Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полицейлерден қашқан мотоцикл жүргізушісі өлім аузында жатыр

Қызылордалық дәрігерлер бес баланың әкесінің өмірі үшін арпалысуда. Өз мотоциклімен тәртіп сақшыларынан қашқан ол, көшеде келе жатқан өзге көлікке соғылып, тағы екі жасөсіпірімнің ауыр жарақат алуына себепкер болған, деп хабарлайды КТК.

photo_222120

Тәртіп сақшылары алғашқыда оны арнайы бас киімсіз мотоцикл тізгіндегені үшін ғана тоқтатпақ болған екен. Енді арты қайғылы аяқталып, полицейлердің өздері істі болып кетуі мүмкін. Ал олар, қашқан жігіттің сөмкесінен есірткі таптық деп ақталуда.

Тәртіп сақшыларының мотоциклді қуып келе жатқан сәті бақылау камераларына түсіп қалған. Алайда нақты жол апатының көрінісі жоқ. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қатты жылдамдықпен келе жатқан мотоцикл жолай  жеңіл көлікке барып соғылыпты.

“Сағат сол он бір жарым, он бірден өте ғой ойбайлатып милициялар өтті. Ойбай ай, тағы біреуді қуды ау дедік. Сөйтсем мынадай асфальтта бір бала жатыр екен. Аузынан қан кетіп жатыр. Басы жарылған”, – дейді оқиға куәгері Арша Ахметоа.

Алты күннен бері облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінде жатқан 32 жастағы Ердәулет Жүсіповты үйінде бес баласы күтіп отыр. Мотоцикл тізгіндеген оның сол түні тәртіп сақшыларынан неге қашқаны қазір жігіттің анасы мен жұбайы үшін жұмбақ. Дәрігерлердің де оларға айтар сүйінші хабары жоқ.

“Мына бес бала күнде жылайды, маған папамыз қайда, папаға берші сөйлесейін деп. Не істейтінімді  білмеймін. Біз прокуратураға бардық, арыз тастадық,  бірақ ол арызға әлі бірде бір хабар айтылмай отыр”, – дейді зардап шеккен жігіттің әйелі Әсел Жақсылықова.

Ердәулеттің мотоциклі соққан жеңіл көлікте 16 және 17 жастағы  апалы-сіңлілі қыздар болған екен. Енді ол екеуі де алған жарақаттарынан әлі ұзақ емделетін көрінеді.

“Бірінші қызым басынан орташа зақым алған. Дәрігерлермен сөйлесіп жатырмыз, екінші қызым басынан қатты зақым алған, мұрны сынған, ерні жыртылған”, – дейді жарақат алған қыздардың анасы Гүлмира Асанқызы.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, олар жігітті алғашқыда арнайы бас киімсіз мотоцикл тізгіндегені үшін тоқтатпақ болған екен. Алайда жүргізуші бұл талапқа бағынбай жылдамдықты үдете түскен. Тек апаттан кейін заттарын тексергенде, оның неге қашқанын түсіндік деп отыр.

“Тексеру жұмыстары барысында, мотоцикл жүргізушісінің сөмкесінен есірткі құралдары анықталып, аталған дерек ҚР ҚК 296 бабы 2 бөлігімен тіркелді. Қазіргі таңда жан жақты тергеу тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің де заңдылығы да тексерілуде”, – дейді Қызылорда облыстық ІІД  Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Әшім Айтуғанов.

Тек бұған Ердәулеттің туыстары келісіп отырған жоқ. Өздерінің заңсыз әрекеттерін жасыру үшін, ескірткіні желеу етіп отыр дейді олар.

Тағы да оқыңыз:

Қазақстанда дәрігерлердің жалақысы ғаламтордағы науқастардың пікірлеріне байланысты төленеді

Талқылау