"Пышақ ұстаған жігіттер қуалады": Шерзат Полаттың достары сотта оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Видеодан скрин
Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысында марқұм жасөспірімнің достарының тергеу кезінде берген жауаптары көрсетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шерзаттың досы әрі оқиғаның куәгері Нұрдәулет Байтұрсыновтың айтуынша, 3 қазан күні досы Ахмет Махмет және оның бауыры Алдиярмен бірге бильярд ойнап жүргенде, Шерзат қоңырау шалып, көмекке шақырған көрінеді. Алайда кейін қайта қоңырау шалып, барлығы шешілгенін, келмеулерін сұрайды.
"Такси шақырып бара жатқан кезде “келмей-ақ қойыңдар” деді. Таксиге отырып қойғандықтан “бара берейік” деп бардық. Барғанда бір Golf көлігі тұрды. Ол жерде үш жігіт тұрды. Олармен амандасып, біз шетте тұрдық. Артынан Hyundai Accent көлігі келіп, одан да үш жігіт түсті. Амандасып тұрдық. Нұрқанат ағасы “бәрі шешілді, кешірім сұрайды” деді. Артынан Mercedes "Кабан" көлігі келіп, бес жігіт пен екі әйел түсті. Біреуі ішінен “кім менің бауырымды ұрған?” деді. Ахмет “Нұрқанат ағадан сұра” деп еді, жаңағы жігіт Ахметті ұрып жіберді. Ахмет талып қалды. Нұрқанат ағасы жүгіріп келіп, көтеріп шығарды. Алдияр Ахметті алып кетті. Содан кейін “пышақпен келе жатыр, қашыңдар” деді. Нұрқанат аға бір қарағанда жерде жатты. Оны бес-алтауы ұрып жатты. Содан кейін біз қашып кеттік. 350 метрдей жүгірдік. Бұрылысқа жеткенде 5-7 минут тұрып, қайтадан бардық. Папасы машинасымен кетіп қалыпты. Апасын көрдік. Дүкен ашық екен, ішіне кіргізіп, су бердік. Жедел жәрдем, полиция келді", – дейді ол.
Шерзат Полаттың өлімі болған жерге күдіктілердің бірінің танысы болған полиция бірінші келген
"Абзал "ешнәрсе айтпаңдар, бұл біздің "тема" деді": Шерзат сотында тағы екі куәгер жауап берді
Оқиғаның тағы бір куәгері Алдияр Махмет те тергеуде дәл осы оқиғаны айтып берген. Сондай-ақ Алдияр өздерін пышақ ұстаған жігіттердің қуалағанын айтады.
"Абзал Нұрқанатты үш рет ұрды, ол жерге құлап түсті, сосын оны тепкілей бастады. Мен қайтадан айқайладым, сол кезде үш жігіт пышақ шығарып, бізді қуалады. Біз шамамен 350 метр жүгірдік, – дейді куәгер.
Видеода прокурор куәгерден қалай қашып құтылғандарын сұрайды.
"Біз төмен қарай жүгіргенде, пышақ ұстаған үш жігіт соңымыздан қуалады. Олар шамамен 50 метрдей қуды, кейін артта қалды", – деді ол.
Еске салсақ, сот отырысында Шерзаттың ағасы марқұм Нұрқанат Ғайыппаевтың да тергеу кезіндегі видеосы көрсетілген еді. Видеода ол оқиға кезінде Шерзаттың мылтық әкелгенін айтады.