Петропавлда тісін жұлдыруға барған келіншек орнынан тұра алмай жатыр
Тісін жұлдырамын деп тұра алмай қалды. Дәрігерлердің кесірінен мүгедек болып қала жаздаған петропавлдық Наталья Тимонина Астанада емделуге квота талап етіп отыр. Осыдан үш ай бұрын төрт тісін бірден жұлдырған ол ертеңіне төсектен тұра алмай қалған. Алғашында оны бел ауруынан емдеген дәрігерлер келіншектің қан құрамының бұзылғанын кейін анықтапты, деп хабарлайды КТК.
41 жастағы Наталья Тимонина өздігінен жүріп тұра алмайды. Денесіндегі жаралары іріңдеп, буындарға тарай бастапты. Ауырғанды басатын екпелердің арқасында ғана тірі отырмын дейді ол. Айтуынша бәріне тісін жұлған дәрігер кінәлі.
“Менің мұндай халге түскеніме сол тіс дәрігері кінәлі. Бәрі де тіс жұлдырғаннан кейін басталды. Оған дейін аттай шауып жүр едім. Өзге дертім де болған емес. Денемде де бір жара жоқ, тап-таза болатын”, – дейді науқас Наталья Тимонина.
Келіншек биылғы қыркүйек айында қаладағы стоматологиялық клиникалардың бірінде төрт тісін бірден жұлдырған екен. Оның үшеуі азу тістер. Ертеңіне арқасы ауыра бастаған. Әйелді остеохондроздан емдеген дәрігерлер үш ай бойы нақты диагноз қоя алмапты. Ақыры ешқандай шипа болмаған соң әйелдің қанын тексерген мамандар сепсиске ұшырағанын анықтаған. Яғни қанға инфекция түсіп, қан құрамы бұзылған.
“Әйелдің мүгедек болып қалу-қалмауын мен дөп басып айта алмаймын. Оны емдеу барысында көреміз. Қазір нақты диагноз қойылды, барлық ем шипаны алып жатыр. Ал бұл дерттен өліп қалады екен деген бос әңгіме”, – дейді дәрігер Руслан Әбетов.
Ал, тіс жұлған емхана осынау жайтқа қатысты пікір білдіруден бас тартты. Жапа шектім деген тарап болса, кінәлілерді іздеп бас қатырмаймыз, бастысы, дертке шипа табылса болғаны деп отыр.
“Бұл дерттен жазылу үшін келіншегіме жоғары санатты дәрігерлер мен өте жоғары деңгейдегі медициналық қызмет керек. Астаналық дәрігерлермен хабарластым. Олар көмек қолын созуға дайын. Елордадағы Президент істері жөніндегі басқарманың клиникасына шақырып отыр бізді”, – дейді Наталья Тимонинаның күйеуі Александр Тимонин.
Ал жергілікті дәрігерлердің айтуынша, әйелдің беті бері қарай бастаған. Яғни алып жатқан емі дұрыс деген сөз. Осыны алға тартқан ақ халаттылар елордалық мамандардың көмегіне жүгінуге әзірге негіз жоқ депті.
Жіберіп алмаңыз:
“Көк тудың желбірегені” әнімен танылған әнші кәсіпқой боксқа ауысып кетті (видео)
Алагөзовамын: Баян Мақсатқызы Тұрсынғали Алагөзовке тұрмысқа шықты (фото)
Өте бай көрінеді: Бритни Спирстің визажисті Жұлдыз Әбдікәрімова туралы пікірін айтты