Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда 40-қа жуық көпқабатты үй газсыз қалды

Петропавлда көпқабатты 39 үйдің 3 мыңнан астам пәтері газсыз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Облыс орталығын газбен қамтитын кәсіпорын аязға төзімді сұйық отын алмағандықтан, ол қайта-қайта қатып қалып жатыр.

"Горгаз-сервис" ЖШС мәліметінше, 12 желтоқсан күні 39 көпқабатты үйдің 3063 пәтері көгілдір отынсыз қалды. Оған себеп – аязға бейімделмеген сұйық отын қатып қалған. 

"Стандарт бойынша жаз уақытында "техникалық пропан-бутан қоспасы" маркасы қолданылады. Қыста газгольдерлерге "техникалық пропан" құйылуы тиіс. 

"Техникалық пропанды" серіктестік жалғыз жеткізуші, шетелдік инвестор "Тенгизшевройл" ЖШС-ден коммерциялық бағамен жабық тендерде алуға мәжбүр. Елімізде газдың бұл түрі аз болғандықтан, оның бағасы жазғы газға қарағанда анағұрлым жоғары. Тамыз айында СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті "Горгаз-сервиске" сұйытылған газдың тұрғындарға топтық резервуарлық қондырғы арқылы берілетін бағасын арзандатты. Осылайша Департамент "Техникалық пропанның" құнын "Техникалық пропан-бутан қоспасымен" теңестіріп тастады. Салдарынан ЖШС 4 айдан бері коммерциялық тендерде қыстық газды ала алмай отыр", – дейді "Горгаз-сервис" ЖШС өкілдері. 

Серіктестік Департаментті СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына беріп, жеңіп шықты. Бірақ уақыт өтіп кетіп, олар қысқы газдың қорын жасай алмаған. 

"Аяз басталғалы біздің қызмет күні-түні -30 градуста далада жұмыс істеп жатыр. Өйткені қысқа шақталмаған бензин қатып қалды. Қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Жақын арада кезекпен, техникалық мүмкіндікке қарай береміз", – дейді мамандар. 

Еске салсақ, осыған дейін Атырау облысы Кудряшово ауылының тұрғындары газ бағасының 10 есе қымбаттағанына наразылық білдіргені туралы жазған болатынбыз. 

Талқылау