Бишімбаев шартты түрде мерзімінен босауы үшін жәбірленуші тараптың келісімі қажет емес – Адвокат
13 мамырда әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевты болашақта шартты түрде мерзімінен бұрын босату үшін жәбірленушілердің келісімі талап етілмейді дейді адвокат Нұрлан Бейсекеев. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Жоғарғы сот
Дүйсенбіде Бишімбаевқа үкім жарияланғаннан кейін мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, сотталушы қандай жағдайда мерзімінен бұрын босай алатынын түсіндірді.
Айтуынша ол жазасының үштен екісін өтеуі керек. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату соттың құзыретінде. Сондай-ақ шартты түрде босату үшін жәбірленуші тараптың келісімі қажет.
"Егер жәбірленуші тарап келісім беруден бас тартса, сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатпайды", – деп жауап берді Айжан Аймағанова.
Ал адвокат Нұрлан Бейсекеев сотталушының шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына жәбірленуші тараптың қатысы жоқ деп есептейді.
"Мұндай талап (жәбірленуші тараптың сотталғанды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға келісуі туралы) қылмыстық кодекстің 72-бабында да, жоғарғы соттың №6 "жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру және тағайындалған жаза мерзімін қысқарту сот практикасы туралы" нормативтік қаулысында да жоқ", – дейді Бейсекеев.
Жоғарғы соттың бұл қаулысы соттарды жәбірленуші тарапқа сотталған азаматтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш бергенін хабарлауды және олардың осы мәселе бойынша пікірін сұрауды ғана міндеттейді, – дейді құқық қорғаушы.
"Пікір келісім емес. Ал сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану туралы шешім қабылдағанда бұл пікір негізге алынбайды. Басты мән-жайға сотталған тұлғаның келтірілген зиянды толық өтеуі (негізінен экономикалық және мүліктік қылмыстар үшін) және жазасын өтеу кезінде қасақана заң бұзушылықтардың болмауы негіз болады. Бұл факторлар адамның түзеу жолына түскенін және ендігі жерде бостандық құқығын шектеуді қажет етпейтінін көрсетеді.
Осылайша, заң бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдау кезінде жәбірленушінің келісімі талап етілмейді, арызды қарау кезінде оның қатысуына ғана рұқсат етіледі деп түсіндірді Бейсекеев.
Бірақ сот Бишімбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырса, жәбірленуші немесе оның өкілі осы сот актісін жою туралы жоғары сотқа шағым беруге құқылы. Сондай-ақ азаматтық процесте моральдық зиянды өтеу туралы талап арыз бере алады.
"Жалпы алғанда, бүгінде Қазақстанның сот тәжірибесінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға қатысты көптеген кемшілік бар. Көбіне соттар шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартады. Барлық жағдай ескерілмейді және шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдау көбіне субъективті жолмен шешіледі”, –деп санайды адвокат.
Әлем көз тіккен "Бишімбаев ісі" әлі күнге дейін қоғамда өзектілігін жойған жоқ. Атышулы сот процесінен кейін 24 жылға бас бостандығынан айырылған экс-министрдің енді жазасын қай колонияда өтейтіні туралы тақырып қызу талқыланып жатыр. Көпшілік көкейіндегі дәл осы сауалға белгілі заңгер әрі феминист Айгерім Құсайынқызы өз болжамын айтты.
Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова да 16 мамырдағы брифингте Қуандық Бишімбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.