"Курьер болып күніне 100 мың теңгедей ақша табуға болады": Үш жыл Америкада тұрып жатқан қазақстандықтар елге неге қайтқысы келмейтінін айтты
Фото Алма Жомарттың жеке архивінен
Алма Жомарт отбасымен бірге 3 жылдан бері Америкада тұрады. Жолдасы тракист болып жұмыс істесе, өзі балаларын тәрбиелейді және арасында курьер болып, онлайн сауда жасап, табыс табады. Бүгінде Алма блогы арқылы Америкадағы өмірді көрсетіп жүр. Stan.kz Алма Жомартпен әңгімелесіп, АҚШ-тағы өмірдің ерекшеліктерін білді.
"Қазақстанда өзіміз үшін жақсы перспектива көрмедік"
Шетелде шамамен 1 жыл тұратын шығармыз деп ойладық дейді Алма. Бірақ кейін Ресей мен Украина арасында соғыс басталғанда Америкаға көшеміз деп шешіпті.
"Бұл 2022 жылдың аяғы еді, 2023 жылдың басында визаға құжаттар жинап, барлық жағынан дайындықты бастап кеттік. Сонымен 2023 жылдың жазында АҚШ-қа көшіп келдік. Көшу себебіміз – әрине, өзге отандастарымыз сияқты біз де жақсы өмірді көргіміз келді. Қазақстанда өзіміз үшін жақсы перспектива көрмедік. Оның үстіне жалпы ел, жер көргіміз келді, өзімізді жаңа қырымыздан ашқымыз, Америкадағы өмір қалай болатынын білгіміз келді, осының бәрі қызық болды. Өзіміз үшін жаңа мамандық, жаңа сала ашамыз деп ойладық, жаңа нәрсенің бәріне қызығып тұрдық. Сол үшін жас кезде көшіп көрейік деп келдік", – дейді отандасымыз.
"Лос-Анджелесте бір маникюр 80 доллардан (43 473 теңге) басталады"
Алма Жомарт алғаш Америкаға барғанда клининг қызметін ұсынып, үй де тазалаған, курьер болып, тамақ жеткізген және маникюр жасап беріп, ақша тапқан. Қазір де ара-тұра курьер болып табыс табады екен.
"Алғаш Америкаға келгенде үй, ғимарат жинадым және курьер болып істедім. Сол кезде ұлым балабақшада болып, мен күнде тапсырыс жеткізіп жүрдім. Курьер болу АҚШ-та қайда тұратыныңызға байланысты. Егер мен сияқты Лос-Анджелесте тұрсаңыз, онда 2,5 жыл бұрын екі аккаунтпен жұмыс істеп, күніне 180 доллар (шамамен 100 000 теңге) табуға мүмкіндік болды. Шарлотт сияқты біздің қазір тұратын шағын қаламызда ондай мүмкіндік бола бермейді. Қазір де аптасына екі рет шығып, курьер болып келемін. Күнде шыға алмаймын, сондықтан аптасына екі рет 2-3 сағат курьер болып, күніне 40 доллардай (шамамен 22 000 теңге) табамын. Мұнда сұлулық салонына қатысты мамандар өте жоғары бағаланады, сұраныста. Өзім де маникюрды Қазақстанда үйреніп алып, АҚШ-қа келіп, оны да жасадым, үйлеріне барып та істеп беретінмін. Лос-Анджелесте бір маникюр 80 доллардан (43 473 теңге) бастап жоғары тұрады. Қанша ақша табуға болатынын ойлай беріңіз. Оны екі сағат емес, мұнда 1-1,5 сағат істеуге болады және клиенттер үнемі шайпұл қалдырып кетеді", – дейді ол.
Жерлесіміздің сөзінше, АҚШ-та жақсы табыс табуға мүмкіндік көп. Сонымен қатар Алма eBay арқылы тауарға тапсырыс беріп, саудамен айналысады екен.
"Мұнда курьер болу жағынан ғана емес, басқа қызмет түрлерінен де мүмкіндіктер көп. Ақша керек болса, кез келген уақытта шыға бересіз, қолданбалардың да түр-түрі бар. Мысалы, Tasker деген қолданба бар. Клининг керек десе, тазалауға барасыз, бір сағат күйеу деген де қызметтер бар. Кімнің қолынан не келеді, соны жасап, ақша табуға болады. Адам шынымен қаласа және ақша табуға уақыты болып тұрса, табыс табуға мүмкіндік көп және оны сол сәтте, тікелей табуға болады. Американың ең үлкен плюсы осы деп ойлаймын. Әрине, көбірек күш салып, көбірек жұмыс істесеңіз, соншалықты жақсы ақша табасыз. Бірақ қанша тапсаңыз да, сол сомадан салық төлейсіз. Мұнда салық көп, бұл АҚШ-тың бір кем тұсы шығар", – дейді Алма Жомарт.
"Балалар тез үйреніседі, керісінше ересектерге дайындық керек"
Жас отбасы Америкаға көшкенде бір ұлдары болған. Ал екінші ұлдары АҚШ-та дүниеге келіп, Америка азаматтығын алған. Айтуынша, ересектерге қарағанда балалар тілді тез үйреніп кетеді. Сондықтан да балабақша мен мектепке қатысты мәселе болмады дейді ол.
