"Балам өзін қауіпсіз сезінуі үшін 5 миллион төлеймін": Астаналық ата-ана "Нұрорда" жекеменшік мектебіндегі буллингке шағымданды

Фото: 2GIS
Астанадағы “Нұрорда” жекеменшік мектебінің төңірегінде жанжал шықты. Оқушының анасы мектепте буллинг өршіп тұрғанын, ал мектеп әкімшілігі ешқандай шара қолданбайтынын айтты. Алайда Stan.kz тілшісі мектеп әкімшілігінен жағдайды сұраған кезде білім ордасы мұны жоққа шығармақ болды.
Астанада Альбина Атен АҚШ-тан оралған соң, ұлын жекеменшік ақылы мектепке берген. Алайда оқу жылының алғашқы күндерінен бастап баласы мектепте өзін ыңғайсыз сезініп, басқа оқушы тарапынан буллингке ұшырағанын айтып шағымданған.
“Алғашында “мән берме, ол баладан алыс жүр, бірақ төбелеспе” деп мән бермедім. Сыныптасы күнде құлағына шыңғырып, асханада отырған кезде бетіне кекіріп, анайы әрекеттер жасайтынын айтты. Сол үшін сынып жетекшісінен балалармен сөйлесіп, мәселені шешуді сұрадым. Бірақ ағайы шеше алмады, себебі оқушы баламнан кешірім сұраған жоқ, сол әрекетін жалғастыра берді. Кейін сынып жетекшісі мәселені шеше алмайтынын айтып, “өзіңіз сол ұлдың анасымен сөйлесіңізші” деді. Жарайды деп анасына хабарласып, жұмсақ түрде ұлымен сөйлесуін сұрадым. Алайда анасы “ұлыңның ісіне араласпа” дегендей өзіме ауыр сөздер айтты. Екеуміздің бала тәрбиесі туралы түсінігіміз екі түрлі болғандықтан, әрі қарай әңгімені жалғастырмадым”, – деді ана.
Альбина Атен мектеп әкімшілігіне жүгініп, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, мәселенің шешімін табуды талап еткен. Десе де келесі күні ұлының құлағына кекіріп, оған тағы да сондай әрекеттер көрсетілген.
“Менің ұлым олимпиадаларға қатысады, математик, сабағын жақсы оқиды, төбелеске қызықпайтын бала. Оның қауіпсіздігі үшін біз мектепке 5 миллионға жуық қаражат төлеп отырмыз. Оны соғысқа не бокс турниріне жіберген жоқпын. Ондай жерге жіберсем дайындар едім. Ол мектепке бір баланың құлағына кекіргенін, айқайын есту үшін емес, оқу үшін барады. Не сынып жетекшісі, не мектеп әкімшілігі осы мәселені шеше алмаған соң, балам хабарласып, сыныптасының тағы тиісіп жатқанын айтқан соң, ақыры мектепке өзім баруға мәжбүр болдым. Баламен сөйлесуге тырыстым. Директорға арыз жаздым. Бірақ жабулы қазан жабулы қалды. Балама оған тиіскен сыныптасынан кешірім сұратты. Өте қызық. Осындай жағдайлардан соң баланың әділет туралы ойы мүлде өзгеріп кетеді емес пе? Олармен сөйлесу нәтижесіз болғандықтан, баламды басқа мектепке ауыстыруға шешім қабылдадық. Енді ешқашан ол мектеппен байланыс болмағанын қаладық”, – деді ол.
Амалы таусылғандықтан, Альбина ювеналды полицияға жүгініп, баланы сабаққа жібермеген. Сол күні директор үйге келіп, мәселені шешемін деп тағы уәде беріпті. Алайда сол күні ұлы мектептен жылап оралған.
“Ұлым келіп, “неге менен кешірім сұратқызды?” деді. “Мен не істедім?” деп жылады. Сол үшін мектептен видеожазбаларды сұраттым. Бірақ маған бермей қойды. Ақыры баламның мектебін ауыстыруды шештім”, – деді ана.
Сөзінше, ювеналды полиция тек әңгімелесу жұмысын жүргізген. Яғни баланың анасы мен өзінен ғана түсініктеме алыпты, психолог мамандар тартылмады дейді. Альбина Атен бұл жағдай басқа балалардың да басынан өткенін айтады. Айтуынша, алғашында олар да шағымданып, кейін арыздарын қайтып алған. Ол мұнда бір шикілік бар деп санайды. Ана мектептің екі бала арасындағы мәселені шеше алмай, оны үлкен дауға айналдырып жібергендеріне наразы.
“Буллинг балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы мен әл-ауқатына орны толмас зиян келтіреді, оқуға кері әсерін тигізеді, қоғамнан оқшаулануға, психикалық бұзылуларға әкеледі. Мемлекет балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз етуі керек. Буллингті мәңгілікке жою керек", – деді Альбина Атен.
2Gis қосымшасында да білім ордасындағы буллинг қозғалған.
“Буллинг өршіп тұрған жер. Мұғалімдердің өзі оқушыларды бір-біріне қарсы қояды. Менің балам әлі сол мектепте өткен күндерін жек көреді. Тәрбиесіз бетпақтарға арналған орын”, “Күзетшілер уақытында кетпесең, сөмкеңнен ұстап, желкелеп шығарады. Бұрын оқығам” делінген пікірлерде.
“Нұрорда” мектебінің әкімшілігі тілшімізге берген жауабында ата-ананың мәлімдемесін жоққа шығарды.
"NURORDA" мектебі – құндылыққа негізделген оқу орны. Біз оқушылардың қауіпсіздігі мен психологиялық амандығын басты назарда ұстаймыз. Әр баланың жан-жақты дамуы үшін "мектеп–ата-ана–оқушы" үштігіне сүйеніп, жүйелі жұмыс жүргіземіз. "NURORDA" мектеп-лицейі буллингке мүлдем жол бермейді. Біз үшін балалардың қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін қорғау – ең жоғары әрі берік ұстаным. Мектеп әкімшілігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды. Оқушылар арасындағы түсінбеушілікке сынып жетекшісі мен мектеп мамандары дер кезінде араласып, мектептің ішкі тәртібіне сай қажет шараларды атқарды, екі тарапты татуластыру жұмыстарын ұйымдастырды”, – делінген хабарламада.
Мәлімдеулерінше, құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты материалдармен танысып, екі тараптағы ата-аналардың арыз шағымдары бойынша құқықтық баға береді.
"9 жаста етеккірі келіп, мастурбация жасайды": Қазақстандық ата-аналар балаларындағы ерте жыныстық жетілу белгілеріне алаңдаушылық білдірді