Димаштың польшалық жанкүйерлері алғашқы "Поляк-қазақ" тілашарын шығарды
Димаш Құдайбергеннің Польшадағы жанкүйерлері “поляк-қазақ” тілашарын дайындап шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Тілашарды дайындауға екі жыл уақыт кеткен. Ұйымдастырушылардың мақсаты – қазақ тілі мен мәдениетін насихаттау.
“Тілашар шығару идеясы "Димаш радиосында" өткізілген қазақ тілі курстары негізінде дүниеге келген. Радио тыңдармандары осы курстың арқасында Қазақстанға сапар шегіп, негізгі қолданыстағы сөздерді үйренді. Курсты алматылық оқытушы Беглан Шарымбаев өткізді. Ол жанкүйерлер клубына сабақ өтіп, қазақша дұрыс сөйлеуге көмектесті”, – деп жазды Dimashnews ақпарат агенттігі.
Авторлардың пікірінше, кітаптағы түрлі иллюстрация қазақ тілін үйренуді жеңілдететін көрінеді. Сондай-ақ Қазақстанның көркем жерлерін де таныстырып, еліміздің мәдениетін терең білуге үндейді. Сөздікті қазақ тілі оқытушысы Беглан Шарымбаев құрастырса, иллюстратор Ивона Опара-Стахолец болған. Корректорлық міндет Ула Влодарскке жүктелген. Сонымен қатар қазақ тілі курстарының авторы мен жүргізушісі Тереза Конкол қатысқан.
"Мен жұмысымызды мақтан тұтамын. Димаштың поляк жанкүйерлер клубы оның шығармашылығына қолдау көрсетіп қана қоймай, қазақ тілін кеңінен насихаттайтынын дәлелдеді”, – деп қуанғанын бөлісті Тереза Конкол.
Еске салайық, Димаш Құдайберген жанкүйеріне автограф беруден бас тартқан еді.