Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылды

Фото: 01pk Instagram парақшасынан алынды

Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Перизат Қайрат пен анасының апелляциялық шағымын қарады. Нәтижесінде үкім өзгеріссіз қалдырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру айыбымен сотталған еді. Олар бірінші сатыдағы соттың үкіміне апелляциялық шағым түсірген.

Апелляциялық шағымды Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарады. Отырыс аралас форматта өтті. Сот отырысында сотталғандар мен олардың адвокаты онлайн режимде қатысып, уәждерін жеткізді.


"Оны кінәлі деп есептемеймін": Перизат Қайраттың адвокаты соттың неліктен жабық режимде өткенін айтты


4 автокөлік, 4 пәтер мен жеке үй: Перизат Қайраттың мүлкі аукционда сатылады


Прокурор Перизат Қайрат пен анасының қазір қайда екенін айтты


Нәтижесінде судья бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырып, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырудан бас тартты. 

"Сот алқасы апелляциялық шағымдарды тыңдады. Сондай-ақ процеске қатысушылардың пікірлерін, прокурордың қорытындысын қарап, қылмыстық істің материалдарын зерттеді. Нәтижесінде, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 431-бабы 1-бөлігінің 1-тармағын (Апелляциялық саты қабылдайтын шешімдер), 443 (Апелляциялық үкімнің, қаулының мазмұны) және 444-баптарын (Апелляциялық үкім, қаулы шығару және олардың заңды күшіне енуі) басшылыққа ала отырып шешім шығарды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылы 25 шілдеде Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты шығарған үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Адвокат пен сотталғандардың апелляциялық шағымдары қанағаттандырылмасын. Бұл қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді", – деді судья. 

Еске салсақ, 25 шілдеде судья Сабыржан Кәрімов Перизат Қайратты кінәлі деп танып, оны 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Оның анасы да кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сот залында қамауға алынды. Сотталғандар жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді. Тергеу деректері бойынша, 47 адам жәбірленуші ретінде танылған.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 24 Қыркүйек, 2025 18:11
Талқылау