"Қазір екі ұлымыз бар, екіншісі осында, Лос-Анджелесте дүниеге келді. Ол – АҚШ азаматы. Үлкен ұлым көшіп келгенде 4 жаста болған, ағылшынша білмейтін еді. Қазір ол ағылшын тілінде сайрайды, бірақ екінші жағынан қазақ тілі мен орыс тілін ұмыта бастады. Балалар мұнда өте тез үйреніп кетеді. Мектепке, балабақшаға байланысты да ешқандай проблема болмады. Кіші ұлым балабақшаға алғаш барғанда қиындау болды, ештеңе түсінбеді. 1-2 айдан соң түсініп, сөйлеп кетті. Баласы бар ата-аналар Америкаға көшкісі келсе, оларға уайымдап, қорқудың қажеті жоқ. Шынымен де мұнда келген соң балалар тез үйренісіп кетеді екен. Егер ересектер өздері ағылшын тілін білмесе, онда уайымдау керек. Үлкендерге тіл білмей жүру қиындау", – дейді Алма.
Алма Жомарттың жолдасы біраз жыл truck driver – жүк көлік айдайтын жүргізуші болып жұмыс істеген. Айтуынша, ТМД елдерінен баратын ер азаматтар көбіне жүк көлік айдап, көбірек табыс табуға тырысады екен.
"Күйеуім 2 жылдан аса алысқа қатынайтын жүргізуші болып жұмыс істеді. Жұмыс ауыр. Былтыр жазда жолдасым көлікпен аударылып кетті. Біз осымен құрыдық деп ойладық. Қатты қорықтық, себебі ол – біздің негізгі асыраушымыз. Өзі де көп уайымдады. Шынында жеңіл жұмыс емес, үнемі жолда, әрдайым үйден алыста жүреді. Бірақ табыс жағынан қарасақ, басқа мамандықтарға қарағанда көбірек табады. Осы себепті де ТМД-дан ер адамдар осында келіп жұмыс істейді. Қауіпті жағы, әрине үнемі рөлде отыратыны. Екіншіден, біз көп бірге бола бермейміз. Алдында ол бір аптаға үйге келді, бірақ оған дейін бір-бірімізді 2,5 ай бойы көрмедік. Бүкіл жаз бойы үйде болмады десек болады. Үнемі сапарда жүріп, күн мен түні ауысып, дұрыс тамақтана алмай, адамның денсаулығына да әсер етеді екен", – деп бөлісті әйел.
Фото Алма Жомарттың жеке архивінен
Жақында Алманың жолдасы тракистік жұмысынан кетті. Себебі бұл жұмысқа қатысты жаңа ереже енгізілді. Жүк көлігін айдаушылардың CDL деген жүргізу куәлігі болуы керек еді. Ал енді бұл құжатты green картасы бар адамдар ғана ала алады.
"Рұқсаты, құжаты бар, бірақ green картасы жоқ адамдарды иммиграция полициясы алып кетіп, қамап жатыр. Біз сияқты құжаты түгел, салығын төлеп жүрген адамдарды да алып кетеді. Сондықтан қазір біз green карта алу үшін бәрін істеп жатырмыз. Жолдасым сол үшін қазір үйде. Қауіпсіздігіміз үшін осындай шешім қабылдадық. Тіпті осы жұмыстан біраз ТМД елдерінің отбасылары ажырасып та жатыр. Олардың тракта жүрген күйеулері үйін, бала-шағасын көрмей кетеді. Қазір жолдасым жұмысын тоқтатып, бізбен бірге өмір сүруді үйреніп жатыр. Ол денсаулығына көңіл бөліп, бірге диета ұстап, артық салмақтан арылуға қамданып жатырмыз. Қазір ағылшын тілін жетілдіріп, кәдімгі, иммиграциялық емес жұмысқа орналасуға қадам жасайын деп отыр. Ол ағылшынша жақсы сөйлейді, тек жазғанда грамматика жағынан дамыту керек", – дейді Алма.
Ерлі-зайыпты алғашында 2 жыл Лос-Анджелесте тұрды, кейін Солтүстік Каролинадағы Шарлоттқа көшкен. Бұл қалада азық-түлік, бензин, жалпы өмір арзанырақ дейді олар.
"Лос-Анджелестің плюсы көп. Ірі қала болғандықтан әрине өте жақсы, дәл мұхиттың қасында. Ол жақта жұмыс үнемі бар, курьер болсаңыз да, тырнақ әрлесеңіз де, әйтеуір жұмыс табылады. Онда ішің пыспайды, үнемі айналысатын нәрсе болады. Ал Шарлотта бәрі арзанырақ, азық-түлік, бензин, жалпы өмір арзан. Ауа таза және әлі де мұхит жақынырақ, 3 сағатта жетуге болады. Ағаш көп, орман көп, тыныш қала екен. Шарлотт қаласында жұмыс, жалақы жағынан сәл қиындау. Үлкен қалалармен салыстырғанда мұнда жұмыс та, жалақы да аз", – дейді ол.
