Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда 13 жасар бала жарылғыш граната тауып алды

Солтүстік Қазақстан облысында 13 жасар бала картоп отырғызып жатып, бақшасынан соғыстың гранатасын тауып алды, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оқиға Қызылжар ауданының Вагулино ауылында болды.

"Картопты отырғызар алдында бақшадағы топырақты қопсытып, жерді дайындамақ болған 13 жасар жасөспірім гранатаға ұқсайтын тот басқан сопақ темір тауып алған. Баланың жанында анасы болған. Анасы балаға табылған затты көршілерінің біріне апарып бер деп айтады. Артынша олар полиция шақырған", - деп хабарлады полиция департаменті. 



Бомбалаушылар келгенге дейін аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аумақты қоршауға алып, адамдарды 500 метр радиустағы үйлерден эвакуациялады. Табылған зат арнайы контейнерге салынып, зерттеуге жіберілді. Кейіннен қауіпті нысан әскери бөлімнің полигонында жойылады.

"Арнайы іс-шаралар кезінде бұл қол граната екендігі анықталды. Болжам бойынша, бұл бірінші дүниежүзілік соғыс пен Азаматтық соғыста кеңінен қолданылған Mills сынық гранатасы”. - деді аудандық полиция бөлімінің басшысы, полковник Әлихан Байқадамов.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 24 Мамыр, 2021 14:16
Талқылау