Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пойыздың астына түсіп кете ме деп қорқамыз": Шымкентте оқушылар интернет іздеп теміржол жағалап жүр

Шымкенттегі Көкбұлақ ауылының балалары онлай оқу үшін интернетті жол жағалап жүріп іздеуге мәжбүр. Өйткені байланыс шойынжолдың бойында ғана бар. Балалар ары-бері жөңкілген пойыздардың қасында тұрып білім алады. Интернеттің жайын былтырдан бері жыр қылған ата-аналар ашулы. Ал шенеуніктер мәселенің шешілу жолын таба алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап. 

Көкбұлақ ауылында су да, газ да жоқ. Ал енді тұрғындар интернет болмауының зардабын шегіп отыр. Интернетсіз ауылдың оқушылары онлайн оқу басталғалы теміржолды жағалап жүр. Өйткені мегаполистің бұл бөлігінде байланыс тек ауылды бойлап жатқан теміржолда бар. Сабақ басталса, мұндағы оқушылар планшет, телефондарымен теміржолға қарай жүгіреді. Оның өзінде интернеттің жылдамдығы мәз емес.

"Ашылу үшін 10-15 минут күтеміз. Байланыс жоқ, ұстамайды. Үйде ұстамайды, байланыс желісін іздеп әр жақта жүреміз", - деді 10 сынып оқушысы Думанәлі Сүлейбек.

Теміржол өткелінде 30 жылдан бері қызмет етіп жүрген Оңал Қалдыхан қыркүйектің бірінен бері уайымға салынған. Себебі, рельс бойына жапырлап келетін оқушылар пойыздың астына түсіп кете ме деп қорқады. Топырлаған оқушыны көрген пойыздың машинистері де дабыл қағып мазасызданады екен 

"Пойыздың астына түсіп кете ме деп қорқамыз. Пойыз келе жатқанда төменге қарай қашады. Бұл жақтан айғайлап көрсетеміз, көргенде де, бала ғой, телефонға қарап отырады", - деді Оңал Қалдыхан.

Теміржолдағы жұмысшылардың сөзінше, бұл жерден жолаушы тасымалдағаны бар, жүк тасушысы бар, пойыздар әр 10-15 минут сайын өтеді. Және шойынжолдың бойына онлайн оқу іздеген оқушыларды бір жағы жұмысшылар қуса, екіншіден, бір шетте ата-ана отыр. Және әр пойыз өткен сайын баласына қорыққан ата-ананың зәре-құты қалмайды.

Бар тірлігін жиыстырып қойып ұл-қызын аңдып отыратын көкбұлақтық ересектер жергілікті басшыларға сенуден қалған. Ауылдағы 500-ге жуық оқушының біразы қаладағы туыстарына кетіпті. Бір жылдан бері байланыс орнатып беруді айта-айта шаршаған олар әкімдікке көңілі толмайды.

"Айта-айта шаршадық. Бармаған жеріміз қалмады. Әйтеновтің өзіне де шықтық. Ешкім бізге жәрдем бермейді. Біз ҚР-да тұрып, біз кімнен көмек сұраймыз? Бала-шағамыз теміржолдың үстінде жүріп оқып жатыр. Бұларға ертең бір жағдай болса, кім жауап береді?", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Мейрамкүл Насырова.

Жауапты шенеуніктер көкбұлақтықтардың шағымымен ауылдан бірнеше шақырым жердегі байланыс станциясын жаңғыртып көргенін, бірақ одан түк шықпағанын айтады. Көктем кезінде "бірер аптада интернет мәселесін шешіп береміз" дегендер енді Көкбұлақ ауылына бөлек база орнатуды қолға алмақшы.

"Қазір жердің мәселесі жақын күндері шешімін табады. Одан кейін байланыс операторларымен, базаны ауыл ортасына орнату бойынша бір оператормен келісім алдық. Енді тек табиғи монополия субъектілерінен келісім алсақ, базаның стансасын орнату жұмысын бастаймыз", - деді Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досан Әлібеков.

Әр ай сайын елге "ары кетсе екі аптада интернет болады" деп уәде ететін басшылар бұл жолы да Көкбұлақта "қазан айында интернет зырылдайды" деп уәде берді. Ал оқушылары үшін жанын шүберекке түйіп жүрген көкбұлақтықтар енді қала әкімдігі алдында жаппай наразылыққа шықпақшы. 

Талқылау