"Америкада адамның еңбегі бағаланады"
Америкаға көшкісі келетін қазақстандықтар болса, олар тіл біліп, қолында дипломы болғаны жөн дейді қазақстандық әйел. Сөзінше, өздері тілді сонда тұра бастағанда үйренген.
"Әрине, келем деушілер ағылшынша сөйлей алса, өзінің мамандығы, дипломы болса, басқа жұмыстардан мүмкіндік көп. Қазақстанда алған дипломды мұнда қайта бағалаудан өткізуге болады. Жолдасым негізі инженер, бірақ ол мұнда келген кезде тіл білмеді, тек осында келіп үйренді. Адам тіл біліп тұрса және нақты бір маман болса, АҚШ-та өз саласында жақсы жұмыс тауып орналаса алады. Біз өзіміз о бастап қиын жолды таңдадық деуге болады. Алғаш келерде біз мұның бәрін білмедік. Сондықтан көшем, Америкада тұрам деушілерге айтар кеңесім, таланттар визасына құжат тапсырып, бағын сынап көрсін, ең бастысы заңды жолмен келсін. Бұл жақа ең бастысы жасырынбай, заңды түрде келу деп есептеймін", – дейді ол.
АҚШ-тағы өміріміз өзімізге ұнайды дейді Алма. Оның сөзінше, 3,5 жыл тұрып келе жатқан адамды Америка көп таңғалдыра бермейді, бірақ бұл елдегі еңбектің бағалануы, жұмысыңа лайық жалақы алу кімді болса да қызықтырады.
"Маған және отбасыма АҚШ-та тұрған, өмір сүрген ұнады. Әрине, өзінің қиындықтары бар. Мысалы, бізді үлкен сомаға өзіміздің жерлесіміз алдап кетті. Ал негізі Америкада адамның еңбегі бағаланады. Жақсы өмір үшін, жақсы өзгерісті, реттелген өмірді көру үшін келу керек деп ойлаймын. Мұнда сұлулық салонына қатысты мамандар сұраныста. АҚШ-та адамның еңбегі, талпынысы, жұмысы жоғары бағаланатынын үнемі көріп отырамын. Егер жұмысқа талпынып, еңбектенсеңіз, бәріне жетуге болады. Америкада әке, көке, бәке керек емес, еңбектеніп, жұмыста жақсы жетістіктерге жетуге мүмкіндік бар, мансапта көтерілуге болады. Бәрі адамның өзіне байланысты", – деп кеңес берді әйел.
"Қазақстанға қайту ойда жоқ"
Алма Жомарт Қазақстанға қайту ойларында жоқ екенін айтты. Дегенмен олар ата-анасына виза алу жағын қарастырып жатыр екен. Соларды ерекше сағынамыз дейді.
"Қазақстан туралы айтсам, ата-анамызды қатты сағынып жүрміз. Басқа жағынан бәрі мұнда жақсырақ, жағдай бар. Қазір күнделікті болып жатқан жағдайлар иммигранттардың өмірін қиындатып жатыр, таңғалдыратын ештеңе жоқ. Бәріне дайын болып, Құдай сақтасын деп жүрміз. Қазақстанға қайту ойымызда жоқ. Әзірше ойымызда жүрген нәрсе – ата-анамызға виза алып беру. Олар жылына 1-2 рет келіп тұрса, бірге уақыт өткізсек дейміз. Келгісі келгендерге визаны бүкіл отбасы болып, ата-аналарыңызға да жасатыңыздар деп айтар едім. Себебі біз әкеміз бен анамызды Америкаға алдырайық десек, виза жасату керек. Ал визаны біз осында, олар Қазақстанда болғандықтан жасата алмай жүрміз. Қазақстанға бұйырса 10 жылдан кейін қолымызда Америкалық паспортымыз болғанда барамыз. Балалар қайдан шыққанын, түбі қандай екенін білуі үшін оларды апарамыз. Өйткені кішкентайым АҚШ-та дүниеге келген соң ештеңе білмейді, үлкені 4 жасында келген соң көп нәрсе есінде емес", – деп жоспарларын да бөлісті ол.
Қазақстандық әйел Америкаға барғысы келетін жерлестеріне бірер кеңес айтты.
"Турист болып келгіңіз келсе, әрине, туристік виза рәсімдеу керек. Ал келіп, тұрып көргіңіз келсе, B1, таланттарға B2 визалары бар. Бұл – визалардың иммиграциялық түрлері. Cебебі кейін келген адамның өзіне қолайлы болады. Осы визамен келген адамдар қиналмай, жұмыс істеп, еркін өмір сүре алады, бүкіл құжаты қолында жүреді. Біз осының бәрін бізгенде осылай жасар едік, себебі аталған визалармен болашақта Green карта алуға болады", – деді Алма Жомарт.

"Қысқа мерзімді жеңілдіктер ұзақ мерзімді дағдарысқа ұласуы мүмкін": Сарапшылар Қазақстанда шұғыл енгізілетін шараларға қатысты пікір білдірді
