Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлдағы оқиға: Депутат Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамаған 19 сепаратисті қатаң жазалау керектігін айтты

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Петропавлда болған жағдайды қатаң бақылауға алу қажет екенін айтып, премьер-министр, Бас прокурорға және ҰҚК төрағасына депутаттық сауал жолдады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

“19 наурызда Петропавлда 19  сепаратист “Халықтық кеңес” ұйымын құрып, Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялады. Тек қоғамдағы үлкен шудан соң облыстық құқық қорғау органдары “қылмыстық іс қозғалды” деген болар-болмас хабар таратты. Оған дейін жарты ай өткенше, олар қайда қарап келген? Қылмыстық Кодексте мемлекет біртұтастығын бұзуға шақырғандарға қатаң жаза бар. Ал осы қылмысқа барған 19 сепаратист түк болмағандай,  үйлерінде отыр. Ал сепаратизм қаупін алдын ала сезіп, батыл қарсы шығып күрескен марғасқа Марғұлан Боранбай үш жылдан бері тастүрмеде жатыр”, - деді Қазыбек Иса. 

Депутат қазір ұлтшылдықпен емес – ұлтсыздықпен күресетін кез келгенін айтты.

“Бас прокуратура мен ҰҚҚ шұғыл шаралар қабылдауы керек. Ең басты қасиетті құндылығымыз -Тәуелсіздік пен Ұлттық тұтастықты қорғау - ең басты ұлттық міндетіміз.   Жарылғыш затты жасырып қойғанмен жарылмай қалмайды, оны залалсыздандыруы керек.  Ол үшін Тәуелсіздіктің қорғаны – Ұлттық идеология болуы керек. Ұлттық идеология жемісті болуы үшін ең алдымен Ұлттық Ақпараттық қауіпсіздік қажет. Тәуелсіздік идеясына қарсы, сепаратизм вирусын тарататын шет елдік телеарналарға, сайттар тоқтатылуы тиіс”, - деді Қазыбек Иса. 

Оның сөзінше, "Ақ жол" фракциясы бірнеше рет солтүстік өңірдегі қала атауларын өзгертуді ұсынған. 

“Біз талай рет Петропавл мен Павлодарға еліміз атап келген тарихи аттарын қайтаруды ұсынғанымызда билік бізді жау көргендей ыршып түскен еді. Енді міне, жасырған ауыруымыз асқынғанын көріп отырмыз. ”Бос жатқан жер жау шақырады” деген атам қазақ! Кеңбайтақ жеріміздегі аз қазақтың қатарын толтырар алтын қорымыз - шеттегі қалың қандас көшіне шектеу қойғандар, Солтүстікті оңтүстіктен қоныс аударушылармен  толтыру жобасын жолда қалдырғандардың жауап беретін кезі келді. Тәуелсіздік қадірін жат қайдан ұқсын, егер өзіміз, өз билігіміз қала көшелерінен Тәуелсіздік атын алып тастаса? Бұған кінәлі әкімдер әлі былқ етпей орындарында отыр”, - деді Қазыбек Иса.

Осыған байланысты депуттар өз ұсыныстарын айтты.  

1.Ұлттық мемлекет ретінде Ұлттық идеологиямыздың концепциясын тез арада қабылдау қажет!

2.Қазақстанның ұлттық ақпараттық қауіпсіздігін жасап, шетелдік телеарналар мен сайттардың, басылымдардың таралуын шұғыл тоқтату керек!

3.Ұлттық рухымызды көтеру үшін жыл сайын 31 мамырда “Алашқа тағзым” шеруін өткізуге әкімдердің кедергісі тоқтатылсын.

Еске салайық,  бұған дейін өздерін петропавлдық белсенділер деп таныстырған бір топ адам Қазақстаннан тәуелсіздік алғандарын жариялаған еді. 

Талқылау