Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Петропавл маңындағы саяжайларды су басты


Видеодан скрин

Петропавл маңындағы саяжайларды су басты. "Искра" мен "Есілдің" аумағындағы жер үйлерге су кірген. Баспанасын тасқын басқан тұрғындар не істерлерін білмей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Олар жергілікті билік көмек көрсетуден бас тартты дейді. Елена Ремигайлоның жалғыз баспанасы су астында қалған. Қазір келіншек үйінде толарсақтан су кешіп жүр. 

"Қыс бойы үйіміздің маңынан балшықтан бөгет көтерді. Сонда үйлеріңізге су келмейді деп сенімді түрде айтқан. Сонда миллиондаған қаржы далаға кетті. Енді мына үйде қалай тұрамын. Не істеймін енді?” – дейді саяжай тұрғыны Елена Ремингайло.

Ал Роза Садықова тірнектеп жинаған қаржыма салған жалғыз үйім суға кетті деп қапалы. Зейнеткер дер кезінде шара қолданбаған жергілікті билік өкілдерін кінәлайды.

"Қартайған шағымызда үйді қалай жөндейміз. 2017 жылы бір жөндедік. Былтыр төбесіне дейін суда тұрды. Онда 4 миллион теңге көмек ретінде берді. Оның өзі де жетпеді. Енді биыл жөндеуге әліміз де, ақшамыз да қалмады”, – дейді Роза Садықова.

Ал қала билігі тасқынға тосқауыл болатын жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын айтады. Тіпті, аймақ басшысының өзі күні-түні жағдайды бақылауына алды деп отыр.


Орал тұрғындарын су тасқынына байланысты қауіпсіз жерге көшіріп жатыр


"40-тан астам саяжай жалғыз баспана деп танылған. Оның төртеуіне су кірді. Ал 10 шақты үйдің ауласында ғана жеткен. Бұл мәселе жыл бойы айтылды. Өткен жылы демеушілердің арқасында ғана осы саяжайларды жөндеуге қаржы бөлінді. Биыл ондай болмайды. Бірақ заңда жалғыз баспана деген ұғым жоқ екенін түсіну керек. Сондықтан ешқандай көмек көрсетілмейді”, – деп мәлімдеді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Жергілікті биліктің мәліметінше, Петропавлдағы жеті жарым мың тұрғыны бар саяжай Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Олар су астында қалған жағдайдың өзінде көмек көрсетілмейді деп ашық айтты. Қазір құтқарушылар мен әскерилер тасқынның үшінші толқынына төтеп беру үшін барын салуда.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысындағы сегіз елдімекенге су тасқыны қаупі төніп тұр.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 28 Сәуір, 2025 22:51
Талқылау