Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полиция бөліміндегі күдіктінің өлімі: ШҚО әкімі Мақаншы тұрғындарымен кездесті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов резонанс тудырған оқиға болған Мақаншы ауылының ақсақалдары мен тұрғындарымен кездесті.  Мұнда полиция бөлімшесінде күдікті ер адам көз жұмған еді. Оны полицейлер азаптауы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі. 

Аймақ басшысы қаза тапқан Азамат Оразалының анасы мен жақындарына көңіл айтты.

"Осыдан бірер күн бұрын Мақаншы ауылындағы полиция бөлімшесінде қайтыс болған марқұм Азамат Оразалының анасына, отбасына барып көңіл айттым. Тас түскен жеріне ауыр, сондықтан туған-туыс, бауыр, жора-жолдастарының қайғыларына ортақ екенімізді, бұл жағдай Үкімет басшысының жеке бақылауында екенін жеткізгім келеді", - деді Үржар ауданына жасаған сапарының қорытындысы бойынша Ахметов.

Әкімнің сөзінше, қазіргі уақытта ауданда полиция департаментінің бастығы және облыс прокуроры бастаған арнайы топ жұмыс істеп жатыр.

"Тергеу барысы заң талабына сай, әділ, ашық және жариялы түрде өтеді. Мен алдағы күндері ауданға тағы да келемін. Кінәлі тұлғалар заң бойынша қарастырылған жазасын алады. Кездесуге келген Мақаншы және Қаратұма ауылдары ақсақалдары мен тұрғындарының талап-тілегі де осы", - деп жазды әлеуметтік желіде ШҚО әкімі.

Еске салайық, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылының полиция бөлімшесінде күдікті көз жұмды. Ол мал ұрлады деген айыппен полиция бөліміне шақырылған. Күдіктінің өлімі туралы іс бойынша ішкі істер органдарының үш қызметкері ұсталды. Азаптау фактісі бойынша іс қозғалды.

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by Danial Akhmetov (@danial.akhmetov.official) on

Талқылау