Заманауи әрі балалар үшін қауіпсіз: 2023 жылы Алматыда 100 мектеп автобусы пайдалануға беріледі
Алматыда 2023 жылдан бастап “Мектеп автобусы” пилоттық жобасының аясында 100 жаңа көлік пайдалануға беріледі. Осылайша енді мектеп автобустары заманауи құрылғылармен толығып, балалар қауіпсіздігі басты назарда болмақ деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматыға келіп, Hyundai Trans Almaty зауытының жұмысымен танысты. Жиында компанияның даму жоспары мен зауыттың қазіргі көрсеткіштері айтылды. Үкімет басшысына көлік өндірісінің барлық процесі, атап айтқанда мектеп автобустары мен жедел медициналық жәрдем машиналары қалай өндірілетіні көрсетілді.
Қазіргі кезде Hyundai Trans Almaty зауытында Golden Dragon маркасының мектеп автобустары және Hyundai (H350) шағын автобусы базасында жедел жәрдем көліктері құрастырылып жатыр.
Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, Алматыда оқушыларды тасымалдау қауіпсіздігін 2023 жылдан бастап 29 мектепте 7,7 мың балаға арналған "мектеп автобусы" пилоттық жобасы іске қосылады. Мектеп автобустары заманауи қауіпсіздік құралдарымен жабдықталатын болады.
“Жобаны наурыз айында іске асыру үшін қалалық мобилділік басқармасы наурыз айында 30 мектеп автобусын жеткізуді жоспарлап отыр. 100 мектеп автобусының қалған 70-і мамыр айында жеткізу жоспарланған. Осы мақсаттарға барлығы 5,2 миллиард теңге сомасына қаражат бөлінді. Тасымалдау қызметтерін әрбір мектеп конкурстық негізде сатып алатын болады, осы мақсаттарға бюджетте 1,4 миллиард теңге көзделген. "Мектеп автобусы" жобасын іске асыру ата-ана салынатын ауыртпашылықты азайтуға, мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігін арттыруға және жол қозғалысы трафигіне жүктемені азайтуға мүмкіндік береді”, – дейді ол.
Премьер-Министр білім беру сапасын арттырудың басты факторларының бірі әрбір оқушының қажеттіліктеріне бағдарланған және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жайлы мектеп ортасы екенін атап өтті.
Hyundai Trans Almaty кәсіпорнының қызметі мемлекеттік мекемелерге автопарктерін тез жаңартуға, ал отандық компанияларға бизнестерін дамытуға тиімді инвестициялар жасауға мүмкіндік береді.
"Hyundai Trans Almaty құрылысына және кәсіпорынды жабдықтауға біз 6,6 млрд теңге жұмсадық. 12 жылдың ішінде мемлекеттік бюджетке түскен салық аударымдарының жалпы сомасы 4 млрд теңгеден асты. Толық циклға өткеннен кейін зауыт Golden Dragon автобустарын дәнекерлеу және бояу технологияларын игерудің есебінен өндірістегі қазақстандық қамту үлесін арттырды, қосымша жұмыс орындарын ашты, өндірістік қуатын өсірді, бұл отандық автоөнеркәсіптің экспорттық әлеуетін дамытуға жаңа серпін береді" – деп атап өтті "Астана Моторс" компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов.
Сондай-ақ жиын барысында Нұрлан Смағұлов премьер-министрдің назарын бірқатар проблемалық мәселеге аударды. Атап айтқанда, өнім экспорты, Қытайдан Қазақстанға жүк тасымалдау және өндірушілерге кәдеге жарату алымы бойынша берешекті төлеу мәселелері қозғалды.
Ең біріншіден, Қазақстан мен Қытай шекарасы арқылы автокомпоненттерді тасымалдау ұзақтығы туралы айтты.
"Қытай мен Қазақстан шекарасында жүктер тұр. Оны 180 күнге дейін әке алмаймыз. Сізден мемлекеттік сатып алуға қатысатын көліктердің бөлшектерін тезірек елге әкелуге көмектесуіңізді сұраймыз", - деді Смағұлов.
Сондай-ақ, компания басшысы утильдік алымды қайтару мерзімі тым ұзаққа созылып жатқанын сөз етті.
“Бүгінде "Жасыл Даму" шотында 5,8 миллиард теңге бар, оны айналымға қайтару қажет. Әйтпесе, жылдық пайызы 20% болатын қаражат алу керек болады. Ал бұл, үлкен сома”, – деді ол.
Сонымен қатар, Смағұлов осы жылы Өзбекстанға авто экспорттауға қатысты мәселелер барын айтты. Кәсіпкер Қазақстан көрші ел үшін жыл сайын 10 мың техника өндіретінін түсіндірді. Алайда биыл квота алу мүмкін емес көрінеді. Себебі, өзбек тарапы Қазақстаннан зауыт салуды сұрап отыр.
"Олардың бізге қойып отырған шарттары жоғары. Біз Алматыда Өзбекстанды қоса алғанда, әртүрлі елдерге экспортқа бағытталған зауыт салдық. Бұл ретте диспаритет туындайды: олар мұнда 30 мың көлік жеткізеді, ал біз оларға 10 мың көлік жібере алмаймыз", – деді ол.
Бұнымен қоса Смағұлов мультибренд зауыты екі жыл ішінде салынатынына сендірді. Жұмыс орындарының саны 3 мыңды құрайды.
Компания басшысының өтініштеріне құлақ асқан Әлихан Смайылов Қазақстанның Қытай тарапымен уағдаластық бар екенін айтты. Сондай-ақ премьер-жаңа инвестициялар мен өнім желісін кеңейтуді құптайтынын айтты.
“Қытаймен шекарадағы жүктерге келетін болсақ, келесі аптада карантиндік шаралар әлсірейді. Сол кезде жүк тасымалы ағыны қалыпқа келеді деп үміттенеміз. Қазақстандық өндірісті ілгерілету қажет. Үкіметте экспорт мәселесін талқылайтын боламыз. Қазақстандық өндірісті ілгерілету қажет", - деді Смайылов.
Одан бөлек, министрлер кабинетінің басшысы Үкімет қайта өңдеуден түскен қаражатты қайтаруды жеделдетумен айналысады деп уәде берді.
Өзбекстанға келетін болсақ, Смайылов мәселе Өзбекстан басшылығымен диалог барысында көтерілетін айтты.