Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Популяция адам қанымен қалпына келтірілді": Экобелсенділер елде киік атуға қатысты шешімге қарсы шықты

Экология министрлігі 15-қыркүйектен бастап киікті ату науқанын бастау туралы шешім қабылдаған. Министрлік жануардың етін өңдеп, бағалы мүйіздерді сақтаймыз дейді. Жалпы ақбөкендерді атуға қатысты қоғамда пікірлер екіге бөлінді. Ал қоғам белсенділері биліктің бұл шешімімен мүлде келіспейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап. 

киік

Экология министрлігі басқа амал болмағандықтан осындай шешім қабылдағандарын айтады. Шамадан тыс көбейіп кеткен киіктер жайылымдарды таптап, малға азық қалдырмаған. Шығын көрген фермерлерге өтемақы төлейтін ақша жоқ деді.    

“Қазір қаражат жоқ екенін ескере отырып, кез-келген мәселені өтеу өте қиын. Сондықтан ауылшаруашылық алқаптары қазіргідей зардап шекпес үшін, осындай шешім қабылдадық. Киіктердің де популяциясын сақтап қалғымыз келеді”, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова. 

Күні кеше ғана ақбөкендерді браконьерлерден қорғап, өзі құрбан болған инспекторлардың ерлігін ешкім ұмытқан жоқ. Осылай деген эко-белсенді министрліктің шешімі киіктердің жолында мерт болғандардың отбасыларына жасалған әділетсіздік деп санайды.

“Киіктердің қазіргі саны үлкен еңбек және адамның қанымен келді. Сондықтан мен қарсымын. Халықтың есінде, адамдар осы киіктерді қорғап, қаза тапты. Осы шешімнің кесірінен қоғам арасында үлкен шу болады. Биліктегілер бұны ескеру керек еді”, – деп мәлімдеді экобелсенді Сәкен Ділдахмет.

Зоологтар да киіктерді атуға асықпау керегін айтады. Себебі биыл көп төлдеген ақбөкендер келесі жылы қанша болатыны белгісіз.

“Олар қыс пен көктемде аман қала ма, ешкім нақты білмейді. Қыста шөп болмайды, аязды далада ақбөкендер аштықтан қырылады. Киіктердің де ауыратын кездері болады. Аурудан да қырылады. Ертең не болатынын ешкім нақты айта алмайды”, – деді зоолог Михаил Шпигельман.

Бірақ министрлік шешімін өзгертпейтін секілді. 15-қыркүйектен бастап ақбөкендерді атуды бастайды. Етін ет комбинаттарына өткізіп, мүйіздерін жинамақшы. Бірақ заң бойынша киіктердің бағалы мүйіздерін сатуға тыйым салынған. Демек жиналған мүйізді не істейтіні әзір белгісіз.  

Айта кетейік,  бұған дейін Экология, геология және табиғи ресрустар министрі Серікқали Брекешев Жайық популяциясына жататын 80 мың бас киікті ату туралы шешім қабылданғанын мәлім еткен еді. 

Талқылау