Петропавл тұрғыны мессенджер арқылы келісімшарт жіберген алаяққа 4 миллион теңге аударған
Петропавл тұрғыны 4 миллион теңге несие алып, алаяққа аударып жіберген. Әйелдің сөзінше, қауіпті біле тұра, алаяқтың мессенджер арқылы жіберген банк келісімшартына сеніп қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
"Әйелге Halyq банк қызметкері деп танысқан алаяқ қоңырау шалған. Ол әйелдің атына белгісіз біреулердің 4 миллион теңге несие алғалы жатқанын айтып, операцияны тоқтатуды ұсынған. Нәтижесінде жапа шеккен әйел алаяқтың WhatsApp арқылы жіберген "несиенің күшін жою туралы келісімшартына" сеніп қалған", - деп түсіндірді полициядағылар.
Мессенджерге жіберілген PDF-сурет шынайы құжатқа ұқсас әрі банк логотипімен болған. Қылмыскерге сенген әйел операцияны тоқтату үшін 4 миллион теңге несие алған.
Қаржыны алаяқ айтқан "сақтық есепшотына" аударған. Тек бұдан кейін ғана ол келісімшартта аты-жөнінің де көрсетілмегенін байқаған. Өзінің алаяқтың құрбаны болғанын түсінген әйел бірден полицияға хабарласқан.
"Полицейлер жүргізетін ғаламтор алаяқтарының профилактикасы өз жемісін беруде. Дегенмен алаяқтар құрбанының сеніміне ену үшін жаңа әдістер ойлап табады. Ең алдымен, олар адамдардың жеке ақпараттарын иемденіп, қаржысын алады немесе олардың атына несие рәсімдейді", - деп түсіндірді Петропавл қалалың полиция басқармасының полковнигі Жандос Мухатов.
Полицейлер еш уақытта жеке ақпараттарды бейтаныс азаматтарға айтуға болмайтынын ескертті.
Сонымен қатар телефон арқылы хабарласқан жаңдардың айтуымен қаржылық операцияларды жүзеге асырмау керек. Егер күдіктенсеңіз, банк филиалына хабарласқан абзал.
"Банк қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмын" десе, әрі қарай сөйлесудің мәні жоқ екенін айтады.
Айта кетейік, бұған дейін азаматтардың еңбек министрлігінен деп хабарласқан аляқтарға алданғаны жөнінде хабарлаған едік.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
