Баланы кешірген: Петропавлда оқушы қыз қағып кеткен соғыс ардагері қайтыс болды
Фото: Отбасылық мұрағаттан
Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Васильевич Макиенко 100 жасына қараған шағында өмірден өтті. Қария қалалық көпбейінді ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дәрігерлер 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізген. Алайда ардагердің өмірін аман алып қалу мүмкін болмады.
Василий Макиенко 1926 жылы 24 қаңтарда Волошинка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы 17 жасында әскерге шақырылып, 44-ші және 142-ші атқыштар полкінде, кейін 317-ші гвардиялық атқыштар полкінде қызмет етті. Соғыстағы ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Кёнигсбергті алғаны үшін" және "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін Василий Васильевич су құбыры шаруашылығында еңбек етіп, кейін 13 жыл бойы техникалық жабдықтау басқармасында басшының орынбасары қызметін атқарды. Ол төрт қыз, сегіз немере және алты шөбере тәрбиелеп өсірген.
Шымкентте еріктілер 92 жастағы тыл ардагерін тарақан мен қоқыс басқан пәтерден тапты
Қайғылы жағдай биыл 20 сәуірде болған. Василий Макиенко серуендеуге шығып, әдеттегідей көгершіндерді тамақтандыруға барған. Жол қиылысында ол жүгіріп өтпек болған тоғыз жастағы мектеп оқушысымен соқтығысып қалады. Ардагер құлап, жамбас сүйегі сынған.
Ауруханаға жатқаннан кейін Макиенко травматология бөлімінде жатты. Кейін жансақтау бөліміне ауыстырылды. Дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, ардагерді аман алып қалу мүмкін болмады.
Кейін қыз бала қарт кісіні байқамағанын және онымен соқтығысқанын түсінбегенін айтқан. Келесі күні ол анасы екеуі ауруханаға барып, гүл апарып, Василий Макиенкодан кешірім сұраған. Ардагер оларды кешірген.
Оқиға бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы "Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
"Полиция Ұлы Отан соғысының 99 жастағы ардагері Василий Васильевич Макиенконың ауыр жарақат алуының мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізді. 20 сәуірде оның ауруханаға түскені туралы хабар келіп түскеннен кейін, полиция қызметкерлері болған жайттың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерін жүргізді. Тексеру барысында оқиғаның қатысушылары мен куәгерлері анықталды, оқиға Петропавл қаласындағы Назарбаев пен Мұсрепов көшелерінің қиылысында болғаны белгілі болды. Куәгерлердің түсініктемелері мен оқиға жағдайлары егжей-тегжейлі зерделенді," – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс кәмелетке толмаған қатысушының әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.
"9 жастағы қыз бала қылмыстық жауапкершілік жүктелетін жасқа толмаған", – деп түсіндірді полиция өкілдері.
Айта кетейік, 5 мамырда Петропавлда ҰОС тағы бір ардагері Валентина Волкодав қайтыс болған еді. Қазір Солтүстік Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғаз ғана адрагер қалды. Ол — Федор Щеглов.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
