарына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

"5 шілдеде Новороссийск аудандық соты КҚК-нің жұмысын бір айға шектеді. 6 шілдеде ресейлік әріптесіміз премьер-министрге хабарласып, сол күні бұл мәселені шештік. КҚК құбыры қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Мұнай экспортына ешқандай шектеулер жоқ", – деді Әлихан Смайылов.

Еске салайық, бұған дейін Новороссийск қаласының Приморск аудандық соты Каспий құбыр консорциумының қызметін 30 күнге тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов консорциум қызметін тоқтата тұруға байланысты жағдай бойынша жедел кеңес өткізді.

Артынша Ресей соты КҚК қызметін тоқтату туралы шешімді 200 мың рубль айыппұлмен алмастырды.

КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағындағы шетел капиталының қатысуымен жүзеге асырылатын энергетика саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1511 шақырым; Қазақстанның барлық экспорттық мұнайының үштен екісінен астамы осы бағыт бойынша тасымалданады.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 12 Шілде, 2022 20:59
Талқылау